Жаңалықтар

Жетісуден бұйырған қос жүлде

«Арқа өнерінің Ақсарайы» атанған Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры кезекті жүлдеге ие болды. Жер жаннаты Жетісу жерінде өткен Қазақстанның Халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестиваліне «Атау кере» драмасымен қатысып, «Үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алды.

Суреткер жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» терең ойлы, күрделі шығармасының инсценировкасын жасап, сахналаған режиссер – Сәкен театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан. Бұл Айдын Абзалбекұлының кейінгі бірер жыл мұғдарында түрлі байқауларда алған «Үздік режиссура» аталымындағы үшінші  жүлдесі екенін атап өткен жөн.

– Мақсат жүлде алу емес. Елдің рухын көтеру, санасына сәуле түсіру, ой салу. Ал, еңбегің бағаланып жатса, әрине, құба-құп. Демек, елдің жүрегіне жол таптың деген сөз. Марапат ынталандырады. Енді, бір орында тоқтап қалмай, адамның жанын зерттеу керек. Әлі Сәкен театрының талай тың жаңалығына куә боласыздар, – дейді Айдын Абзалбекұлы.

Бұдан бөлек, Талдықорғандағы халықаралық театр фестивалінде «Атау-кере» қойылымындағы Айна рөлін шебер сомдаған театрдың жас актрисасы Әнелі Сағындықова аңыз актриса Шолпан Жандарбекованың шәкірттері тағайындаған «Шолпанның ізбасары» арнайы сыйлығымен марапатталды.

Аталған халықаралық театр фестиваліне еліміздің іргелі театрларымен қатар, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан елдерінен театр майталмандары қатысқанын да айта кету керек.

Ербол ЕРБОЛАТ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button