Жауыртаудан Теміртауға дейін
Теміртаулықтар қала күнін жылдағы дәстүрге сай ерекше дайындықпен қарсы алып, зор қуанышпен атап өтті. Жалпақ жұртқа мерекелік концертпен бірге туған жердің тарихы баяндалып, жастарды елін сүюге тәрбиелейтін шаралар ұсынылды. Өскелең ұрпақ қатпарлы тарихтың қойнауына үңіліп, құрыш қаланың бастауы 1945 жылғы қаулымен шектеліп қалмайтынын көрді. Мұның өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сәтті жүзеге асқанының бір айғағы емес пе?!
Жауыртаудағы жастар жиыны
Жауыртаудың етегіне бірнеше киіз үй мен ақ шатырлар тігілген. Салтанатты шара өткізу үшін арнайы алаң да дайындалыпты. Оң қапталда саманнан тұрғызылған қоржын тамның макеті мен қоңырқай киіз үй байқалады. Қазақы киінген келіншектер қонақтарды күлімсірей қарсы алып, үйге шақыруда. Мына тұста шапан киген жігіт самаурын мен ошаққа от салып, жүгіріп жүр. Қотанда бірнеше қой-ешкі қамалған. Көрген адам бір сәтте уақыт кеңістігінен кері шегініп, сонау ХІХ ғасырдағы қазақ ауылына тап болғандай әсер алады. Жергілікті өлкетану мұражайының қызметкерлері форум-фестивальге келген жастарға ертедегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігін дәл осындай форматта таныстыруды жөн санапты.
«Жауыртаудағы кездесу» форум-фестиваліне облысымыздың әр өңірінен 300-ге тарта жас өрен жиналды. Барлығы да өнерлі, ел ертеңін сеніп тапсыруға болатын азаматтар. Мұнда келудегі мақсаттары – теміртаулықтарды қала күнімен құттықтау, қатарластарымен жақын танысып, кәсіби мамандардың дәрісін тыңдау.
-
Жауыртаудың бойындағы форум-фестиваль қатысушылардың шабытын шыңдауға үлкен серпініс береді деген ойдамын. Приозерск қаласынан он бала келдік. Жергілікті жастармен танысып, пікірлесіп жатырмыз. Бүгінгі шарадан күтеріміз мол, – дейді Приозерск қаласынан келген жас суретші Мақсат Қалдыбай.
Бұл форум-фестиваль Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Жастар табиғат аясында демалып, өзекті тақырыптардың төңірегінде пікір алмасуда. Ақпарат ағыны, робототехника, инновация және техникалық шығармашылық, бизнес негіздері, еріктілер қозғалысы, жастар шығармашылығы тәрізді бірнеше секцияға бөлініп, өздерін қызықтырған салалар бойынша теориялық һәм практикалық білім алады. Әр секцияның тізгіні сол саланы жетік меңгерген, айтары мен үйретері бар спикерлерге табысталған. Форумға қатысушылар теориялық дәрістен бөлек «Не? Қайда? Қашан?», «Ақылды мен тапқыр» тәрізді интеллектуалдық ойындар ойнап, спорттық сайыстарға қатысты.
-
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында елімізде ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтып отыр. Ал, оған жету үшін жастарды жігерлендіріп, туған жерін сүюге тәрбиелейтін шараларды көптеп өткізуіміз керек. Қазақ елінің ежелгі тарихымен ұштасқан «Жауыртаудағы кездесу» форумының өскелең ұрпаққа берері мол боларына сенімдімін, – деді аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бас менеджері Серік Санарбаев.
Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, ашық аспан астындағы форум-фестивальді өткізуге Жауыртаудың бөктері бекер таңдалмаған. Қаланың тарихы қаулы қабылданған 1945 жылдан ғана емес, сонау ерте кезеңнен басталады. Қала күнін атап өтуді дәл осы жерден бастаудың да сыры осында жатыр.
Жауыртау қалай Теміртауға айналды?
