Жерлестер – жеңіс тұғырында
Атлант мұхиты жағалауындағы Доминикана республикасында жағажай самбосынан Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 34 елінен палуандар қатысқан чемпионаттың жекелей сынында 58 келіде бақ сынаған қарағандылық Маргарита Бажаева мен 88 келіде күрескен Сапар Болат жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Ал, 88 келіден жоғары салмақтағы тағы бір жерлесіміз Естай Ермұхан қола жүлдені қанағат тұтты.
Сонымен қатар, 12 елдің палуандары қатысқан командалық жарыста қарағандылықтар ІІ жүлделі орынды жеңіп алып, күміс медальмен марапатталды.
– Самбо спорттық және жауынгерлік самбо деген екі бағыттан тұрады. 2014 жылы бізде «жағажай самбосы» атты жаңа спорт түрі пайда болды. Ол алғаш рет Таиландтағы IV жағажай Азия ойындарының бағдарламасында ұсынылды, жағажай самбосынан алғашқы әлем чемпионаты 2021 жылы Кипрде екіншісі – 2022 жылы Израильде өтті. Қазақстан үшін самбоның бұл түрі жаңалық емес. Бізде де жағажай самбосынан әлем чемпиондары көптеп шығады деген үміттеміз, – дейді самбодан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Асылбек Тәкенов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz