Бас тақырып

Жігер мен рухты тоғыстырған

Қарағанды спортының бәсі басым екені ежелден мәлім. Жер-жерге, ел-елге аты шыққан Арқа абадандарын әлем таниды десек, артық емес. Танымал спортшыларды былай қойғанда, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жеткен жетістіктері мен марапаттары жанкүйерін сүйсіндіреді. Естеріңізде болса, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жүзу бойынша Әлем кубогының кезеңдерінде қарағандылықтар 37 медаль, оның ішінде, жеті алтын еншілеп, ел абыройын асқақтатқан еді.  

Руслан Ищанов
СУРЕТТЕ: 2017 жылғы сурдлимпиада чемпионы Аян Әбдіраш және бапкері Руслан Ищанов.

Сонымен, Венецияда өткен турнирдің бірінші кезеңіне алты қарағандылық қатысты. Олардың үшеуі – Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев пен Әлия Рахымбекова қатарынан кубоктың екі кезеңінде бақ сынап, Венеция мен Берлинде жарыс­ты. Осылайша спортшылар 20 медаль, оның ішінде, 2 алтынды Италиядан алып келді. Тағы 17 медаль, оның ішінде, бес алтын – Германиядан еншілеген олжа.

Расында, қарағандылық паражүзушілер әзірге алдына қара салмай тұр. Қазіргі таңда Қарағанды қаласында 144 паражүзуші бар. Оның біразы жыл сайынғы жарыстарда алға шығып, абырой жалауын жыққан жоқ.

Тек жүзуде ғана емес, өзге де спорт түрінде облыстың параспортшыларының бағы жанып тұр. Бүгінгі күні қарағандылық параспортшылар саны 383-ке жеткен. Олар жүзу, жеңіл атлетика, таэквондо, армрестлинг, пауэрлифтинг, дзюдо, оқ ату, голбол, арбада отырып билеу, волейбол (отырып ойнау), үстел теннисі, дойбы, тоғызқұмалақ, шахматтан жүлдегерлер.

– Елді әлемге танытқан Наталья Звягинцева, Сергей Кинах, Роман Потапов­тар бастаған жүзушілер. Дастан Мұқашбеков, Руфат Хабибуллин, Тоқтар Жақыпов секілді жеңіл атлетика сайыпқырандарының өзі – бір әңгімеге арқау. Ал, нағыз қара күштің иесі Никита Ермаков пен Игорь Малетиндар армрестлингтің бүгінгі жарық жұлдыздары десем болады. Оған кешегі 2017 жылғы сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы, таэквондошы Аян Әбдірашты қосыңыз. Осы ұл-қыз­дарымыздың мүмкіндік шебін бұзып, «қалауын тапсаң, қар жанатынын» дәлелдегендей-ақ. Бұл спортшылар тағдырға мойынсұнбаған қайсар жандар, – дейді облыстық мүгедектер спортына мамандандырылған мектеп басшысының орынбасары Жанат Жұмабеков.

Маманның сөзінің жаны бар. Өмірге осынша құштарлықтың бұл көрінісіне сүйсінеміз. Олардың жетістігі мұнымен шектелмек емес. Біздің параспортшылар ұлттық құрама сапында Португалияда өткен IWAS Дүниежүзілік ойындарында қатысып, 26 медаль жеңіп алғаны тағы бар.
Арбаға таңылғандар мен мүгедектер арасындағы жарысқа әлемнің 34 елінен 500-ге жуық параспортшы қатысқан болатын. Жарысқа Қазақстан атынан үш спорт түрінен 27 спортшы атсалысты. Олар – пауэрлифтинг, жүзу және жеңіл атлетика. Жеңімпаз атанғанның жетеуі – Қарағанды облысының спортшылары.

18 жастағы Игорь Хлыстов осы жылдың мамыр айынан бастап, жүгіріске ден қойған екен. Дүниежүзілік параспортшылар ойынында ол 100, 200 және 400 метр қашықтықты еңсеріп, екі қола медаль жеңіп алды. Бұл жігіттің тағдыры ерекше. Олай дейтініміз, жас спортшының туғанынан қос қолы жоқ. Алайда, ол бұған мойыған емес. Спорттың қай түрі болмасын өзін сынауға сақадай сай.

– Мен қолсыз дүниеге келдім, оларды аяқтарым алмастырды. Кәдімгідей ел қатарлы мектепте оқыдым. Қазір «Болашақ» колледжінде, денешынықтыру және спорт факультетінде білім алып жатырмын. Әрине, ауқымды жарыстарда маған біршама қиын болды. Өйткені, бұрын-соңды мұндай сайыстарға қатысқан жоқпын. Тәжірибе де аз. Бірақ мен барымды салып тырыстым. Нәтижесіне халық куә, – дейді Игорь Хлыстов.

– Қазіргі таңда Үкіметтен арнайы көмек беріліп жатыр. Жеңімпаз атанып, жарыстарда нәтиже көрсеткендерге, тіпті, арнайы стипендия тағайындалып, сыйақы беріледі. Ал, спортшылардың сапарына, жатын орны мен тамағына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық дайындық орталығы мен денешынықтыру және спорт басқармасы қаражат бөледі. Сонымен қатар, олардың жаттығу залдары да өздеріне ыңғайлы әрі тиімді. Онда шомылатын және демалатын арнайы орындар да қарастырылған. Барлық жаттығу залдарының кіреберісінде брайль жазулары бар. Арнайы пандустар, қоңырау мен арнайы жолдар да орнатылған, – деп атап өтті Жанат Қуанышұлы.

Облыста осындай қамкөңіл жандардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын спорт нысандарын салу жалғастырылуда. Жұмыс істеп тұрған спорт кешендері мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген. 68 ірі спорт кешендерінің 15-і яғни  22 пайызы – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаттығу алаңдары.  Алдағы уақытта қалған ғимараттардың да құрылысы кезең-кезеңімен аяқталады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен 13 ірі спорт ғимаратының құрылысы тәмамдалды. Онда мүгедектерге арналған пандустар, тактильді жолдар мен қосымша құрылғылар орнатылған. Сонымен қатар, облыс қалалары мен аудандарындағы 595 спорт алаңы мен көпфункционалды хоккей корты мүгедек жандар үшін қолжетімді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорт ғимараттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету  жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауға алынған.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button