«Жауды жеңуге мыс беруге тиіспіз»
Қалалық мемлекеттік архивтегі құжаттарға ден қойсақ, майдан даласынан жырақта жатқан елдің тыныс-тіршілігі тылдың «мылтықсыз майдан» болғанын көрсетеді. Ұлытау-Жезқазған өңірінің жұртшылығы соғыстың алғашқы сәтінен-ақ Отан үшін отқа түсуден тайынбайтынын айқын аңғартты. Қолына қару ұстауға жарайтыны майданға аттанды. Ал, тылда қалғаны өзін жаумен шайқасқан жауынгермен бір саптамын деп серттесті. Сол сертте соғыстың соңына дейін тұрды.
Соғыс басталған соң іле-шала өткен Қазақстан Компартиясы ОК-нің V пленумынан кейін Жезқазған кен басқармасында, Қарсақбай металлургия зауытында, Байқоңыр көмір өндірісінде кен мен көмір өндіру, мыс балқыту көлемін ұлғайту, еңбек бәсекесін жандандыру, майданға аттанған өндірісшінің орнына жаңадан білікті маман даярлау бағытында мақсатты жұмыс жүргізілді. Аймақтағы барлық кәсіпорын соғыс жағдайындағы жұмыс кестесіне көшті. Жедел қайта құру сенімді тыл қалыптастыруға септігін тигізді.
«Жауды толық жоюға қанша қажет болса, біз елімізге сонша мыс беруге тиіспіз!». Бұл — Қарсақбай металлургия зауытындағы майталман металлург М.Көккөзов басқаратын ауысым ұжымының шешімі. Екпінді вахтаға тұрған олар 1941 жылы 17 қыркүйекте 152 тонна штейн берді. Келесі күні көрсеткішті 5 тоннаға арттырды. Қарсақбайлық металлургтер социалистік жарыстың бастамашысы болып қана қоймай, еңбек бәсекесінің алдыңғы қатарынан көрінді.
Жезқазғандық кеншілер қарсақбайлықтарды қуаттап, кен өндіру көлемін екі есе ұлғайтуға және қатарға жаңадан шахта қосуға күш салды.
Басқа бағыттағы құрылыс уақытша тоқтатылып, барлық күш-қуат ескі шахтаны қалпына келтіруге және жаңасын салуға жұмылдырылды. Барлық күш №31-32, «Петро», «Покро» шахтасы, жерасты жолы, су құбыры, жөндеу-механикалық зауыты құрылысына шоғырландырылды.
Жезқазғанда 1941 жылы 35 мың тонна кен өндірілсе, 1942 жылы бұл көрсеткіш 605 мың тоннаға жетті. №12 шахтаның бұрғышысы, ҚКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты А.Сафин 1942 жылы 21 ақпандағы ауысымда 1400 тонна кен қопарып, құлақ естімеген рекорд жасады. Сол күнгі 1200 сом табысын Қорғаныс қорына аударды.
«Майданды киім-кешек, азық-түлікпен жабдықтаған жергілікті өнеркәсіп те Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосты. 1941 жылы мамырда, соғыс басталардың алдында ғана тұсауы кесілген өнеркәсіптік комбинат, сол жылы жылы маусымда ұйымдастырылған ет комбинаты соғыс жылдары жауынгерлерге 6120 шолақ тон, 2000 жұп қолғап, 7000 жұп пима, 20 000 шұлық пен шәркей, эшелон-эшелон ет жөнелтті. Адам айтса нанғысыз, қомақты нәтиже қажымас қажыр-қайраттың арқасында мүмкін болды»
Байқоңыр көмір өндірісіне көп нәрсе тәуелді еді. Аймақтағы өнеркәсіптік тораптың жоспар орындауы көмірдің жеткілікті болуына келіп тірелді. Сондықтан, көмір өндіру қарқыны еселеп арттырылып, оны тұтынушы кәсіпорындарға жеткізу жеделдетілді. Көмір шахталарында стахановтық қозғалыс кең етек алды. Айтмағамбет Сейілов, Құлмағамбет Рахметов сияқты забойшылар тәуліктік тапсырмасын үнемі еселеп, асыра орындады.
Қарсақбай металлургиялық зауыты соғыс кезінде металл беріп қана қоймай, мұнда 1942 жылы 82 миллиметрлік мина жасау қолға алынды. Төрт ай кездескен қиындықпен күресіп, бірқатар күрделі техникалық-ұйымдастырушылық мәселесін шешіп, №1 цех сол жылы шілдеде 4668 мина корпусын дайындады. Сосын КСРО Қару-жарақ халық комиссариатының №15 зауытында корпусқа қопарғыш қоспа салып, майданға жөнелтті.
1942 жылдың соңында барлығы 34 150 мина корпусы дайындалып, оның 34 030-ын КСРО Халық комиссариатының әскери өкілі қабылдап алды. 1943 жылы мина корпусын шығаруды айына 8 000 данаға дейін жеткізу шарасы жүзеге асырылды. Бірақ, КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің сол жылғы 7 ақпандағы пәрменімен Қарсақбай металлургиялық зауыты мина корпусын шығарудан босатылып, белгіленген жоспарды орындау міндеті Жезқазған кенішінің шеберханасына жүктелді.
Жезқазған мыс комбинаты Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы «Қызыл туын» үздік өндірістік көрсеткіші үшін 16 рет иеленді. Ерлікке пара-пар еңбектің белгісіндей ол Ту бүгінде «Қазақмыс» компаниясының мұражай-көрме кешенінде сақтаулы тұр.
Әлібек ӘБДІРАШ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.