Жаңалықтар

Жетпістің керіп желкенін…

            Төлқұжатында – Сәния Бикенова. Былайғы жұрт Сәния десе танымай қалар ма еді? Кім білсін?! Сәния деп емес, Әнияш Көпейқызы деп білгеннен болар бәлкім. Әнияш та емес-ау, Әнеке! Бір басына бірнеше есім тоғысқан Әнияш-Жар, Әнияш-Ана, Әнияш-Әже! Қарағандыда кіндігі кесіліп, түндігі түрілген кейіпкеріміз жетпістің желкенін керді десе кім сенеді?! Уысымыздан сырғып, уылжып бара жатқан уақыт-ай десеңші…

Бір кездері Бикеновтер әулетіне келін болып түсіп, ордалы отбасының болмысы ерек, орыны бөлек келініне айналғанына да елу жылға жақындапты-ау! Бір кісілік тамағы он кісіге татитын, бармағынан бал тамған, ақылына көркі, айтқанынан серті жарасқан Әнияш-Ана! «Би бол, би болмасаң да, би түсетіндей үй бол» демеуші ме еді? Жары Жарылқасын Бикенов жалпақ жұртқа аты әйгілі болып, шаңырағынан қазақтың небір марқасқасы, өнерлісі мен өрелісі дәм татты. Сондағы аты мен атағы Алашқа, қала берді бұрынғы КСРО әлеміне тараған игі-жақсыларға иіліп төсек, жайылып жастық бола білген де осы Әнияш-Жар еді ғой! Әріден бастайық…
Әнияш Көпейқызы өткен ғасырдың орта тұсы 1948 жылы 29 ақпанда Қарағанды шаһарында әкесі Көпей мен анасы Бақыттың бәтуәлі шаңырағында дүниеге келген. Әйткенмен, 1949 жылы 21 желтоқсанда шахтасы бар, басқасы бар түрлі салада тер төгіп жүрген әкесі Көпей ойда-жоқта өмірден озып кете барды. Соңында 1 жас 10 айға енді аяқ басқан қызы Әнияш пен жесір қалған жар құрсағында ұл бар-ды. «Әкесіз жетім – құр жетім, шешесіз жетім – тұл жетімнің» кері! Десе де, әкенің ардақты ізін жалғап ұлы, шырағын сөндірмес қызы қалды. Өзі өткенмен көзі бар, айта жүрер сөзі бар деді ме екен, шыр етіп, дүние есігін ашқан сәби есімін ырымдап туғандары Тұяқ қойды. Сол Тұяқ Көпейұлының өзі бүгінгі таңда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик дәрежесіне көтерілгені бар.
Әрмен қарай Ә.Көпейқызының өмірі Нұра ауданына қарасты бұрынғы Калинин колхозы, қазіргі Көбетей ауылында жалғасып сала берген. Мұнда кейіпкеріміз нағашы атасы Әбутүсіп пен әжесі Рахияның қолында тәрбиеленеді. Бұл кезде өмір есігін енді ашқан Әнияштің інісі анасының қолында қалған болатын. Сөйтіп, Көбетейдегі орта мектептің табалдырығын аттаған кейіпкеріміз нағашыларының тәрбиесімен он бір жыл аталған мектепте тәлім алды. Өз кезегінде, Әбутүсіп ақсақал оқыған-тоқығаны бар, ауыл адамдары арасында сыйлы, ғұлама молда болған жан еді. Осындай ордалы отбасында өсіп-жеткен Ә.Көпейқызы білім ошағын ойдағыдай аяқтаған соң, Қарағанды қаласындағы геологиялық барлау мекемесінде, кейін өзі оқыған Көбетай ауылындағы мектепте қызмет етеді. Десе де, жоғары білім қажет екенін білген кейіпкеріміз 1967 жылы Қарағанды мемлекеттік педогогикалық институтына оқуға түсіп, 1974 жылы биология пәнінің мұғалімі дипломын алып шығады. «Ұстаз – ұлы есім» екенін білсек те, қыз баланың Алла мен адамзат алдындағы ең ұлы парызы бағы ашылып, теңіне қосылу екені белгілі. Ә.Көпейқызы бұл парызын да өтей білген жан. Кейіпкеріміз институтта сырттай білім алып, ауылда ұстаздық етіп жүрген кезінде жоғарыда аты аталып өткен қазақтың қабырғалы ұлы Жарылқасын Бикенов Отан алдындағы борышын өтеп, әскерден келіп жатқан болатын. Сөйтіп, сөз байласып, көңіл жарастырған бір кездегі ұл мен қызыңыз осы – Жарылқасын мен Әнияш еді. Тату-тәтті ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар Әбілқасым, Гүлшат, Нұрқасын, Ерқанат есімді төрт баланы дүниеге әкеледі. Өкініштісі сол, ата-анасының қабырғасын қайыстырып, бұғанасын майыстырып, Нұрқасын есімді ұлдары 1 жас үш айында шетінеп кеткені бар.
