Жаңалықтар

Жетпістің желкенін керген

Қаршыға дейтін қыран құс бар. Көзі – шегір, тұрпаты – шағын. Бірақ, алғырлығы – алапат. Оның қырағылығын қыр баласының көбі біледі. Саятшы томағасын тартқанда жай оғындай жарқылдаған осы жанар тоғайдан ұшқан құрды да, көлден серпілген қазды да іледі. Мұндай қасиет адамдар арасындағы таңдаулылардың бойында ғана болмақ. Мақаланың арқауы болған актер Болат Ыбыраев сондай жанның бірі һәм бірегейі. Ұлттық театр әлемінде Ақан серінің Көкжендетіндей қиядағы қиынды ілетін актерді естуіңіз бар ма? Білмесеңіз, құлақ салыңыз.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін қалағандардың қатарындағы дарынды актер Болат аға биыл мерейлі 70 жасқа толыпты. Осыған орай, өткен аптаның соңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері туған жері Қарқаралыдағы қалың жұртпен қауышты. Абыздың жасына абыроймен жеткен өнер иесі еліне құралақан келмеген екен. Қаллеки театрының қосынымен Астанадан елге жетіп, Қарқаралы қаласы мен Нұркен ауылының төріндегі сағынысқан жұртқа Алексей Дударевтің «Кеш» спектаклін ала келді.

Суреттер автордан

Елдегі кеш

Астанадан келген бетте Болат Ыбыраев бастаған театр труппасы қарт Қарқаралы тау­ларының баурайындағы қасиетті Қарқабат анамыздың ескерткішіне тәу етті. Мерей­тойдың иесі мен меймандарды алқалаған жұрт мерекелей қарсы алды. Азырақ ат суытқан өнерпаздар Қалибектей заңғардың музейін көрмекке Ақжол ауылына аттанды. Шағын ғана ауылда бар қазақтың маңдайына біткен даралар мен дүлдүлдердің көптігіне таңырқаған сахна саңлақтары мұражайдағы әр жәдігерден әлемдік биіктің бастауын көрді. Тамсана таңдай қақты. Өнер деген иенің киесінен арқаланған шығармашылық топ Арқаның ақ дастарханынан дәм татып, Қарқаралыны қайта бетке алды.

Театр ұжымы Шолпан Жандарбекова атындағы мәдениет үйіне жеткенде, оның көзге көріне бермейтін мамандары бірден сахна декорациясын жасауға кірісті. Олардың бірі актерлердің бетін әрлесе, қалғандары киімін даярлап, қойылым реквизиттерін орналастырды. Сөйтіп, сағат тілі 18:00 көрсеткенде сахна шымылдығы ашылып, адамдар тағдырынан сыр шерткен керім спектакль де басталды.

Белорус драматургі А.Дударевтің «Кеш» атты классикалық туындысын қазақ тіліне Фариза Оңғарсынова аударған екен. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Қойылым актерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ыбыраев, Күлия Қожахметова, Мейрам Қайсанов. Белді дүниенің тарландар тағалаған көк бестісі белеске тартты. Сүрінген жоқ. Барлығы ғажап болды!

Шығарма жан атаулыны қинайтын жесір жалғыздық пен қимас мекенжайында, жұтаң жұртта қалған үш мұңлық қария туралы. Жайдары Васильдің, жабыққан Ганнаның, жалыққан Никитаның образдары шынайылық биігінің шыңына шыққан-ақ екен. Мұны қойылымға жиналған қалың жұрт тұнық өнердің рухани нәрі мен зәрін жұта тұнжырай томсарғанынан байқадым. Бірінің ойына Сарыарқаның шетінде қаңыраған ауылы оралса, екіншісінің есіне ескі жұртын күзеткен кемпір мен шал түсті. Арайлап атқан таң, рауандап батқан күн, жадыға қонған тылсым үн, сырлы әуен елді бір күлдіріп, бір жылатты. Шағын сахнадағы үш тарланның мінсіз ойыны ойдың тереңіне шомылдырып, ызғырығына тоңдырды.

Иә, қазақи болмысқа бейімделген спектакль көріністерінің әзілі ақмаңдайдан күннің күлкісіндей сәулелі шуақпен өпсе, мұңы ту сыртты тұма бұлақтың суындай мұздатты. Тағдырлары тәлкек, таласқа толы, тымырсық тұншықтырған жалған дүние. Талықси төгілген ананың зарлы жасы, бәрінен безінген бейбақтың зәрлі уыты, қарт жанарындағы зарыққан үміттің ұшқыны жұрттың жүрегін баурап, сана біткенге серпіліс берді.

