Бас тақырып

Жер – мемлекет байлығы

Еліміздегі жайылымдық жерлердің 40 пайызға жуығы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады. Ал қалған 60 пайызы бос жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдауында жайылымдық жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Үкімет құзырлы органдармен бірлесе отырып, жайылымдық жерлер мәселесін шешу әрі тиісті заң жобасын әзірлеу қажеттігін баса айтты.

Ауылдағы ағайын алдындағы малын бағатын жайылым таппай жүргенде осыншама жердің пайдаланылмай бос жатқандығы ақылға сыймайды. Ресми деректерге сүйенсек, еліміз бойынша 94,3 млн. гектар жайылым қолданысқа берілген. Оның 78 пайызы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің, 22 пайызы – елді мекендердің қарамағында. Ал, елді мекендердің еншісіндегі жер қара тақыры шыққанша пайдаланылады. Өйткені, оларда өлкенің оты түгесілсе де мал бағынын ауыстыратындай басқа қоры жоқ. Бұл жайт тек қана мал өнімінің сапасына ғана емес, санының кемуіне де едәуір әсерін тигізуде. «Ашқұрсақ» түліктен «татымды» тауар өндіру де мүмкін емес. Осыдан барып, ауыл шаруашылық тауарларын өндіру көрсеткіші төмендейді. Кәдеге жаратылмай жатқаны-заңды тұлға–шаруа қожалығының үлесіндегі жер. Не өзі жұмыс жасамайды, не өзгеге пайдалануға мүмкіндік бермейді. Заңды түрде шаруашылық ашып, қажетті мыңдаған жер телімін алғанымен кәсібін жүргізе алмай, жауып тастап жатқандары қаншама. Бірақ, жалға алған жер телімі әлі күнге дейін солардың иелігінде. Үкіметке қайтаруға құлықсыз тұлғалар жетіп артылады. Оларға жергілікті жердегі жауапты мамандар тек ескерту қағаздарын жіберуден әрі аса алмай отыр. Себебі, елімізде тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды жүргізуге мораторий енгізілген. Тек шаруа қожалығы иелерімен жер учаскелерін игеру қажеттілігі немесе игеру мүмкіндігі болмаған жағдайда жер учаскесін мемлекеттік қорға қайтару туралы түсіндірме жұмыстары ғана жүргізілуде.

Мәселен, Қарқаралы ауданының жалпы жер көлемі 3 млн. 547 мың 236 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 1 млн. 737 мың 250 гектар. Оның ішінде жайылымдық жер – 1 млн. 554 мың 44 гектар. 777 шаруашылыққа бекітіліп берген жайылымдық жері – 1 млн. 461 мың 656 гектар, оның ішінде, 92 мың 388 гектар заңды тұлғалардың, 541 мың 957 гектары елді мекендердің үлесінде. 2021 жылы жасалған мониторинг бойынша 107 шаруа қожалығы 273,2 мың гектар жерді игермеген. Бұл тек бір ауданның ғана көрсеткіші. Ауданда 62 елді мекен, 350 қыстақ бар.

– Жер – мемлекеттің байлығы. Шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жер 49 жылға дейін жалға беріледі. Сондықтан, осындай мақсатқа алынған жер міндетті түрде халыққа өз пайдасын әкелуі керек. Ол үшін шаруа қожалықтары жерді тиімді пайдалануы қажет. Бүгінгі күнде 4 шаруа қожалығының 3000 гектар жер учаскесі мемлекеттік қорға қайтарылды. 15 шаруа қожалығы 34192 гектар жер бойынша малдарын тіркетіп, жерін игеруде, 3 шаруа қожалығы 960 гектар көпжылдық шөп екендігі туралы анықтамасын әкелді, 2 шаруа қожалығы егістік жерлерін қайтару бойынша жұмыстар жасап жатыр, 2 шаруа қожалығының 4142 гектар игерілмей жатқан жерлердің келісім шарттарын бір жақты бұзу жөнінде талап арызы сотқа жолданып, сот процестері жүргізілуде. Яғни, шаруалар жерді алғанмен, оны уақтылы пайдаланбайды, – дейді Қарқаралы аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлден Тойғанбаева.

Мал баққысы келетін қарапайым шаруа жайылым және шабындық жерге қол жеткізе алмай отыр. Соның салдарынан мал басы көбеймей, кейбір аймақтарда ауыл шаруашылығы саласы тұралап қалды деуге де болады.

– Ауылдық округ қарамағында 4142 гектар игерілмей жатқан жер бар. Бұл екі шаруашылықтың иелерімен жұмыс істеу мүмкін емес. 2003, 2015 жылдары алынған жерлер. Бір жер телімінің иесінің тұрғылықты жері анықталмады. Екіншісі біз жіберген хабарламаны назарға да алмады. Осының нәтижесінде екі жер телімі де игерілмей бос жатқан жерлер тізіміне кіріп отыр, – дейді Угар ауылдық округінің әкімі Нұржан Көшкімбай.

Аталмыш ауылдық округ еншісіндегі жайылымдық жердің жетіспейтіндігі туралы мәселе өзектілігін жойған емес. Жыл сайын аудан әкімінің есепті кездесуінде де көтеріліп келеді. Ауылдық округте «Ақбұлақ» ауыл шаруашылық кооперативі бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыс жасап келеді. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары сүтті бағыттағы ірі қара мал басын көбейткен. Күнделікті нәпақасын ағарғанмен айырып отырған ауыл тұрғындары үшін жайылымдық жердің маңызы өте зор. Сайып келгенде, осы күнге дейін жайылымдық жердің мәселесі күн тәртібінен түспеді. Мемлекет басшысы Жолдауда ерекше маңыз берген жайылымдық жер мәселесінің оң шешілерінен ел үмітті.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button