Бас тақырып

Жаужүрек ұландар үлгісі

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Қарағандыда орналасқан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының күнделікті тыныс-тіршілігімен танысуды жөн санадық. Өйткені, құрамына Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары аумағындағы әскери бөлімдер кіретін қорғаныс саласының алып құрылымы жайлы біреу білсе, біреу білмейді…БАСТАПҚЫ ҚАДАМДАР

Ресми деректерге сүйенсек, Қарағандыда 1990 жылы 31 мамырда КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің дивизиясының 6800-әскери бөлімі құрылды. Оның алғашқы командирі – Петр Бондарев. Еліміз азаттық алғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 1994 жылы дивизия ҚР ІІМ Ішкі әскерлері құрамасы ретінде қайта құрылып, өзінің жаңа тарихи кезеңіне қадам басты.

Құрылымдық күштердің реформасына сәйкес, Қарағандыдағы әскери құрама Президент қолынан Жауынгерлік Ту алып, «Құрлық», «Құқық тәртібі» арнайы алдын алу операцияларына қатысты. Мәліметтерге сүйенсек, аталған құрылым алғашқы сәттен бастап, жемісті қызмет атқарғаны аңғарылады.

Қолбасшылықтың жеке құрамындағы офицерлер мен сарбаздар Отанға адал қызмет етіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, 6800-әскери бөлімінің сегіз командирі генерал-майор жоғары әскери шеніне ие болған.

Аталған әскери құрылымның баспасөз қызметінің бастығы Қанат Досұлының айтуынша, Ішкі әскерлердің Қарағанды құрамасы ІІМ заңнамалық құжаттарына сәйкес, 2013 жылғы ақпанда «Орталық» өңірлік қолбасшылығы болып қайта құрылып, құрамы кеңейтіле түскен.

 Кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІМ Ішкі әскерлері ҚР Ұлттық ұланы болып қайта құрылды. Қолбасшылық қарамағындағы «Бүркіт» жасағы мен азаматтық қорғаныстың 52859-әскери бөлімі оның маңызды құрамдас бөлігі болып есептеледі және арнайы операцияларға қатысады.

Оны алғашында полковник Талапкер Әмриев басқарса, 2014 жылдан бері генерал-майор Еркін Ботақанов қолбасшылық етуде.

БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ

 Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері – антына адал. Мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қырағылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Мәселен, полковник Қайрат Үмбетовтің (6505-әскери бөлімі) өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, оқыста жарылған гранатадан жас сарбазды денесімен жауып, ажалдан алып қалуы – осы тұжырымның дәлелі. Ол осынау ерлігі үшін Президент Жарлығымен Халық қаһарманы атағын иеленді. Ал, лейтенант Ақылбек Қоңыровтың (6505-әскери бөлімі) Балқаш қаласында аса қауіпті қылмыскерді құрықтап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алуы – сарбаздарға таптырмас өнеге болары анық. Ұлттық Ұлан сарбаздары – Ербол Отарбаев, Жандос Баянбаев, Нұрасыл Мүбараков және Алтынбек Қабылбековтің өз борышын мінсіз атқарғаны үшін «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталуы – соның айғағы.

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы білікті әрі тәжірибелі қолбасшы, генералмайор Еркін Ботақановтың басшылығымен Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары арасында үздік екенін сан мәрте дәлелдеді.

Әр күні саптағы үш мыңға тарта жауынгер өз міндеттеріне кіріседі. Оның бір жарым мыңнан астамы түзету мекемесін күзетсе, қалғаны қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді, яғни, халықтың тыныштығын күзетуде.

«Орталық» өңірлік қолбасшылыққа қарайтын тоғыз әскери бөлімнің төртеуі – Қарағанды қаласында. Ұлттық ұланның қырағылығы арқасында биылғы жылдың басынан бері 140 қылмыскер тұтқындалып, қоғамдық тәртіпті бұзған 4 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар ауа-райының тым қолайсыз кезінде қажеттілік болған шақта да тұрғындардың қасынан табылады. Сертіне – берік, антына – адал. Қауіп-қатерден сескенбейтін ұландар төтенше жағдай орын алғанда Қазақстанға іргелес елдерге нақты жәрдем көрсетіп келеді.

Болашақ – жастардың қолында. Ендеше, жаужүрек ағаларының жағымды қасиеттері өскелең ұрпаққа аманатталуы тиіс. Осы мақсатта «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қамқорлығымен облыс орталығындағы №58 орта мектепте, №4 мектеп-интернатта «Кадет» сыныптары, №77 орта мектепте «Жас қыран» сыныбы ашылған.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button