Жаңалықтар

«Жер – ұршық, Тәңірім иірген…»

…Зат пен иесінің арасындағы байланыс кванттық деңгейде орнатылады. Екі жүйе қиылысқанда әсер мәңгілікке сақталады. Бұл ойдан шығарылған, болмаса есірік ойдан туындаған есер дүние емес. Заттың иесінің энергиясын сақтайтынын анықтаған ғалымдардың дәлелі. Қазаққа дәлелдің қажеті де керек емес. Әуелден салтына сеніммен қарап, дәстүрін дәріптеген халық әр заттың киесі болады деп сенді. Бүгінгі айтпағымыз – ұршық жайында. Ұршық болғанда да, жай ұршық емес, ҚазКСР Халық әртісі Зәбира Жұбатоваға тиесілі ұршық.

Бұл туралы Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Меруерт Орысбаевадан естідік. Инвентарь картасында «Веретно деревянное» деп көрсетілген. Дайындалған материалы – ағаш. Көлемі – 30 см-ге дейін. Оны 2000 жылы музейге Жазушылар одағының мүшесі Тілеуғазы Бейсембек тапсырған екен. Ұршықтың Тілеуғазы Бейсембектің қолына қалай түскені жайлы ақпарат айтылмаған. Бірақ, атақты адамның қолының табы қалған құнды дүниенің облыстық мұражайда сақтаулы тұрғанына қуандық.

Зәбира Жұбатованы кейінгі толқын біле бермегенімен, кезінде Мәскеу сахнасында қазақ әндерін шырқаған талантты өнер иесі Қарағанды қаласында тұрған үйдің қабырғасына 2017 жылы мемориалдық тақта орнатылған болатын. Әнші Қарағанды облыстық филармониясының бастауында тұрғандардың бірі.

1914 жылғы 8 наурызда Петропавлда дүниеге келген Зәбира Қыдырәліқызы 1932 жылы қызмет жолын Қарағанды радиокомитетінде бастады. Қали Байжановпен, Қосымжан Бабақовпен қатар қызмет етті. 1947 жылдан облыстық филармонияның орындаушысы болып, зейнетке шыққанша табан аудармастан қызмет етті.

Меццо-сопрано дауыс иесі мен облыстық мұражайда тұрған ұршықтың арасында «зат пен иесі» ретіндегі байланыстан да өзгеше тылсым байланыс бар.

Зәбира Жұбатова Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы концерттік топтардың құра мында өнер көрсетті. Қазақ тұрмысында пайдаға жарап келген ұршық Екінші дүниежүзілік соғыста да Кеңес әскеріне қалтқысыз қызмет етті. Әншінің ұршығы да тегін дүние емес ендеше, киесі бар.

Ұршық туралы «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Зүбәйра Әкімова «Соғыста жеті-сегіз танкі жойған жауынгерге ерлігі үшін марапат береді екен. Ал қазақ ұршығы мың емес, сан миллион жауынгерді аман алып қалды десек, қателеспеспіз. Қарап тұрсақ, дамылсыз айналған жер сияқты қазақ ұршығында қазақ деген ұлттың ғана емес, әлем соғысының, сол соғыста жазықсыз шейіт болған, аман оралған сан миллиондаған ер-азаматтың тарих-тағдыры тұр. Біз ұмытпауға тиіс нәрсе болса, ол – қазақ ұршығының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі дер едім» деп жазған болатын.

Кім біледі, Екінші дүниежүзілік соғыста әдемі әнімен қатар Зәбира Жұбатова ұршығымен иірілген жіптен шыққан бұйымның да талай жанның жанын арашалап қалмасын…

Атақты әнші тұтынған ұршықтың киесі мәңгілікке сақталғаны анық. Сол киені сезінгіңіз келсе, болмаса, әншілікке талабыңыз болса, облыстық музейде сақтаулы ағаш ұршыққа қолыңыздың ұшын тигізсеңіз, зат пен иесінің арасында кванттық деңгейде мәңгілікке сақталған байланыс сізге ауыспасына кім кепіл?! Оның үстіне, қазақта кие ауысады деген де бар емес пе?!

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button