Осакаров ауданы – өнеркәсібі мен аграрлық саласы қатар өркендеген, облыстағы іргелі ауданның бірі. Арқаның Сарыбелі атанған аймақта атқарылып жатқан шаруа көп. Жел электр стациялары, инфрақұрылым игілігі, әлеуметтік бағдарламалардың әлеуеті, соны жобалар, алпауыт шаруашылықтардың агросаладағы табысы аудан экономикасын еселеп отырған жайы бар. Осыған орай, облыстық әкімдік дамудың даңғыл жолындағы Осакаров ауданына баспасөз турын ұйымдастырған еді.

Энергияның алтын көзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі электр станциясындағы жаңартылған қуат көздерін 30 пайызға арттыру жоспарланған. Соның негізінде өңірімізде бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Солардың бірегейі – Осакаров ауданындағы электр станциясы.
Қазір экономиканың еңсесін тіктеп тұрған ол – инвестиция игілігі. Былтыр Осакаров ауданында негізгі капиталға инвестиция тарту 134,8 пайызға орындалған көрінеді. Осакаров кентінде «Гиперборея» ЖШС құны 42,6 миллиард теңге тұратын жел электр станциясын орнатты. Биыл инвестиция көлемін 47 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ол өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті қамтиды. Ауданда жалпы құны 301 миллиард теңге тұратын үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олар – «Гиперборея» ЖШС салатын, қуаттылығы 150 МВт жел электр станциясы, Қытай мен Қазақстанның біріккен «Алтын Алқап Крг» ЖШС салатын кірпіш зауыты және Қытай мен Қазақстанның біріккен «North wind park» ЖШС салатын, қуаттылығы 500 МВт жел паркі. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін жер телімі берілді.
Қуаты 150 МВт құрайтын жаңа жел электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа станция әрбір номинал қуаты 7,7 МВт болатын 21 жел энергетикалық қондырғысынан тұрады. Бұдан бөлек, оған қосалқы станция, соған сәйкес инфрақұрылым салынып, сондай-ақ электр жеткізу желілері тартылып жатыр. Станцияның құрылысына әлемдік жел турбиналарын өндіруші жетекші компаниялардың бірі – германиялық «Siemens AG» компаниясының электр жабдығы пайдаланылуда.
Жаңа ЖЭС өндірістік сипаттамаларынан бөлек, жоба өзінің экологиялық құрылымы тұрғысынан өңір үшін маңызды. Электр станциясын салу және оны іске қосу газ бен көмір шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.
Мұнымен қоса, Қытай өндірісінің электрлі турбиналары құрылыс кәдесіне қолданылып жатыр. Станция басшылығының айтуынша, жел мен күннен энергия көзін алудан Қытай көш бастап тұрған көрінеді. Сол себепті, қытайлық әріптестерімен байланыс орнатып, солар ұсынған жабдықтарды қолданып отырған көрінеді. Сәйкесінше, сапасы озық өнеркәсіп орнының кепілдігін алыпты. Ал, неміс фирмасының жабдығы жиырма жыл үздіксіз қызмет көрсетіп беретіндеріне сенімді.
«Жасыл энергетика – көмір отынынсыз, газсыз әрі қауіпсіз қуат көзі. Біз жалпы станцияның құрылысын қыс түскенше ақтаймыз деп отырмыз. Негізгі мерзіміміз келесі жылдың көктеміне дейін. Қазірдің өзінде 7 жел энергетикалық қондырғысын орнаттық. Жалпы қойылатын қондырғы саны – 21. Айта кеткеніміз абзал, бұл алаң Еуропадағы теңдессіз жел станциясына айналады. Өйткені, инновациялық ең озық жабдықтарды пайдаланып жатырмыз. Жүйе толық автоматтандырылады. Желге компьютердегі оператор мониторинг жүргізеді. Қазір 150 адамға жұмыс беріп отырмыз», – дейді «Гиперборея» ЖШС техника жөніндегі директоры Дмитрий Силантьев.
Электр нысаны іске қосылған соң 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Осы секілді Теміртауда 500 МВт және Қарқаралы ауданында 200 МВт жел электр станциясын салу жоспарланған. Жобалар пысықталып жатыр.
Қысқасы, жел энергиясы – ең серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі. Жалпы, ел аумағында жел ресурстары кең таралған. Сондықтан, жел энергиясын пайдалану көмір және газ электр станциялары өндіретін электр энергиясын тасымалдау құнымен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан тиімді екенін айтады энергетика мамандары.
