АймақТеміртау

«Жауыртаудағы кездесу»

Теміртау кейінгі кезде өнердің қайнаған ошағына айналып отыр. Мұнда 25 қазан мен 17 қараша аралығында «Жауыртаудағы кездесу» форум-фестивалі аясында үш бірдей мәдени шара өтті. Яғни, 25 қазан – Республика күнінде екінші рет аймақтық «Бұраң бел» би фестивалі, 16 қарашада жас ақындардың «Жырлаймын сені, Қазақстаным!» жыр мүшәйрасы болып, оны 17 қарашада ұлттық фольклорлық ансамбльдердің аймақтық аламаны қорытындылады.

Теміртаудың Мәдениет сарайында өткен осы қорытынды кеште қала әкімінің орынбасары Самат Зияшев сөз сөйлеп, «Қаламызда өткен бұл үш шара да жұртшылықтың көңілінен шығып, оларға рухани қуаныш сыйлады. Біз алдағы уақытта да мұндай игі іске демеу жасап, дәстүрге айналдыратын боламыз», – деді ол.

Қорытынды кештің шымылдығын осында арнайы шақырылған Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі ашып, келесі сәтте форум-фес­тивальге қатысушыларға кезек берілді. Онда Шет ауданының «Ақсу-Аюлы», Теміртаудың «Жауыртау сазы», Абай ауданының халықтық ән-би ансамблі, теміртаулық «Вдохновение», бұқаржыраулық «Эдельвейс», тағы да басқа би топтары мен жеке орындаушылар өнер көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Бұлардың арасынан Теміртау қаласының «Вдохновение» би тобына бірінші дәрежелі диплом мен 300 мың теңге берілсе, фольклорлық ансамбльдердің бәріне Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар сертификаттары тапсырылды. Ал, 21 жас ақын қатысқан мүшәйраның бас жүлдесін Әділет Шопен жеңіп алып, оған арнайы диплом мен 150 мың теңгенің сертификаты ұсынылды. Қалған I, II, III орынды бөліскен Балнұр Омарова, Мейір Жұлдыз, Ғани Айжан тиісінше 100, 75, 50 мың теңгенің сертификаттарына қол жеткізді. Осы жас шайырлардың басын қосып, ұйымдастырып жүрген теміртаулық кітапханашы, өзі де ақын Таңсәуле Әгенқызы осы орайда өзіне көмек көрсетіп, қолдау жасаған қалалық әкімдік пен мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысына ризалығын білдірді. Біз де олардың саңқылдай оқыған өлеңдерін тыңдап, аталған елді мекенде кешегі марқұм Мадияр Дүйсебеков пен бүгінгі Қасым Ботанов, Руза Алдашеваның жолын қуған ізбасарлары – жаңа буын ақындарының өсіп келе жатқанына қуандық.

Бұдан басқадай қатысушылар дүбірлі бәсекеден құр қол қайтпай, әрқайсына лауреат атағы мен ақшалай ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button