Ресми

Жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңіл ме?

Аймақтағы жеңіл өнеркәсіп саласында отандық өнім өндіретін 50-ге тарта кәсіпорын бар. Ендігі мұрат – импорттық өнімдерге лайықты бәсеке орнату. Мәселен, облыста ірі бизнестің айналасында шағын кәсіпорындар белдеуі құрылатындығы атап өтерлік жайт. Қала орталығында қолөнер павильонын ашу жоспары да бар. Бұл туралы бизнес қауымдастығы мен кәсіпорын өкілдерінің бірлескен кеңесінде мәлім болды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тізгіндеген алқа отырысында алдағы жоспарлар мен шешімін күтіп тұрған мәселелер кеңінен талқыланды.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК

Салаға мемлекеттік қолдау шаралары да іске асуда. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 23 жеңіл өнеркәсіп жобасына жалпы сомасы 2 млрд. теңгеге субсидия қарастырылған. Бұл жылы қолдау шаралары өңірлік «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылмақ.

– Кез келген кәсіпорынның көзге көрінер төрт көрсеткіші бар. Біріншісі, шикізатпен қамтылуы. Екіншісі, кадр тұрақтылығы. Үшіншісі, қаржыландыру деңгейі. Соңғысы, өнімін сата алу қарымы. Алда арнайы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мақта өңдеп, киім тігерлік шикізатпен қамтылудың іс-қимыл жоспары тұр. Бірнеше жылға көзделген бағдарламаның қандай көрсеткіш көрсетері – уақыттың еншісінде, – дейді ЕСКО ЖШС директоры Андрей Шмарин.

Жиын барысында кәсіпкерлер білім ошақтарынан түлеп ұшқан жас мамандардың білігіне шағымданды. Бұл – күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселе. Кәнігі мамандардың орнын бүгінгі жастар баспақ түгілі, бұл салаға қызығушылық та таныта қоймайды. Оның өзіндік себебі де бар. Жалақының мардымсыздығы әрі еңбек мехнаты. Бұрын өңірде 1000- ға тарта тігінші тәрбиеленсе, қазір бұл сан төрт-бес есеге кеміген. Оқу орнын енді бітірген мамандар өндіріске дағдылану үшін біліктілігін тағы екі-үш мәрте арттыру қажеттігі туындайды. Салдарынан еңбек өнімділігі кемиді. Алдағы уақытта бұл мәселе түбегейлі шешімін таппаса, тығырықтан шыға қояр ұтымды жол жоқ. Осы орайда, дуальды оқыту жүйесін жандандыру ауадай қажет.

Қаржыландыру деңгейі. Жаһандағы барлық дамыған мемлекеттер іргелі өнеркәсібіне «банк – өндіріс ошағының жанашыры» қағидасын ұстанатыны жасырын емес. Инвестиция көлемі артпай, ішкі нарықта бұл өнеркәсіп түрінің қарышты қадам баспайтыны тағы аян. Сондықтан, аймақты дамыту банкі сынды қаржылық оператор құрылған болса, саланың өн бойына қан жүгірер еді деген ұсыныстар алға тартылды. Соңғысы – импорттық тауарларға лайықты бәсекелес бола білу. Отандық өнімді қорғайтын шаралар легі әлі де жеткіліксіз. Кедендік тексеріс жұмысы да бұл бағытта бәсең қимылдайды. Салдарынан шынайы бәсеке болмайтыны рас. Оған елдегі инфляцияның күрт өскендігін қосыңыз. Яғни, түптеп келгенде өзін-өзі ақтай алмайтын санаулы тауарлар тапсырыс берушінің пәрменімен ғана өндіріледі. Маркетинг пен жарнама сынды жанама үдерістер жүйелі жұмысты талап етеді.

– Әлбетте, бұл салада бүгінде ізденістер де, іркілістер де бар. Бастысы, құзырлы мекемелер жұмысын үздіксіз әрі тиянақты орындауы шарт. Өңірлік қолөнер өкілдерінің өнімдерін лайықты деңгейде көрсете алмай жүрміз. Бұл мәселені ауық-ауық пысықтап отыру маңызды. Маман даярлауда Гүлсім Шабданқызы, облыстық білім басқармасы тарапынан жүйелі жұмыс жасап, бір айлық мерзімде сараптамалық көрсеткіштерін назарымызға ұсыныңыз, – деді облыс әкімі сөз соңында. Кездесу өңірдің жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көрмесімен ұласты. 16 кәсіпорын өз өнімін көрермен назарына ұсынды. Кездесу жергілікті қамтуды дамыту және елдік құндылықты арттыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюмен тәмамдалды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button