Спектакль сезімдерді тербей аяқталды. Ел сахна саңлақтарын ыстық шапалақпен ықыласқа бөледі. Қарқаралы жұртының атынан Нұркен ауылының әкімі Аян Бейсенбеков Болат Ыбыраевтың астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Ағамыздың қосынындағы өнер майталмандары да сыбағасыз қайтпады. Қарқаралы қаласының әкімі Асылан Рақымбергенов аудан әкімі Әділжан Арғыновтың атынан сыйлық тапсырса, жол-жораны сақтаған театр директорының орынбасары Артур Ізтілеуов театр ұжымының атынан Қаллеки музейіне өнер майталмандары жайындағы естелік кітаптарын және естелік сыйлығын тарту етті.

Актер болмысы

Болат Ыбыраев ағамыз театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар жан. Оның жарты ғасырға жуық ғұмыры бар актерлік шеберлігі қазақ театр өнерінің жылнамасына алтын әріппен жазылуда. Оны актер ойнаған төмендегі тізімнің тізбегі айқындап тұрғандай.

Жетпіс жас атты кеменің желкенін керген маэстроның рөлдері ұлттық болмыспен өріліп, көрерменнің көзайымына баяғыда-ақ айналды. Болат аға туралы өнердегі әріптес­тері біраз пікір айтып, сыр шертті.

– Жалпы, осылай сапарлап келуіміз тектен-тек емес. Біздің театрдың есімі берілген Қалибек Қуанышбаев сынды заңғар тұлға киелі Қарқаралы топырағының тумасы және оның негізін қалаушылардың бірі Болат Ыбыраев ағамыз да даңқты тұлғаның ізін жалғаған ірі актер. Қарқаралы ауданы әкімдігінің ұсынысы бойынша ағамыз кейінгі премьералардың бірі «Кеш» спектаклін өз туған жеріне ала келді. Туған жердің топырағындағы қойылымға ағамыз ішкі толқыныспен, үлкен жауапкершілікпен келді. Ағамыздың туған күні маусымда. Сол уақытта Қаллеки театры актерді құрметтеп, үлкен шара өткізген болатын. Ол кісінің еліне сәлем бере келуі оның үлкен азаматтық, актерлік бейнесін көрсетеді, – деді Қаллеки театры директорының орынбасары Артур Ізтілеуов.

Мен Қаллеки театрына келген 1998 жылдан бастап, 26 жыл бойы Болат ағамен бір сахнада қызмет жасап келемін. Ағамыз­бен бірнеше спектакльде партнер болдым. Мен келгенде театрдың негізін қалаған белгілі режиссер Жақып ағамыз о дүниелік болып кетсе де, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз Әуезов театрында сахналанған классикалық шығармалар «Қыз Жібек», «Қаракөз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қан мен тер» спектакльдерін қойып, біздің біліктілігімізді шыңдады. Сол спектакльдердің бел ортасында Болат ағамыз болды. Әзірбайжан Мәмбетовтей дара тұлға Болат Ыбыраевқа өте көп үміт артты. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн», А.Чеховтың «Ваня ағай» романдарының желісі бойынша қойылған спектакльдердің басты рөлдеріндегі Едіге, Войницкий Болат ағамыздың актерлік қырын аша түсті. Бұл кейіпкерлерді ойнау екінің бірінің қолынан келмейді. Өйткені, бұл образдар – өте күрделі. Ауқымды, айтары мол, сомдалуы күрделі мұндай кейіпкерлердің келбетін жүректерге жеткізу әр актерге арман болатын. Болат аға бұлардың әрқайсын аса биік деңгейде көрсете білді. Бұл кісінің жарқын шығатын баритон дауысы да құлаққа жағымды, көңілге қонымды. Болат ағаның жай жүргенде бойы аласа болғанымен, сахнаға қадам басса, нар тұлғаға айналып шыға келеді. Ішкі рухының толып тұратынын жарқылдаған жанарынан байқайтынмын, – деп Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген қайраткері Мейрам Қайсанов мерейтой иесі жайында ой толғанысын білдірді.

