РесмиСайлау – 2022

Жібек КАМАЛИ: «Сайлаудан күтеріміз – заманауи үдеріс»

Алдағы сайлаудан қарапайым халықтың күтері мол. Шыны керек, халық нақты іске көшетін кезді көптен күтуде. Ел Президенті Қасым­Жомарт ТОҚАЕВ биылғы «Әділетті Мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі Қоғам» Жолдауында нақты реформалар бағдарын анықтап берді. Бұл – ел тарихындағы ұлы өзгерістер бастауы. Осыған орай Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Жібек КАМАЛИМЕН сұхбаттасқан едік.

– Жібек Камалиқызы елімізде осы жылдың 20 қарашасына кезектен тыс Президент сайлауы белгіленді. Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болады деп жатырмыз. Сіз қалай ойлайсыз?

– Алдымен біздің қазіргі жағдайға назар салсақ, саяси тұрғыдан да, экономикалық өсу жағынан да біршама өзгеріс бар. Бұл сол алға басатын жаңа қадамның алғышарты деп білемін. Мемлекет басшысының да сайлауға қатысты міндеттеген заңнамалары сол жаңа лепке ұштасып отыр.

Жалпы, Президент тарапынан жасалған қадамдардың бәрі – халық игілігі үшін. Өздеріңіз білетіндей, әлемді шарпыған пандемияға байланысты қиындықтар өте көп. Оны шешу жолдары да оңайға түспесі анық. Антикризистік жобаларды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін стратегиялық жоспарлар мен реформалар агенттігін құру бойынша тапсырма берілді. Мұның өзі – халық жағдайына қарасқан мәселе. Сондықтан алдағы сайлау халық үміттенгендей өзгеше болады деген сенімдемін. Өзгеріс халық мүддесі үшін демекпін.

Биылғы Жолдауда Қазақстан халқының әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту үшін қабылдануы керек нақты шаралар атап көрсетілді. Елімізді ғана емес, бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індеті ел экономикасына өз зиянын тигізбей қоймады. Сондықтан да болар, Президент шағын және орта бизнеске берілетін барлық несиелер бойынша 6 пайызға дейінгі үстемақыны мемлекет есебінен субсидиялау туралы тапсырма жүктеді.

Жолдауда Үкіметке жұмыс берушілерді жалақы қорын көбейтуге ынталандыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Болашақта оң шешімін тауып орындалса, мұның халық үшін жағымды жаңалықтардың бірі болары анық. Себебі, депутат ретінде халық тұрмысымен етене жақын жандардың бірімін. Ел экономикасының дамуы қашанда қарапайым тұрғындардың әл-ауқатының өсуінен көрінеді. Ал, тұрғындардың әлеуеті ең әуелі олардың табыс көлемінің артуына байланысты екені анық. Жолдау жүктеген міндетке сай алдағы уақытта бұл мәселе де біржақты болуы тиіс. Қысқасы, сайлаудан күтеріміз – заманауи үдеріс.

– Президент өкілеттігі 7 жылға ұзартылды және бір реттік мерзіммен шектелді. Осы мерзімде жаңа Президент өз бағдарламасын жүзеге асырып үлгере ме?

– Бұл – құрғақ сөз емес. Артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігерімен өз қолымен кесіп, бір мерзімдік Президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып отыр. Ал, осы аралықта біршама өзгеріс енуі әбден мүмкін. Ол өзгеріс бүгінгі күннен басталады. Оған халық – куә.

– Өзгертілген заңнама- лар мен жаңа нұсқаулар «Жаңа Қазақстанның» қарқынды дамуына кепіл бола ала ма?

– Жаңа Қазақстанда авторитарлық саяси жүйе емес, демократиялық саяси жүйе басымдық алуы қажет. Мен үшін бұл – «Жаңа Қазақстандағы» ең маңызды көрсеткіш һәм фактор. Тарқатып айтсақ, билік уақытылы ауысып, алда әділ сайлау өткізілуі тиіс. Бұл – біріншіден. Екіншіден, заң үстемдігі шын мәнісінде орнауы қажет. Яғни адамның дәрежесіне, лауазымына қарамастан, заң талаптары бәріне бірдей болуы керек.

Жаңа Қазақстан, бұл – өткенге құрметпен қарап, жаңашылдыққа тың көзқараспен ұмтылу. «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» – Президенттің көксегені де осы.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button