«Қайта Бастаудың» қайыры
Жақында «Қарызсыз қоғам» идеясы негізінде «Қайта Бастау» қаржылық тұрақтылық жобасы пилоттық режимде облысымыздың екі ауданында – Бұқар жырау және Осакаров аудандарында жүзеге асырыла бастаған еді. Соның арқасында қарыздың қамытын киіп, несиесі несібеден айырған жандардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен жеке қаржыларын басқару дағдыларын дамытуға бағытталған бұл жоба жемісті нәтижесін бере бастапты.
«Қайта Бастау» жобасының басты мақсаты – несие бойынша қарызы бар тұрғындарға көмек көрсету. Яғни, қаржылық сауаттылықты оқытуға және жұмысқа орналасуға баса назар аудару. Қабылданған шаралардың арқасында борышкерлер саны азайып келеді екен.
«Несиелер бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыруда барлық мүмкіндік пайдаланылады. Солардың бірі – бос орындар және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары. Бағдарламаға несие бойынша кемінде үш айлық берешегі бар қарыз алушылар қатысады. Бірінші қадам – борышкердің қаржылық жағдайын тұрақтандыру. Осыдан кейін оған банкпен немесе микроқаржы ұйымымен өзара қарым-қатынасты реттеуге көмектеседі», – дейді Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімінің басшысы Айгүл Алтынбайқызы.
Осакаров аудандарында қаржылық сауаттылыққа оқыту жүйелі жүргізіліп жатқан көрінеді. Жоба бойынша мерзімі 90 күннен асатын несиелер мен шағын несиелерге тап болған адамдарға тегін құқықтық көмек көрсететін заң қызметі өз жұмысын бастап кетті.
– Біз жүргізіп отырған шаралар жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, сондай-ақ, банк секторымен өзара іс-қимыл арқылы мерзімі өткен берешекті реттеуге бағытталған. Бұдан басқа, белгіленген критерийлерге сәйкес келетін өтініш берушілерге соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндігі беріледі. Мысалы, ауданымызда көпбалалы отбасы несие бойынша миллион теңгеден астам қарызы бар. Ал, отбасылық табыс кедейлік шегінен төмен. Көпбалалы анаға жұмысқа орналасуға көмектесіп, банк қарызды қайта құрылымдауға кірісті, – дейді бөлім басшысы.
Жоба іске асқаннан бері елуге жуық борышкерге көмек көрсетіліпті. Яғни, 16 азаматтың өтеу кестесі қайта қаралып, 12 адамға банкроттық туралы оң шешім берілген, 21 азамат банкроттыққа құжат тапсырды. Мұнымен қоса, 177 борышкер қаржылық сауаттылық оқуын тәмамдапты. 122-сі – офлайн, 55-і онлайн оқыған. Олардың да өтінімі қабылданып, құжаттары қаралып жатқан көрінеді. Заңгерлер олармен жұмыс жасап істеуде. Нәтиже бір ай ішінде анықталады.
Борышкерлер санатынан 48 адам жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 10 адам – тұрақты жұмысқа, 23-і – ақылы қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орны бойынша жетеуі, «Күміс жас» бағдарламасымен сегіз адам жұмысқа орналасқан.
Солардың бірі – Жұлдыз Балтина. Үш баланың анасы. Жалғызбасты әйел. Мойнындағы несиені төлеу мүмкіндігі болмаған. Осы жоба арқылы қаржы сауаттылығын оқып, портал арқылы қарызының айлық төлемін азайтуға мүмкіндік алған. Мансап орталығының мамандары №9 мектепке техникалық қызметкер ретінде жұмысқа орналастырған. Қазір 25 мың көлемінде ғана несие төлейді.
Светлана Борисова да он жыл бойы несие мәселесін шеше алмай келген. Жоба қызметкерлері бірден біліп, құжаттарын әзірлеп, банкроттық шешімді 14 күн бойы күткен. Нәтижесінде ол да несие сомасын азайтып, айлығы қолына түсіп отыр. Қазір кенттегі тойханада жұмыс істейді.
Осылайша, Осакаров ауданындағы банкке берешегі бар бірнеше борышкер «Қайта Бастау» жобасының қайырымын көріп отыр.
Берекелі бизнес ошағы
Ауданда шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау бар. Жас кәсіпкерлер де өздерінің бизнес жоспарларын қорғап, соған қолдау ретінде субсидия, жеңілдетілген несие және грант алып отыр.
