Жеңіске жеткізген жеті медаль
Бокстан Астанада жастар арасында өткен Азия чемпионатына 26 елден 500 спортшы қатысты. Ел спортшылары 11 алтын медаль жеңіп алып, басты бәсекелестері Үндістан мен Өзбекстанды, Қытай мен Иранды шаң қаптырды. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігінде медальдық есепте бірінші орын алса, төрт алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алған қарағандылық спортшылар зор үлес қосты. Ал, жерлестер командалық есепте басқа облыстар арасында бірінші орынға шықты.
Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында аталған Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған спортшыларды марапаттау салтанаты өтті. Жас боксшыларды құттықтап, ақшалай сертификаттар табыс етті.
Бұдан бөлек, сол жас сайыпқырандарды баптап, құрлықтық додаға алып барған жаттықтырушылар құрамы да назардан тыс қалмады. Өйткені, кез келген жарыста сапалы дайындық маңызды рөл атқарады және табыстың кілті.
Азия чемпионы атанғандардың бірі Алексей Хаванцев жастайынан бокспен айналысатынын айтады. Ол алғаш рет бокс залының табалдырығын небәрі жеті жаста аттаған. Бүгінде жас спортшы Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектебінде оқиды. Спортшы жекпе-жектің оңай болмағанын айтады және ол бұл жеңісімен тоқтап қалмақ емес.
– Мені боксқа әкем әкелді. Бұл чемпионатқа оқу-жаттығу жиындарында бір ай дайындалдық. Чемпионатта төрт жекпе-жек өткіздім. Қарсыластар өте мықты болды. Ең қиыны – Үндістан боксшысымен болған финалдық жекпе-жек. Бірақ оны да 5:0 есебімен айқын жеңдім. Алдағы жоспарларым – қараша айында өтетін Әлем чемпионатында, сондай-ақ, 2028 жылғы Олимпиада ойындарында топ жару, – деп бөліседі жеңімпаз.
Сонымен қатар, байрақты бәсекеде Аяжан Ермек, Гүлнәр Тұрапбай және Жасмин Қизатова Азия чемпионы атанды. Күміс жүлдені Нұрпейіс Иманғали мен Анита Әдишева жеңіп алды. Ал, Расул Асанханов қола жүлдені қанағат тұтты.
Бокстан қыздар арасындағы Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы Айжан Қожабекова ұлттық құрама қоржынына үш алтын, бір күміс әкелген ойыншыларының бұдан да үлкен жеңістерге қауқарлы екенін атап өтті.
– Өте жақсы өнер көрсеттік. Қуаныштан көзге жас алған сәттер де болды. Спортшылардың да көңіл-күйі тамаша. Бірақ, одан да жақсырақ өнер көрсету үшін тер төгіп жатырмыз. Шындығында, олар бұдан да биік шыңдарды бағындыруға әлеуеті мен қабілеті жетеді. Қыздарымыз да талантты. Олар аптасына алты рет, күніне екі-үш рет жаттығу жасайды. Енді Қазақстан чемпионаты мен әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз, – дейді бапкер.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы аталған жиында «Елорд кубогы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанған Талғат Сырымбетов пен Кәрім Серкебаевты да құттықтап, сәттілік тіледі.
Барлық жүлдегерлер Алғыс хатпен, облыстық бокс федерациясының және демеушілердің ақшалай сертификатымен марапатталды.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz