АбайАймақ

Жергілікті жолдар жөнделуде

Биыл тоғыз жолдың торабындағы Абай ауданына қарасты жолдарды жөндеу жалғасып, бірқатар жол жаңғыртылып, жақсартылды. Аудандағы маңызды жолдардың 58,4 километрін жөндеу үшін аудандық және облыстық бюджеттен 2,4 миллиард теңге бөлініп, осы жұмыстарды атқаратын мердігерлер белгіленген екен.

Қазір жұмыс басталып та кеткен. Мәселен, Тасзаемка ауылына кіреберіс 2,2 километр жолды жаңғыртуға бөлінген 1128 миллион теңгені игеруді «Дорстрой LTD» ЖШС міндетіне алып, оны жыл аяғына дейін аяқтамақ.

Бұдан бөлек аудандық маңызы бар автожолдардың орташа жөндеуі бойынша екі жылдық жобалар да жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Вольный ауылына кіреберіс 9 километр жолды жөндеуге бөлінген 280 миллиондық жұмыстың 90 пайызын «Қарағанды жол құрылысы» ЖШС бітіріп, маусым айының соңына қарай толық тәмамдамақшы.

Ал, Көксу ауылына да кіретін 5 километр жолдың орташа жөндеуіне қарастырылған 151,4 миллион теңгенің шаруасын «Tuberia Construction» ЖШС осы маусым айында бітіргелі отыр.

Сонымен бірге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 ауылдық округтегі 10,1 километр жол 431 миллион теңгеге жөнделетін болып жоспарланған.

Аудан орталығы Абай қаласының өзінде ұзындығы 6,8 шақырым болатын жеті көше 241,7 миллион теңгеге орташа жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, мамыр-маусым айларында қаланың тағы да үш көшесіне 6,8 миллион теңгеге 0,5 шақырым жол төсеу қолға алынған.

Ауданның 7 ауылдық елді мекеніне қарасты 15,2 километр жолды жөндеу де көзделіп, оған жергілікті бюджет есебінен 492 миллион теңге бөлінген көрінеді. Ол жұмыстар кешелі бері басталды да.

Осылайша автомобиль жолдарының жөнделуі көлік-коммуникация кешенінің басты элементінің бірі ретінде қызмет қылып, дамытылса, оның ел экономикасының қарқыны артуына да игі әсері болмақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөздерінде сан мәрте айтқан болатын.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button