Жаңалықтар

«Жедел жәрдеммен» өткен жеті сағат

           Шағымнан көз ашпайтын «Жедел жәрдемнің» жұмысы туралы білмекке бір күнімді арнауға бел будым. Бір күн қайда, шыдам – жеті сағатқа ғана жетті. Ептілікті, төзімділікті, жүректің төзімділігі мен сабырлылықты талап ететін жедел жәрдемнің жұмысына кез келгеннің шыдай бермесі анық екен. Шындығында, өлім мен өмірдің арасында адам жанына арашашы болып жүргендермен бірге жүруге төзім төтеп бере алмады. Жүйке темір емес. Сонымен, мен «Орталық жедел жәрдем» станциясындамын… 20170614_154721
Қарағандыдағы Жедел жәрдем станциясының диспетчерлер орналасқан бөлмесінде ұдайы қарбалас. Бір-біріне қарауға мұршалары жоқ. Жан-жақтан қоңырау қабылдап, бөлімшелерге бағыттап жатыр. Қабырғаға ілінген үлкен монитордан Қарағанды қаласы ғана емес, облыс бойынша жедел жәрдем машиналарының қозғалысы байқалады. Бір қарағанда түсініксіз болғанымен, шақыруға шыққан бригаданың жұмысы осы арқылы бақыланады. Әр минут қымбат өйткені. Орталық станцияда – 14, Оңтүстік-Шығыс ауданында – 12, Пришахтинскіде – 6, Сұрыптауда 2 –  барлығы 49 бригада күндіз-түні денсаулық күзетінде. Күніне шамамен 550-600-ге тарта  түсетін шақыруларға көмек көрсетілмей қалатын кез болған емес…
Сонымен, жедел жәрдемге шақыру да түсті. Терапевттік №11 бригада жолға жиналды. Дәрігер Алексей Кузнецов пен фельдшер Ольга Файзрахманованың жедел қимылдары немқұрайлылықты емес, жауапкершілікті аңғартады. Кеуделеріне таққан бейджикте «Аудиожазба жүргізіледі» деген жазу бар. Бұл да өзге өңірлермен салыстырғанда – қарағандылықтардың жаңалығы. Дәрігердің мүддесін қорғау үшін. Басқа облыстарда енгізілмеген әлі.
Күн де күйіп тұр. Отыз градустан жоғары температураны көрсететін ыстықта жедел жәрдем машинасына отырып, Ержанов көшесіне жолға шықты. Жылдамдықты қаншалықты көтеру мүмкін болса, газды да соншалықты басып отырған шопыр машинаны жеделдетіп жүргізіп келеді. Қарағандының қанша бір тегіс жолы бар. Әрі-бері шоқалақтаған машина ішінде отырудың өзіне де өнер керек сияқты. Өздері үйренген, маған ескертіп үлгерді, мықтап ұстанып отыруды. Мекен-жайларға көзі қанық болған жүргізуші небәрі 15-20 минутта үйді оңай тапқанымен, жаяужолды бөгеген өзге машиналар өткізер емес. Біраз жер жаяу жүруге тура келді.
Салмағы 5 келіден артық жедел жәрдем жәшігін көтеріп, бесінші қабатқа көтерілді. Терапевттік бригаданың фельдшері Ольга Файзрахманова 10 жылдан астам жедел жәрдемде. Өз ісінің маманы, келе сала науқастың қал жағдайын сұрай бастады. Шақырту жасаған Әйгерімнің (өтініші бойынша аты өзгертілді) бірінші жүктілігі, он төрт апта болған. Жүкті әйелдерге дәрігерлер тарапынан ерекше ықыласты білетін едік, осы жолы көзбен көрдім. Мән-жайды сұрап білгеннен кейін, ендігі беталыс – аурухана. Машинаға отырғаннан кейін де жүктілікке қатысты ақыл-кеңестерін айтып келеді. «Жедел жәрдемдегі» әр минут босқа өтіп жатқан жоқ. Бірінші баласына жүкті келіншекке қалай тамақтану, қалай жүріп-тұруға қатысты айтудан бір танбады. Қалалық аурухана алдына келіп, еппен түсіріп алып, аурухана дәрігеріне тапсырғанымен, кері қайтуға асықпады. Нәтижесін біліп кету керек. Күткені тегін емес екен, бүйректің ауруына күдік келтірілді. Ендігі бағыт – хирургия. Бұрын білмеппіз, әр сенбі сайын хирургиялық ауруларды «Гиппократ» ауруханасы тегін қабылдайды екен. Осы жерде дәрігердің қолына науқасты табыстап, станцияға кері қайттық…
