Жаңалықтар

Салкен Рамазанұлы – денсаулық сақтау ісіне бар саналы өмірін арнаған азамат

Дәрігер деген тамаша мамандық қой! Дегенмен, «Адамның күні адаммен» екені рас. Салкен Дәрібеков досымыз алдына барған науқас адамға жаны қалмай жағдайларын жасайды деп еститінбіз. «Кісідегінің кілті аспанда» деген емес пе, ауыр­ған адам қашан да көңілсіз, тіпті, кіріптарлық қалыпта болады ғой, осы бір күйзеліс кезінде көрсетілген көңіл, жасалған жақсылық естен кетер ме?!

Сурет автордан

Біз бір мектепте оқыдық, екеуміз Қарағандының әйгілі №2 қазақ мектеп-интернатының 1963 жылғы, олар 1964 жылғы түлегіміз. Оқу үздігі болдық. Салкен мен Қуан Оралбеков күміс медальға бітіріп, Салкен мен тағы бір айнымас достары Еркін Баттақов Қарағандының мединститутына, Қуан Мәскеудің электротехникалық байланыс институтына түсті. Айтпағымыз – біз жақсы оқыдық, соның арқасында біздің өмірден алғанымыз да, бергеніміз де баршылық, қанағаттанарлық! Ең үлкен байлығымыз – осы екі класс өте тату болдық, қоян-қолтық араласып жүрдік. Ол кез естен кетпес қызығы мен шыжығы мол бал дәурен еді. Біз бөлінбедік, бүгін де біргеміз. Бірліктің, татулықтың, ынтымақтың туын жыққан жоқпыз. Сондықтан да болар, барлық жұрт бізге қызыға да, қызғана да (жақсы мәнінде!) қарайды. Тәубе!

Студент кезінде-ақ жатақханалардың барлығын, өз командасымен Салкен басқарды деп айта аламыз. Өйткені ол студенттердің кәсіподақ ұйымының басшысының орынбасары болды. Оның студенттік кезі өмірінің естен кетпес кезеңі – үлкен өмір мектебі екен ғой. Жастар ортасында да, институт оқытушылары алдында да абыройлы болды. Сол кездің өзінде-ақ тұңғыш мемлекеттік награда – В.Лениннің туғанына 100 толу құрметіне арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Әскерде жас маман ретінде Ленинград әскери аймағында, Карелия жерінде дәрігер болып екі жылын өтеді. Бұл оның өмірде жолы болған шағы деп ойлаймыз. Кеңес армиясы қатарында дәрігерлік машықтан өту – екінің біріне бұйыра бермейтін тағдыр, сол мол тәжірибе ол үшін өмірлік арқау, өмірінің өзегі болды деп ойлаймыз. Сәкеңнің достыққа адалдығы жеке әңгіме. Класстасы, дәрігер Еркін Баттақов екеуінің достығы ерекше еді. Амал қанша, жан жолдасын сағынып бүгінге дейін жалғызсырайды.

Бірде Серік деген досымыздың жас кезінен ептеп ауыратын қызының жүрегі сыр беріп, бір көмек болса Қырғызстанда аты шығып жүрген қазақ дәрігеріне, жүрек-тамыр ауруларының хас маманына баруын дұрыс көреді. Бірақ онда бару үшін рұқсат керек, ал, ол мәселе қиынның қиыны екен. Сәкең араласты, мәселе шешімін тапты, ол бала, міне, бүгінгі күнге дейін арамыз­да! Бұл Сәкең шапағаты тиген мыңдаған дәрігерлік көмектің бірі ғана!

Ол кезде жедел жәрдем «03» кінаратсыз-ақ істейтін. Сонда да біз «03»-ке емес, Салкеннің өзіне тіке күн демей, түн демей кез келген уақытта телефон шалушы едік. Бір сыр беріп, ренжігені есте жоқ. Өз мамандығына ерекше берілгендігінің дәлелі ғой! Ол кезде білікті дәрігерлер де жеткілікті еді. Сонда да Салкенді іздейтінбіз. Себебі көңілі пәк, қолы жеңіл, ол араласса, ауруды жұлып алатындай сезінетінбіз. Бір сөзбен адамдарға сенімділік ұялататын. Сәкең – өте нәзік, адам жанын терең түсінетін психолог.