Көнекөз қариялардың айтуынша, Теміртаудың солтүстік бөлігінде жатқан ұсақ шоқылар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырындағы Айбас батырдың арғымағы қалған Жауыртау екен. Жырда Жауыртаудың тарихы былай баяндалады:
«Сонау бір есте жоқ ескі заманда Сарыбай мен Қарабай есімді достар болған деседі. Екеуінің де қайғы-мұңы ортақ. Құдіреті күшті Жаратқан дүние байлықты үйіп-төгіп берсе де, қос мұңлыққа шыр еткен сәби үнін естуді жазбапты. Күндердің күнінде Сарыбай мен Қарабай егер тәңір жарылқап, бірінің жары – ұл, екіншісінің жары – қыз туса, құда болуға уағдаласады. Әйтсе де, Сарыбайдың мезгілсіз қазасынан кейін Қарабай жетім қалған Қозыны менсінбей, антты бұзып қашып кетеді. Ұлы даланың екінші қиырына қашқан байдың көші шөл далада адасып, көп шығынға ұшырайды. Байдың малын жолай кездесіп қалған Қодар есімді қарақшы құтқарып, еңбегіне Баян Сұлуды жар етіп алмаққа бекінеді. Істің насырға шапқанын көрген сұлу қоластындағы Айбас есімді жігітті Қозының еліне хабаршыға аттандырған. Алыс жолды жалғыз өзі жүріп өткен Айбас батырдың арғымағы бір таудың бөктеріне жеткенде жүрістен қалады. Арқасы жауыр болып, әбден қалжыраған аттан қайыр жоғын білген батыр оны сол жерде қалдырып, өзі сапарын әрі жалғастырған. Айбастың аты қалған жер содан бері Жауыртау атанып кеткен-мыс».
Бұл өңірді ХІХ ғасырдың бас кезінде Арғын руының беделді байы – Тектіғұлдың әулеті жайлаған. Байдың Оразбек, Ниязбек және Тұрлаубек есімді ұлдары үш ауыл болып бөлініп, Жалғызтөбе мен Жұмақ шоқыларының арасын қыстайды. Мұхамед Қадыр мен Құдагелді Наймантай байдың әулеті болса, оларға іргелес жатқан Жауыр мен Қожыр шоқыларын иеленген.
Арқаның сары аязы мен ақ бораны мал шаруашылығы үшін тым қолайсыз болатын. Әйтсе де, Жауыртау өзінің етегіне қонған елді панасына алып, қыстан жұтамай шығуына жәрдемдесті. Отаршылар келгенге дейін жергілікті жұрт үшін бұл өңір құтты мекенге айналды.
1905 жылы отаршыл биліктің жандайшаптары топырағы құнарлы, табиғаты жайлы Жауыртаудың бөктеріндегі қазақ ауылдарын атамекендерінен айырып, қырға қарай қуып тастады. Бос жатқан жерге Ресейдің Самара губерниясынан 18 отбасы көшірілді. Олардың арасында орыс және неміс ұлтының өкілдері болған.
Отырықшылық салтты ұстанған переселендер қоныстанған мекенге Жауыр Брод атауы берілді. Ал, 1909 жылы поселок атауы Самарқанд болып өзгерді. Переселендер жаңа мекендерін осылай атай отырып, өздерінің әу баста Самаралық болғанын айшықтағысы келген тәрізді. Өйткені, неміс тілінде «канд» сөзі елді-мекен деген мағынаны білдіреді. Ал, көшіп келгендердің арасында неміс отбасылары көп болған.
1929-1930 жылдары академик Қаныш Сәтбаев бастаған геологтар Жауыртаудың бөктерінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Қазақстанның болашақ магниткасы дәл осы жерде салынуы керек деген қорытындыға келеді. Теміртаудың алғашқы қазығы қағылып, теміржол тарту, су қоймасын салу жұмыстары қолға алынады.
1945 жылдың 1 қазаны. Соғыстан қалжыраған жұрт бейбіт күнге бой үйретіп, күйреген экономиканы қалпына келтіре бастаған тұс. Үкіметтің арнайы қаулысымен Самарқанд қалашығының атауы Теміртау болып өзгертілді. Дәл осы қалада Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еңбек жолын бастап, құрыштай шыңдалды.
