Басты тақырыпТарих

«Жер, жер және жер…»

Ертең (26 тамыз) – ел тарихында елеулі күн болуы тиіс еді. Қазақ­стан Мемлекетінің құрылуы жолында айтарлықтай атаулы датаға айналуы тиіс бұл күні – Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасы құрылып, Қазақ жерінің қазіргі межедегі шекарасы ресми түрде бекіді. Он бес республикалы одақ көлемінде мемлекеттік территориямызды тұңғыш рет белгілеп, заңдастырушы – Алаш орда көсемдерінің бірі – Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ туғанына биыл – 125 жыл толып отыр.

Иә, тұңғыш шекара. Қазақ жанын берсе де, жерін алып қалып отырған қашаннан. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың өзі бір мақаласында «Жер, жер және жер! Жер болмаса – ел де, мемлекет те жоқ», – деп қатаң ескертеді. Бірақ, орыс үкіметінің отарлау саясаты оңдырды ма бізді? Қазақстанның шұрайлы өңірлері – солтүстік, батыс аймақтарының төл тұрғындарын тықсыра бастады. Тіпті, 1920 жылға дейін еліміздің ең құнарлы солтүстiк шығыс бөлігі – Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары – Ресейдiң құрамына, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары – Өзбекстан территориясына, Маңғыстау түбегi – Түркменстанға бөліп беру туралы жоспарланып қойылса керек. Бұл туралы жазбаларында Әлімхан Ермеков: «Ол кезде жауапты қызметкерлердiң арасында, партия мекемелерiнде: «Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтiп, Қазақстан одақтас республиканың дәрежесiне көшедi екен-мыс», – деген қауесеттер шығып жүрдi. Бұл үшiн Қазақстанның солтүстiгiндегi орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргiзiлуi тиiс екен. Осы мәселе жөнiнде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелiк Комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнен мен бар – арнайы комиссия құрылды. Мен өз пiкiрiмдi Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстiк аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесi тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтiнiн айттым», – дейді.

Қазақстан-Ресей шекарасы туралы мәселе 1919 жылдан бастап түрлі жиындарда бірнеше мәрте қаралады. Ең соңғы шешуші Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісі В.Лениннің төрағалығымен Мәскеуде 1920 жылы 17-26 тамыз аралығында өтеді. Сонда қазақ елінің шекарасы туралы тұңғыш баяндама жасаған Әлімхан Ермековтің жасы небары 29-да ғана екен. Бірнеше күнге созылған даулы мәселеге төрағалық еткен Ленин қайта-қайта комиссия отырыстарын өткізіп, өзі бақылауға алады. Әлімхан Ермеков тамыздың 17-сі мен 24-і күндері жасаған баяндамалары барысында, талан-таражға түскелі тұрған Қазақстанның жарты жерінің тұтастығын сақтап, аман алып қалады. Қалың дау-дамайға түскен осы күндерін Әлекең есіне былай алады: «Әлі есімде, Астрахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахань губерниясының НКВД өкілі, Азық-түлік халық комиссариатының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Маған жұдырығын ала жүгіргендердің әрекетін бүгін еске алу күлкілі, болмашы бұзақылықты сөз еткендей көрінгенімен де, В.И.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды».

Осындай қызу талас-тартыстардан соң Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс», – деп тұжырады. Нәтижесінде, тамыздың 24-і күні Ленин Автономиялық Қырғыз ССР-і туралы құжатқа қол қойса, 26 тамыз күні құжат бекіді. Сөйтіп, бөліске түскелі тұрған жеріміз бүгінгі ұрпақ игілігіне тұтасымен көшті. Әуелі Алла, одан кейін Әлімхан Ермековтің арқасында. Қазақстанның территориясының тұтастығы тұңғыш рет заңдастырылған осы күнді сіз бен біз еске алмасақ, басқаға керегі жоқ, есті қазақ! Бұл күнді ойласақ – еске Әлекең түседі, Әлекеңді ойласақ – еске Алаш түседі. Әйтпесе, дүние қалыбында дөңгелей береді…

Алаш» партиясын құрудағы негізгі мақсатымыз қазақ халқының қамы еді ғой. Елі сай, жері бай, өсіп-өнген өнерлі халықтары бар мемлекеттермен терезесі тең түсетін қазақтың дербес мемлекетін құру еді. Ол мақсатқа жету үшін ұйымдастырушылық күші бар ұйым керек болды. Ол ұйым «Алаш» партиясы деп есептедік…

Әлімхан ЕРМЕКОВ

“Жер, жер және жер!

Өйткені, жерсіз Отан жоқ!

Жерсіз адам жоқ!

Жерсіз мемлекет болмайды!

Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек!”

Әлихан БӨКЕЙХАНОВ.

Әлімхан Ермековтің туғанына 120 жыл толу барысында (2011 жылы), «Азаттық» радиосы «Алаш» қайраткерінің 1968 жылы Целиноград облыстық радиосының қызметкері Нөгербек Мағзұмұлына берген сұхбатын тапты. Әлекеңнің ол даусын радионың жеке сайтынан тыңдауға болады.


Қазір Қарағанды мен Қарқаралыда Ә.Ермеков атында көшелер, мамандандырылған Кітап үйі, Ақадырда мектеп бар.

1998 жылдың жазында Ақтоғайда Алашорда көсемдері – Әлихан Бөкейханға, Әлімхан Ермековке және Жақып Ақбаевтарға ескерткіштер ашылды.

Дайындағандар: Мирас АСАН, Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button