Желтоқсан «жылап», жолаушы құлап…

    Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өткен жексенбі күні сағат 21:00-де ауа райының күрт бұзылуына (көктайғақ) байланысты, облысымыздағы барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Өкініштісі, елді әбігерге салған өткен екі күнде жол бойындағы кісі өлімі мен жарақат алу фактілері де тіркелген.

Ауа райының қолайсыздығы сал­дарынан (қатты жауған жаңбыр, көк­тайғақ), «Алматы-Екатеринбург» тас жолы Спасск аумағындағы жол биі­гінде 60-қа жуық көлік кептеліске тап болды. Соның басым бөлігі – жүк көліктері. Бұл жерде «Қазавтожол» ЖШС, жергілікті полиция қызметі бөлімшелері жұмыс істеуде. Жолаушыларды эвакуациялауға және олар­ға көмек көрсетуге Қарағанды облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары  жұмылдырылды. Олар жоғары өтімді арнайы көлікпен көмек көрсетуде.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласынан 120 шақырым жерде көктайғақ салдарынан  «Қарағанды-Жезқазған» жолаушылар автобусы жолда қалған. Жолаушыларды эвакуациялауға  Жез­қазған қаласынан  жоғары өтімді арнайы  көлік жіберіліпті.

Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің мәліметінше, кеше Қарағанды қаласы Бейбітшілік бульвары бойындағы «Емхана» аялдамасында 52 жастағы әйел азаматтың мәйіті табылды. Зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Куәгерлердің айтуынша, құлаған азаматша жедел жәрдем жеткенше қайтыс болған. Бұған қатысты арнайы сот сараптамасы тағайындалды. Нақты шешім кейін айтылады. Сонымен қатар, 24 желтоқсан күні сағат 15.00-де «Қарағанды-Абай» тасжолы бойында «Қарағанды-Жәйрем» бағытындағы автобус аударылып қалды. Көлікті 41 жастағы жүргізуші басқарып отырған екен. Автобуста барлығы 44 жолаушы болыпты. Соның арасында 5 бала бар. 1 азамат дене жарақаттарымен ауруханаға түсті. Өз кезегінде, көлік жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 610 бабына сәйкес, хаттама толтырылды. Жалпы, 24 желтоқсанда облысымызда 6 жол көлік оқиғасы орын алған. Соның салдарыннан 5 адам зардап шексе, «Күнгей» шағын ауданында 1 жаяу жүргіншіні көлік қағып, қаза тапты.

Қарағанды қаласы әкімі баспасөз қызметінің айтуынша, кеше қала жолдарын тазалауға жалпы 141 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Бұған 120 адамның қол күшін қосыңыз.

«Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының мәліметіне сүйенсек, ауа райын­ың бұлай күрт өзгеруіне себеп – Оңтүстік-Батыстан келген циклон. Сәй­кесінше, атмосфералық бағытпен жылы ауа жеткен. Алайда, бұл жайт 1-2 күннің ғана әбігері болмақ. Бүгіннен бастап ауа райы қайтадан суып, жаңбыр соңы қарға ұласпақ.

Осы мақаланы әзірлеп отырғанымызда, «WhatsApp» әлеуметтік желісінен тас жолды кесіп өте алмай, шатқаяқтап құлап жатқан бір үйір жылқы түсірілген бейнетаспа келмесі бар ма? Әбден зәрезап болған жануарларды көріп, қайран Қамбар атаның төлі дестік. Табиғаттың «тосын сыйы» – көк тайғақ мұзы ер қанатын да айналып өтпеген екен-ау…

Десе де,  облыстың төтенше жағдалай департаменті тұрғындарға алыс жолға шығу кезінде сақ болуды ескерттеді. Өз кезегінде, жүргізушілерге жылдамдықты жоғарылатпау және қажетті қашықтықты сақтау ұсынылады. Жаяу жүргіншілер де аяғын аңдап басқаны абзал.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.