Жаңарған саябақ
Қала күнін тойлау түс ауа ескі қаладағы саябақтың ашылу салтанатымен жалғасты. Оған Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, қаланың Құрметті азаматы, қоғамдық кеңестің төрағасы Рафик Ипкаев, ҚР Президентінің замандасы, қаланың Құрметті азаматы Қуаныш Омашев, қоғамдық кеңестің мүшесі Виктор Щерба қатысты. Осыдан соң саябақты жаңғыртуға үлес қосқан кәсіпкерлер келер ұрпаққа арнап хат жазып, уақыт капсуласын орнатты.
Ескі қаладағы саябақтың ашылу салтанаты барысында түрлі шаралар ұйымдастырылды. Шахмат пен дойбы ойынын ұнататындар арнайы павильондардың төңірегінде топтасты. Ал, жастар жағы қала әкімі Ғалым Әшімовпен бірге волейбол мен баскетбол алаңдарындағы спорттық сайыстарға қатысты. Саябаққа серуендеуге келген тұрғындардың назарына жас суретшілердің көрмесі ұсынылып, бүлдіршіндер үшін ойын аттракциондары тоқтаусыз жұмыс істеді.
Ескі қаладағы саябақтың жөнделетіні жайлы жаңалыққа елең етпеген жан болмап еді. Әсіресе, қаланы тұрғызуға үлес қосқан зейнеткерлер ерекше қуанды. Енді қайтсін, жастық шақтарының елесі осында қалды емес пе?! Ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен жандар демалыста осында келіп бой жазатын, мәңгілік серіктері – сүйген жарларын да осы жерде кездестірген…
-
Теміртауға келгеніме 45 жыл болыпты. Жалындап тұрған жастығым осында өтті. Ел қатарлы еңбек еттік, Ресейде тусам да Теміртау менің өз үйіме айналды. Мәңгілік серігімді де осында жолықтырдым. Жұмыстан кейін осы саябаққа қарай асығатын едік. Би кештеріне келеміз, кейде жай серуендеп қайтамыз. Тоқырау жылдарында саябақ қараусыз қалып қойғанына қынжылатын едім. Енді, міне, қала әкімдігі бізге Қарттар күні қарсаңында ерекше сый жасап отыр. Рахмет. Жастардың игілігіне жарасын, – дейді зейнеткер Игорь Васильев.
Жаңғырған саябақтың ашылу салтанатына қарай асыққан халықта қисап жоқ. Теміртаулықтардың бұл жерді сағынып қалғаны анық байқалады. Балдырған бөбектер мерекелік қойылымдар мен ойын алаңдарында асыр салып, шаттанып жүр. Оқушылар болса сурет салу сайысына қатысып, шығармашылық шабыттарына ерік берген. Қаз-қатар тізілген орындықтарға жайғасып, өткен күндерін еске алып, риясыз күліп отырған зейнеткерлердің де қарасы қалың. Расымен де, бұл саябақтың қайта жаңғыруы қарттар үшін зор қуаныш, тосын сый болғаны анық.
«Теміртау – ғұмыр баяным»
Қала күнін тойлау Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталық алаңында өткен гала концертпен қорытындыланды. Салтанатты шараны қала әкімі Ғалым Әшімов құттықтау сөзімен ашып, еңбегі елеулі азаматтарды марапаттады.
Қаланың 73 жылдығымен құттықтаған әкім қаланың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға риясыз алғысын жеткізді. Әсіресе, Теміртауды көркейтіп, қаланың әлеуметтік ахуалын арттыруға өлшеусіз үлес қосқан кәсіпкерлерге шексіз алғыс білдірді. «Жауыртаудағы кездесу» форум-фестивалінің қатысушыларына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Осыдан соң мерекелік концертке кезек берілді. Биыл теміртаулықтарды құттықтауға жастар арасында кең танылған әнші Әли Оқапов пен «Алар» тобы және басқа да өнерпаздар келген екен.
Қаланың мерейлі мерейтойына арналған гала концерт мерекелік отшашумен жабылды.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»