Жезқазғандықтар Жолдауды ыстық ықыласпен қарсы алды
Жезқазған халқы да Елбасы Жолдауын ыстық ықыласпен қабыл алды. Қала әкімі Қайрат Бегімов, қалалық мәслихат хатшысы Советбек Медебаевтың қатысуымен өткізілген актив жиынында Жолдау жүктеген міндеттер, өңірді дамыту мәселелері талқыланды.
Басқосуда Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры Р.Капарова, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің оқытушысы Н.Дисекенова, «Ютария ЛТД» ЖШС кадрлар бөлімінің басшысы А.Бейсембаева, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі А.Кенжебеков сөз алды. Кезекті Жолдауда қамтылған әлеуметтік саланы дамыту мен жас ұрпаққа қамқорлық таныту төңірегіндегі ойларымен бөлісті.
«Өз жеріңді танып біл», «Ауыл – Ел бесігі» сияқты жаңа бағдарламалардың халық игілігіне жол тартуы да жиынның өзегіне айналды.
Елбасының алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауы да жезқазғандықтардың көңілін серпілткен. Осыған орай, жас буын «Жастар, замандастар, біз ертеңімізді ойлап, елімізді сүйіп, Президенттің бастамасын бағалап, Ұлы Даланың лайықты ұрпағы болуға барымызды салайық!» деген үндеу жариялады.
Актив жиынын қорытындылаған қала басшысы Қ.Бегімов Жолдауды халық арасында насихаттау, жүзеге асыру бойынша тиісті тұлғаларға міндеттер жүктеді.