Жоғалып, табылған сурет
Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен жауынгер Мұқан Оспантаевтың суреті арада 80 жыл өткенде табылып, оның ұрпақтарына көл-көсір қуаныш сыйлады. Жоғалып кеткен бұл естелік сурет жақындарын сағынған жүректерге үміт отын жақса, ендігі тілек – осы фотода бейнеленген жауынгерлердің майдандастары немесе ұрпақтары табылып, тағы бір тарихи байланыс орнаса екен.

Назарларыңызға ұсынылған суретте әкеміздің інісі Мұқан Оспантаевтың 1939 жылы Қызыл Армия қатарынашақырылып, бір жылдан кейінгі әскери қызметінде түскен сәті бейнеленіпті. Жанындағы елден бірге шақырылған сол жақтағы қызықл әскер – Рахметолла Тасырақов.
Бұл екі азамат бұрынғы Қу ауданы Балықтыкөл селолық советінің аумағынан Қарқаралы аудандық комиссариятынан шақырылған. Елге қайтар алдында Ұлы Отан соғысы басталып кеткендіктен қос жауынгер Солтүстік-Батыс майданында хабарсыз кеткен еді. Ал, ата-анасының қолында осы фотосуреттің бір данасы, елуінші жылдардың ортасына дейін болып, жоғалып кетіпті. Өзіміз де тым жас болдық та, еш нәрсеге мән бермей жүрген кезімізде әкеміздің екі інісінің біреуінің қаза тауып біреуінің хабарсыз кеткенін айтып күйзеліп отырғанын талай мәрте естіп көріп жүруші едік.
Кейінірек әкеміздің айтуы бойынша Мәскеу, Ленинград қалаларындағы және Мәскеу облысы Подольск қаласындағы Қызыл Армия, Соғыс Теңіз флотының мемлекеттік архивіне бір хабарласар деген үмітпен бірнеше іздеу хаттарын жолдадық. Сөйтіп жүріп Әбдіқан Оспантаев деген ағамыздың деректері шығып қашан қаза тапқаны туралы хабар келді. Яғни, Қарағанды облысының «Книга памяти» атты еңбегінің екінші томы. Ал, інісі Мұқан Оспантаев туралы тек қана «в списке погибших без вести пропавших не числиться» деген жауап алдық.
Мұқан ағамыздың қолымызда суреті болмаған соң облыстық яки республикалық деңгейлердегі баспасөз бетіне ұсына алмадық. Есесіне ізденіп жүріп, 1915 жылы облыстық архив жүйесінің қызметкерлері басыр шғарған «Ер есімі – ел есінде» деген кітапта ағамыздың есім-сойын хабарсыз кеткендердің тізіміне енгізген едік. Осы жақында Астанада тұратын жиеніміз Ғалия Хасенова сүйіншісін сұрап, Мұқан ағамыздың суреті табылғандығын айтып аталған сырлы суретті ватсап желісі арқылы жолдады.
Фотосурет Қарқаралы ауданы, Қоянды ауылының тумасы Олжабай Тасырақов атамыздың немересі Сағынбайдың қолында болып шықты. Олжабай ата ағамыздың сол жақ жанында тұрған Рахметолланың туған ағасы. Ол кісі де ағамызбен бірге соғыс даласында хабарсыз кетті. Енді мінеки Ұлы Жеңістің 80 жылдығында ағамыздың мүбәрәк бейнесін көріп өмірден өтіп кеткен ата-аамыз, жалғыз қарындасы Қатира да, өзге туғандары көрмесе де біз соңындағы қалған үрім-бұтағы қауышып отырмыз.
Ендігі бір ойымыз осы суретті газет бетінен көрген ағаларымыздың бірге шақырылған һәм бірге әскер қатарында жүрген, майдандастары болса, немесе Республика төңірегінде жүрген ұрпақтары болса, хабарласса жақсы болар еді деген ізгі ниетіміз бар.
Төлеу ЖАҢҒАЛОВ,
еңбек ардагері