Сонау ауыр жылдарда, қайта құру, реформалау кезеңінде елмен жұмыс істеді, әлеуметтік саланы көтеруге күш салды, талай митингіде басшылар халық алдына шығуға дәттері бармағанда, біздің Салкен шығып, басу айтатын.

Еңбек жолы былай өрбіді. Әскерден оралған соң 1972 жылы Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институтында ғылыми жұмыстармен айналысты. Қарағанды металлургия комбинатының конвертер цехында жұмысшылардың еңбек жағдайына физиологиялық және гигиеналық зерттеу­лер жүргізді. Бүкілодақтық «Металлург» журналында ғылыми зерттеулерінің нәтижелері жарық көрді, 16 рационализаторлық ұсыныс пен 1 авторлық өнертабыстың авторы. 30-дан астам ғылыми еңбектің, бір мемлекеттік және салалық стандарттың, санитарлық ереженің авторы.

Ал, 1989 жылы Қарағанды қалалық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып, 1992 жылы Қарағанды облысы әкімі аппаратына әлеуметтік сала және ішкі істер саясат бөліміне аға референт болуға шақырылады, кейін осы бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалады. 1998 жылы болашақ астанаға ауысып, Ақмола облысы әкімі аппаратында әлеуметтік сала бөлімінің аға консультанты, Ақмола облыс­тық міндетті медициналық сақтандыру қорының директоры, «Денсаулық» РМҚК облыстық филиалының директоры қызметін атқарды. Тәжірибелі маман, іскер ұйымдас­тырушы ретінде осы жаңа құрылымдардың тезірек аяқтанып кетуіне барынша мол үлес қосты. Ал, 2004 жылдан Қарағандыда «Облыстық медицина апаттары орталығы» мекемесінің бас дәрігері болды.

2009 жылы зейнеткерлікке шықты. Одан кейін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Қалалық №3 емхананың директорының орынбасары, облыстық жақ сүйек-бет аурулары ауруханасында төтенше жағдайлар жүйесінің маманы, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастырушы дәрігері болып қызмет атқарды.

Салкен Рамазанұлы денсаулық сақтау ісіне бар саналы өмірін арнаған азамат, ұйымдастырушы. Екі мәрте Қазақстан Рес­публикасы дәрігерлер съезінің делегаты. «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «КСРО өнертапқышы», «Қазақстан Респуб­ликасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің «ІІІ дәрежелі Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер» белгілерімен марапатталды. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алу құрметіне ие болды.

Кейінгі бес-алты жылда облыстық ар­дагерлер кеңесінің мүшесі болып сайланып, оның денсаулық сақтау жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарып келеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге ардагерлерге медициналық көмек көрсету, жеңілдетілген бағамен және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаторий-курорттық емдеуді ұйымдастыру сияқты тікелей міндетімен қатар, дәрігер емес пе, мұнда да «жедел жәрдемнің» қызметін атқаруға тура келіп жүр. Басы ауырып, балтыры сыздайтын адамдар кеңес алып, тіпті, басшыдан бастап қосшыға дейін кейбір қол жетпес дәрілерді тауып керуге көмек сұрайды. Мұндай жағдайда тиісті мамандарға жүгініп, тіпті, өз беделіне сүйеніп, кезексіз қаралуына дейін жәрдем беріп жатады. Ана жылы тіпті облыстық кеңес атынан егде тартқан елу адамды Приозерск қаласындағы «Балқаш» санаториіне емделіп-тынығуға алып барғаны бар.

Ардагерлер кеңесінде істеген қызметі де лайықты бағасын алуда. Ардагерлер қозғалысының 35 жылдығы құрметіне «Қарағанды облысының құрметті ардагері» атанса, өзінің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысының Құрмет грамотасымен және «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапатталды. Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық «Сенім» кәсіподағы қоғамдық бірлестігі де көп жылғы қоғамдық қызметін ескеріп, өздерінің ең мәртебелі наградасы – Бірлестіктің Үздігі төсбелгісін омырауына қадады.

Мектептес достары Жеңіс ИМАНОВ,
техника ғылымдарының кандидаты, Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ доценті,
Аман ЖАНҒОЖИН,
Қазақстанның құрметті журналисі,

«Парасат» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button