Болат Ыбыраев және Қаллеки театры директорының орынбасары Артур Ізтілеуов

Өмір сыры

Болат Ыбыраевтың өнерге құштар болмысы ауылдағы елге жас кезінен танылған екен. Оны кеше естіген мына оқиғадан байқадық. Ол бала күнінде бауырларымен бірге өзен бойында қой жаяды екен. Бір күні өрістегі ортаның қойын ауылға кіргізе беттеткенде, балалар торы атын жетектеп келе жатқан Жарлы ауылындағы Төлеген ақсақалды көреді. Сол сәтте бала Болат қасындағы серіктеріне бір қарап, екі қарыс құрықшасын алға сермей, «Атаңа нәлет Төлеген, Қыз Жібекте не ақың бар?» деп ұмтыла тап береді. Образға кіргені соншалық оның ақырған дауысынан Төлеген ақсақалдың асау аты тулай қашып, көк майсаға тойынған көп қойы жау шапқан қалың қосындай дүркірей үркіп, ауыл маңы азан-қазан болған екен. Содан, кешкісін Төлеген ақсақал Болат ағамыздың анасына барып шағымданыпты. Анасы баласына ақылын айтса да, қатты ұрыспапты. Бәлкім, көреген жан өз перзентінің бойындағы отты өшіргісі келмеген болар?! Бұл естелікті ағамыздың бауыры Саматтың аузынан естідік. Өнер жайлауында өрісі кеңіген Болат Ыбыраев кеш аяқталған соң келген сапарынан бірауыз түйін айтты.

– Мен Шолпан Жандарбекованың шәкіртімін. Сол кісінің салып кеткен сара жолын, дәстүрін жалғастыру біз үшін мақтаныш және міндет. Бүгін үлкен мереке. Ол менің мерейтойымнан әлдеқайда биік күн. Осыдан тура отыз үш жыл бұрын он бесінші қарашада Қаллеки театры тұңғыш рет Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасымен шымылдығын ашты. Сол күні біздің театрға азаттықтың ақ таңы жақындағанын сезген Ақмоланың маңындағы ауылдардан көп жұрт келді. Ақсақалды қариялар мен ақжаулықты аналарымыз ұлттық киім киініп, аста-төк шашуын шашып, қазақтың жан дүниесінің толғанысын дүниеге паш еткендей болды. Ұлттық болмысты үздіге сағынған қазағымды мен сонда көрдім.

Қаллеки театры алғаш ашылғанда «Ақмола облыстық театры» болып құрылды. Кейін, Қалибек Қуанышбаевтың атын алған театр ұлттық мәртебесіне дейін биіктеді. Қарқаралы өңірінде көптеген халық театрлары бар. Қаланың басындағы Атығай Шанин атындағы халық театры да көп жерде елдің ыстық ықыласына бөленіп жүргенін естиміз. Бұл Қаллеки сынды дарындардың мекенінде өнер ошақтарының оты сөнбегенінің белгісі. Қай ауыл болсын, қазақтың күретамыры. Ол жерде мәдениеттің сақталуы бабаның ділі мен ананың тілін өшірмейтіні ақиқат. Қарқаралыдан шыққан өнер майталмандары елге соғып тұрса, олардан ұшқын алған жастар арасынан талай мықтының шығары анық.

Өнердің өз мектебі мен өзіндік жолы бар. Сахнаның сыртында көрерменге белгісіз қаншама қажырлы еңбек жасалады. Екі сағаттық қойылымды сахналау үшін көп тер төгіледі. Оған сенің самай терің, жан дүниең, денсаулығың кетеді. Сен осы уақыт аралығында еш қиындықты білдірмей халық үшін қалтқысыз қызмет етуің керек. «Бір қойылымды тамашалау – бір романды оқығанмен тең» дер едім мен. Актердің шабыты ізденіс пен зерттеуден келетіндіктен, оған тынбай жұмыс жасау керек.

Театр – бекзада өнер. Оны көру, сезіну, түйсіну талғампаздық пен тазалыққа құмарлардың еншісінде. Ал, тобырдың тамағы арзанқол комедиялық фильмдер екені де даусыз. Сондықтан, тіліміз – шұбар, көзіміз – дүниеқұмар, білетініміз – сыңар болғандығының да себебі осы шығар, мүмкін. Дегенмен, Болат Ыбыраев бастаған, жас толқын қостаған театр өнері барда Қаллекилер салған сара жолдың соқпаққа айналмасы анық. Айтпақтайын, Қарқаралы мен Астананың арасында алтын көпір сияқты тартылып, Шолпан Жандарбекованың жоғын жоқтаған, Болат Ыбыраевтың өнерін ұлықтап, елімен қауыштырған тарихшы Ерғазы Қадашұлы ағамыз. Ол кісінің иығына мерейтой иесі Болат актердің өзі шапанын жауып, ағасына алғысын білдірді.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button