Аудан орталығынан жақында ғана бой көтерген «Diva_coffee_brunch» мейрамханасы «Даму» қорының жеңілдетілген несиесімен салыныпты. Жарты қаражатын кәсіпкер өз қалтасынан шығарған. Қазір кофехана аудан тұрғындарының уақыт өткізетін сүйікті орнына айналған.
Кәсіпкер Дмитрий Кимнің аудан орталығында «Diva» сауда орны бар. Енді, міне дәл жанынан кофехана ашып, кент тұрғындарын қуантып жатыр.
Берекелі бизнестің иесі үнемі көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетеді, қайырымдылық істерден қалыс қалмайды. Дүкенінде әр мереке сайын тауарларға жеңілдіктер науқанын өткізеді.
Ерлі-зайыпты Дмитрий Ким мен Валентина Кимнің супермаркетті ашқандарына сегіз жыл болып қалыпты. Валентина бухгалтерлік есепке жүйріктігі, Дмитрийдің жүк тасымалдау жұмысында тәжірибесі бары осы бір бизнесті ашуға себеп болыпты.
«Бизнесіміздің атауы ерекше мағынаға ие. Ол біздің есімдерімізді, Дмитрий мен Валентинаны біріктіреді. Бұл жай ғана коммерциялық белгі емес, біздің бірлескен жұмысымыздың және әрбір тұтынушыға деген қамқорлығымыздың символы іспеттес», – дейді бизнес иелері.
Қазір сауда дүкендері мен кофеханасында отыздан аса адам жұмыс істейді. Әсіресе, әлеуметтік бағдарлама арқылы, оның ішінде, «Алтын жас», «Күміс жас» жобасы бойынша да жұмыс беріп отыр. Зейнет жасынан асқан жандар дүкеннің кассаларында жұмыс істейді. Өйткені, есепке жүйрік, жауапкершілігі бары жұмыс күшіне серпін береді дейді басшылары.
Жаңадан ашылған кофехананың атмосферасы жанға жайлы. Кофе ішіп, көңіл сергітетіндер көбейген. Әсіресе, аудан жастарының бас қосатын ортасына айналған. Кермек кофенің түр-түрінен басқа, тәтті тіскебасарлар мен дәмі тіл үйірер жылдам әзірленетін тағам түрлері және бар.
Агросала өнімінде өсім бар
Осакаров ауданы – астықты аймақ. Шаруалар көктемгі егіс жұмысымен қырдың басында жүр. Былтыр мұндағы диқандар 416 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, берекелі күзде 654 мың тонна астық жинаған. Гектар түсімі 16 центнерден айналыпты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артық нәтиже. Ал, биыл аудан диқандары 450 мың гектарда көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның ішінде, 363 мың гектарға бидай, 35 мың гектарға арпа, 7,5 гектарға сұлы, 2 мың гектарға бұршақ, 650 гектарға картоп, 10 гектарға көкөніс, 25,5 мың гектарға майлы дақылдар, 17 мың гектарға жемдік дақылдар тұқымын сіңіру үстінде.
«Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар былтыр 10,5 миллиард теңгені құрады. Жоғары табысқа қол жеткізу үшін машина-трактор паркін ұдайы жаңартып отыру керек. 2024 жылы ауданның ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілері 6 миллиард теңгеге 102 ауыл шаруашылығы техникасын және 500 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алды. «Еуразия-Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2024 жылы аумағы 1100 гектар, құны 4 миллиард 700 миллион теңге тұратын ауыл шаруашылығы дақылдарын суару жүйесін салды. Жобаны іске асыру барысында 18 жаңа жұмыс орны құрылды. Сөйтіп, аудандағы суармалы алқап былтыр 2,7 мың гектарға жетті. 2025-2027 жылдары Осакаров ауданы бойынша құны 47 миллиард теңге тұратын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның екеуі мал шаруашылығы (құны 18 миллиард теңге), бесеуі егіншілік (құны 28 миллиард теңге). Бұл бағдарламалар 170 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 2169 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қамтылыпты. Осакаровкада тұрғындардың малын жайылыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүруде. «Жайлау» жобасын жүзеге асыру арқылы Қарағайлы, Сарыөзек, Озерный, Ақбұлақ, Шідерті ауыл округтері мен Молодежный кентіндегі жайылым мәселесі оңды шешілді. Осы жоба биыл Есіл ауыл округінде қолға алынып, әрі қарай жалғасын табады», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қабылда Әкімжанұлы.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»