Баған

Жеңіліс – жетім

…Бала кезімде Жеңіс күніне мектептерде ардагерлермен кездесу өтіп, мәре-сәре күй кешетін. Жұрттың бәрі. Бірақ, менің көңілім қоңылтақсып қалатын. Баламын ғой. Омырауы медальға толған ардагерлерді көргенде, «Халық жауы» атам есіме түсетін.

 

«Менің атам ең құрығанда соғыстан қайтпағандар тізімінде болғанда ғой!» деген балаң көңіл де қылаң беретін. Бала түйсігім «Халық жауының» жақсы ат емес екенін іштей ұғатын. Содан шығар, өзім құралпы балалар атамды сұраса, «соғыстан қайтпады» деп соға салатынмын. Әйткенмен, өзім олай емес екенін жақсы біліп тұрамын. Сол кездегі идеология ғой. «Халық жауының» ұрпағымын деп айтуға намыс жібермейді. Жалған намыс. Атамыздың жазықсыз кеткенін білеміз. Десек те, сол кезеңдегі қоғам бетімізден бастырды. Әжем мен әкем «халық жауының семьясына түк те жоқ» деп сауып алған сүтін ақтарып төгіп тастап, я тартып әкететін қысастықты, көресінді көп көргендіктен, сірә?! Сол әжем марқұм талай нәубетті басынан кешірді. Жесір әйелдермен қатар, тылда бел жазбай еңбек етті. Алайда, тыл еңбеккері ретінде ақыры аталмай да кетті…

…Бұл қоғамды қойсаңызшы. Әпербақандық пен шолақ белсенділік талайдың тағдырына балта шапты. Шауып та жүр. Шаба да береді. Өйткені, мына дүние пайда болғалы Ақ пен Қара арбасып келеді. Жарық пен Түнектің де таласы біткен жоқ. Адалдық пен Арамдық ұдайы – итжығыс. Сол сияқты Ерліктің шылауына Ездік жармасқан. Жеңіспен жағаласып Жеңіліс жүреді. Шырылдаған шындыққа сақ-сақ күлген Өтірік тұр. Қайсарлыққа Ынжықтық – өш. Батырлықтың жолын Қорқақтық кесіп өтуге әзір. Жақсылықты жоққа шығаруға Жамандық сайлаулы. Әділдік ақ туын желбіретсе, Әділетсіздік оны әлемтапырық қылғысы бар. Неге?

..Әрине, плюс пен минус тартылыс үшін қажет. Ал, пенделердің пендеуи пиғылынан туатын кере- ғарлыққа пенденің өзі жауапты. Кейде сол ниетіміздің кейбіреудің тұтастай тағдырына, өміріне әсері барын сезіп, біле бермейміз. Ең, өкініштісі – сол…

…Неге екенін, білмеймін, өз басым, уақыт – бәрін орын-орнына қойып береріне кәміл сенемін. Мейлі, ол ерте ме, кеш пе?! Уақыт өзі сұрыптау жасайды. Сонда Жалған бейшара аяғына Ақиқаттың жығылады…

…Сол сияқты бала күнімде атамның «Халық жауы» атанғанын естігенде атойлайтын Жалған намыс Ақиқаттың алдында бас ұрған бүгін. Сол кезде әжем марқұмды ойлаймын. Әжемнің жеңісі көп екен… Ешкім орден – медаль тақпаса да. Кәмпескеге ұшырап, үдере көшкенде, мұқалмаған. Ат басындай алтынды бір уыс бидайға айырбастай алмайтын аштықты өткерген. «Халық жауының семьясы» атанғанда ауыртпалықтан жынданып кетпеген. Намазыңды таста деп қудалағанда, бас имеген… Әрқайсысы бір-бір жеңіс екен….

… Иә, Жеңістің неше атасы бар…

Тек… Жеңіліс – жетім екен..

Қызғалдақ АЙТЖАН, “Ortalyq Qazaqstan” газетінің экономика, саясат және өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button