Жаңалықтар

Жинақ – оқырман қолында

    Былтырғы жыл соңында «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» энциклопедиясы жарыққа шықты. Жаңа жинақ туралы сүйінші хабарды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті биылғы алғашқы санында оқырманға жеткізген еді. Бүгін сол жинақтың құрастырылуына атсалысқан адам ретінде білгенімізбен бөлісудің реті келіп тұр.

Бұдан үш жыл бұрын облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы, қазіргі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағанбетовтің басшылығымен облыс өңіріндегі білім беру мекемелерінің даму тарихын, ұстаздар армиясының сіңірген еңбектері, жеткен жетістіктері және алған атақтары туралы мәліметтер жинап, анықтамалық кітап шығару қолға алынған болатын. Құрамында Б.Әдекенова, Т.Кулагина, Г.Оразғұлова, Т.Әміртайұлы, Р.Сәбитова, Д.Садыбекова, З.Жомартова, Р.Қойлыбаева және осы жолдар авторынан тұратын шығармашылық тобы құрылды. Кейін басылымның жауапты редакторлығына ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Аман Жанғожин тағайындалды.

Кітапты құрастыру оңай болған жоқ.Облысымыздың ұлағатты ұстаздары туралы мәліметтер бір жерге жиналмаған екен. Шашыраңқы, мектептердің өзінде де сол мектепте істеген ұстаздар туралы деректер жүйеге келтірілмепті. Архивтер ақтарылды. Аға буын ұстаздар туралы мәліметтер іздестірілді. Табылған мәліметтер толық емес болды. Оның үстіне жиналған мәліметтерді бір томға сыйдыру мүмкін емес екендігі анықталды. Сондықтан, кітапты қолда жиналған материалдар бойынша құрастыру жұмысы жүргізілді. 600 беттен тұратын бұл томға облыста білім саласының дамуы туралы бірнеше очерк және жеке тұлғалардан 1417 адам енді. Қалғандарын түгендей отырып, реттеп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп, келесі томға қалдыру керек деп шешілді.

Кітапта, сондай-ақ, Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейханұлы және облыстың ағарту ісінде іздері қалған Ахмет Байтұрсынұлы (Қарқаралы уезінің мектептерінде мұғалім болып, Ақтерек мектебін басқарған), Әлімхан Ермеков (Қарқаралыда екі сатылы мектеп және педтехникум ашқан), Сәкен Сейфуллин (еңбек жолын Нұра ауданының Ахмет ауылында мұғалім болып бастаған) сияқты тұлғалардың өмірдеректері арнайы «Ұлы ағартушы-педагогтар» деген тақырыппен берілген.

Өлкемізде білім жүйесінің қалыптасуын зерттеу барысында Кеңес Одағының Батыры Қазбек Нұржановтың Ақтоғай ауданының «Қоңырат» колхозында мұғалім болғандығы, сталиндік қуғын-сүргін құрбандары – Имам Әлімбеков, Маннан Тұрғанбековтің Қарқаралы педтехникумында, мектептерде қызмет атқарғандықтары, соғыс жылдары облыстың білім бөлімін басқарған алғыр ұстаз Екатерина Касацкаяның кейін Павлодар облысында істеп жүргенде «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» құрметті атағына ие болғандығы анықталды. Облыстың білім беру жүйесін басқарған азаматтардың толық тізімі жасалып, қазіргі ұрпаққа беймәлім кейбір мәліметтер келтірілді.

Кітап облыстың білім беру жүйесінің тарихынан қара және түрлі-түсті фотосуреттермен әсем безендірілген. Жалпы айтқанда басылым мазмұнды, жалпыға түсінікті тілмен жазылған. Оқырмандар одан өздерін, не өздерін оқытқан мұғалімдерін, жақын ағайын-туыстарын кездестіруі әбден мүмкін. Сүйіспеншілікпен еске алуы сөзсіз. Білім беру саласын жан-жақты қамтығандықтан, бұл туынды тарихи-танымдық энциклопедия деп аталды.

Атап өтейік, кітап шығарушылардың ұсынысымен «Энциклопедия – әлеуметтік көмекке жақсылық жаса» акциясына қосылып, бір данасына төлейтін он мың теңгеңізді «Мейірімділік», «Сәби», «Дара», «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз», «АСАР» және «We help» қайырымдылық қорларының біріне аударсаңыз, Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы тарапынан кітапқа және осы қорлардың Құрмет грамотасына ие боласыз.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,

ардагер ұстаз.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button