Бұл жерде басы қосыла қалған дәрігерлер бір-бірін қалжыңмен қағытуда. «Мені бекітіп берген №11 бригадаға шақыру қашан түсер» деп мен де отырмын. Құлағым түрік. Бір апта тоқтаусыз ішімдік ішіп, «денемізді құрт жайлады» деп «Жедел жәрдемге» қоңырау шалғандар туралы болды әңгімелері. Өздеріне ғана көрінетін құрттарды денелерінен алып, құтыға жинап отырғандармен қай тілде сөйлескен жөн?! Әрине, «жынның тілін жын ғана түсінбек». «Шынымен де, құрт» деп алдаусыратып, №6 бригаданы шақыртқан екен. Осы уақытта оған да шақыру түскені. Отбасының шырқы бұзылғанын арақпен тұншықтырмақшы болған әйел үш күн ішіп, «есірігі» ұстап жатыр деп қоңырау шалған қызына дәрігер полицияға хабарласуға кеңес берді. Жедел жәрдемнің көмегі жоқ бұл жерде.
… Тағы шақырту. Бұл жолы жасы жетпістен асқан адам жүрегімнің тұсы шаншыды деп қоңырау шалған. Тағы асығыс жөнелді. Қолда – бес келі жәшікпен бірге кардиограмма жасауға арналған аппарат та бар. Күннің ыстығында тағы бесінші қабат. Сүйретіле жүріп, есікті ашқан ер адамның түрі сау көрінді. «Кім үшін шақырттыңыз?» деп сұрап жатыр. «Жүрегім» дейді. Жас емес әрине, бірнеше рет алған инсульты да бар.  Осындайда қартайған ата-анасын қараусыз қалдырмайтын қазақы менталитетімізге шүкіршілік айттым.
Кардиограмманың көрсетуі – дұрыс. Келесі бөлмеге жалтақтап қарай берген оның уайымы басқада екен. Төсек тартып жатқан жарына алаңдаулы. Бала жоқ, жұмсайтын немере жоқ, жалғыз қалсам күнім не болар деген қорқыныш. «Өледі-ау, бір-екі күнде» деп қайталай бергені. Өкінішті, жедел жәрдемнің аты жедел жәрдем болғанымен, ажалға қарсы тұрар қауқары жоқ. Көмегін жасап, дәрісін салып, қайтадан жолға шықты.
… Дәрігерім Алексей Кузнецов қайда барса, мен де сонда. №2 реанимациялық бригадаға ауысқан онымен мен де ауысып отырдым. Жасы тоқсаннан асқан тыл ардагерін ес-түссіз жатқан жерінен көршілері тауып алып, қоңырау шалған екен. Дабылын қосып, көше бойымен қиқулатып келеді. Жолдағы көліктер де ысырылып жол беріп жатыр. «Жедел жәрдем» жеткенше ақсақалды үйге кіргізіп үлгерген екен. Дәрігер А.Кузнецов  қасындағы екі фельдшерімен жанталасып, жұмысқа кірісті. Қан қысымын өлшеп, жүрек қағысын тыңдады. Басты мақсат – жанын сақтап қалу. Ептіліктері де керемет. Науқастың әр жақ, бер жағынан шығып, қам қылуда. «Жаны қалса екен» деп тілеген мен де ішімнен тілек тіледім. Дәрігердің пейілі, ардагердің жаны үшін. Науқасқа салған системаның құтысын тікесінен тік тұрып, жарты сағат шамасында жоғары көтеріп тұрған фельдшердің де екі көзі науқаста. Біраз есін жиғаннан кейін зембілге салып, жан сақтау бөліміне алып жүрді. Терапевтік бригадамен салыстырғанда жан сақтау бригадасында ер адамдар болатыны осыдан ақ түсінікті. Науқасты көтеріп шығаруға әйел адамның шамасы келмейтіні анық. Зейнеткерлердің шақыруларына жедел жәрдем келмейді деп жазып жүргендердің сөздері бекер екеніне көзіміз жетті.
Сонымен, менің төзімім небары жеті сағатқа ғана жетті… Әрі қарай жүру мүмкін емес. Мен өз жөніммен, ал бригада шақырту бойынша кетті.
♦ ♦ ♦
…Шақыртуыңызға «Жедел жәрдем» жылдам келе қоймаса түсіністікпен қараңыз. Жай жүрген жоқ, бір адамның жанына араша түсіп жатқан болар. Кешігіп жатса – себепсіз емес!

 

Салтанат Ильяшова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button