Араға жылдар салып, отбасы Қарағанды қаласына қоныс аударады. Мұнда Әнияш Бикенова №16 қалалық кәсіби-техникалық училищесінде кәсіподақтар комитетін басқарады. Алайда, мұнымен шектелмеген кейіпкеріміз 1978 жылы Қарағанды кооператив институтына «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша сырттай оқуға қабылданып, оны 1982 жылы 29 сәуірде «экономист» маманы ретінде аяқтап шығады. Дипломы қолға тиісімен Әнияш Бикенова осы білім ордасының оқу ісі бөліміне қызметке қабылданып, кейін «Бухгалтерлік есеп» кафедрасының кабинет меңгерушісі болып ауысады. Бұл аз десеңіз кейіпкеріміздің «Казахвзрывпром» мемлекеттік мекемесінде кадр бөліміне жетекшілік еткен кездері де бар еді. Бірақ, одан қайтып келіп, күні бүгінге дейін Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде мұрағат меңгерушісі ретінде тер төгуде.
Еңбегі еленіп, аталған білім ордасы ректорының, Қарағанды қаласы әкімінің, Қазтұтынуодағы басқармасы мен мемлекеттік сауда және тұтынушылар кәсіподағы президиумының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2008 жылы «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының «Ғибратты ғұмыр» атты бағдарламасында кейіпкеріміздің 60 жасқа толуына байланысты 20 минуттық шағын деректі фильм көрсетілді. Мұнымен қоса, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің 40 жылдығына орай жарық көрген «Созидание и достояние: годы, события и люди» (1966-2006 жылдар) кітабында, осы білім ордасының 50 жылдығына арналған «Судьбу не повторить сначала» (1966-2016 жылдар) кітабында Әнияш Бикенованың есімі аталған.
«Балам балдан тәтті, немере одан да тәтті» демеуші ме еді? Әнияш ананы әже деп әспеттеп, құлдыраңдап соңынан ерген немере-жиендерін қалай айтпай кетейік. Әбілқасымның ізін жалғаған Арлыжан мен Томирисі, Гүлшаттан туған Мұхаммеді, ұлы Ерғанат пен келіні Динарадан тараған Дінмұхаммеді осы күні ата-әжесінің көз қуанышына айналған.
Қызметіне адалдығымен, жар, ана, әпке ретінде адамгершілігімен, үлкенге сыйластығы, кішіге ізеттілігімен айналасындағы адамдар үшін айрықша тұлғаға айналған Әнияш Бикенова да екі күннен кейін жетпіске жетпек. Бикеновтер әулетінің ауыз толтырып айтар асыл келіні! Әнияш деп емес, Әнеке деп әспеттеп өткен де ата-енесі еді ғой. Жарым ғасырға жуық жұп жазбай келе жатқан отағасы мен отанасының шаңырағындағы қуанышты біз де бөлісуді жөн көрдік. Бақыттың қызы бақытқа лайық болмаса, кім лайық? Жарыңызға сүйеніш, ұрпағыңызға мақтаныш болып, ағайын-туысқа қадірлі, әріптес, дос-жаранға құрметті қалпыңыздан таймағайсыз! Жаратқан иеміз жасыңызға жас қосып, алар асуларыңыз азаймасын деп тілек білдіреміз. Жүрегіңіз лүпілдеп, жүз жасаңыз Алаштың асыл Анасы дейміз!

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button