Бас тақырыпРесми

Жауапкершілік жүгі жеңіл болмайды

«AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы жазда Астанада өткен болатын. Дәл сондай облыстық форум өңірлер арасында бірінші рет Қарағандыда өтті. Шара партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын орындау аясында барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының негізгі міндеттерін айқындауды көздейді. Бұл әсіресе, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауындағы негізгі міндеттерді жүзеге асыруда маңызы арта түседі. Оның үстіне, Жол картасы шеңберінде одан әрі ынтымақтастықты арттырып, мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдармен байланысты нығайту қажеттілігі тұр.

Форумды «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков жүргізіп, алғашқы сөзді партия хатшысы Руслан Әлішевке берді.

– «AMANAT» партиясының негізгі функцияларын айтатын болсақ, біріншісі реформаларды түсіндіру. Президенттің әр бастамасының маңызын халыққа түсіндіру қажет. Себебі, әр қазақстандық берілген мүмкіндіктерді толығымен қолданып, әрі мемлекеттік даму бағытының қандай екенін білуі тиіс. Мәселен, жақында «Қоғамдық бақылау туралы» заң қабылданды. Соның арқасында азаматтар кез келген мәселесін мемлекеттік деңгейде көтере алады. Егер адамдар мұны білмесе, мүмкіндіктен құр қалады, – деді Руслан Қанатханұлы.

Оның айтуынша, партияның кез келген бағдарламасы егжей-тегжейлі талдау мен зерттеуден кейін қабылданады.

– Кез келген бағыттағы бастама әлеу­меттік зерттеулерден кейін қолға алынады. Бұл ретте жергілікті жерлерде қабылдаулар көп әсер етеді. Сол арқылы өңірлерде тұрғындар үшін маңызды мәселелерді білуге болады. Кәсібилікті арттыру да партияның негізгі міндеттерінің бірі. Бұл ретте партияның Саяси менеджмент академиясы жұмыс істейді. Партия мүшелері, жаңадан сайланған ауыл әкімдері оқыды. Сонымен бірге, жастарға да көңіл бөлу маңызды. Партияның «Жастар рухы» жастар қанатында бүгінде 100 мыңнан астам адам бар. Болашақтағы кадрлық әлеует соларда, – деді Руслан Әлішев.

Партия хатшысы депутаттар өз аймақтарында қолға алынған кез келген істің басы-қасынан табылуы тиіс екенін жеткізді.

– Депутат өз учаскесіндегі сайлау­шылардың мүддесін қорғай білуі керек. Ол халықтың тілегін жеткізді, бюджет қаражаты бөлінер кезде сол жобаға да бөлінуін қадағалады, енді ол жүзеге аса бастағанда соңына дейін болуы керек. Халық оны депутаттардың еңбегімен жасалғанын біле бермейді. Сондықтан, істеп жатқан жұмыстарыңызды ашық көрсете біліңіздер. Бұған ұялудың қажеті жоқ. Тұрғындар сіздердің депутат ретінде не істеп жатқандарыңызды білуі керек. Бұл ретте әлеуметтік желіні пайдалану – уақыттың талабы. Дегенмен, халық алдына шығар тұлға ретінде жауапкершілікті де сезіне білу қажет, – деді ол.

Бұдан кейін сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов форумның маңызды екенін атады. Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ депутаттардың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудағы орнына тоқталды. Ол депутаттық сауал жолдаудың конституция­лық-құқықтық мәні мен мүмкіндігінің зор екенін айтты.

– Мәжілістің сегізінші шақырылымы өзінің 3 айлық жұмысы кезінде 655 депутаттық сауал жолдады. Жұмыс басталғалы жолданған сауалдар саны 75-тен асты. Депутаттық сауал – өңірлердегі шешімін таппай жатқан проблемаларды, сайлаушылардың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін билікке жеткізіп, олардың халық үшін тиімді шешім қабылдауына ықпал ететін конституция­лық құрал. Өңірлерді аралау кезінде Ақадыр кенті, Ақтоғай, Шет, Осакаров аудандары тұрғындарынан түскен сауалдарды тиісті органдарға жіберіп, олардың жауабын оны жолдаған азаматтарға жібердім. Бұл басында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудың бір мысалы, – деді ол.

Партия облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков баяндама жасады. Баяндамасында ол форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді  бірлесіп, ашық талқылау, олардың шешу жолдарын іздеу екенін тілге тиек етті.

– Облыста 200-ден аса мәслихат депутаты болса, соның 160-сы, яғни 76 пайызы осы залда отыр. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен партиялық жобалары ел Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформалар мен экономикалық жаңғыру кезеңінің темірқазығына айналып отыр. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер мен Үкіметке жүктеген тапсырмаларының оң шешім табуына ықпал ету тұрғысында да көптеген игілікті істерге ұйытқы болып келеміз. Мысалы, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 1 мыңнан аса ардагерлер мен қарт адамдарға қайырымдылық көмектер көрсетілді. «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуі тиіс 250 ғимаратқа зерттеу жүргізілуде.жұмыс аяқталғаннан кейін тиісті мекемелерге ұсыныстар берілді. «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде «Балалар үшін жайлы инфрақұрылым», «Балаларды мектепке даярлайық!» акциялары өтті. Акция барысында мыңнан астам оқушыны мектеп құралдарымен қамтамасыз еттік, – деген ол «Ауыл Аманаты» және «Жер аманаты» бағдарламаларына да тоқталды.

– «Ауыл Аманаты» жобасы жоспарға сәйкес іске асырылуда, – деді Бекзат Қомарұлы. – Аталған жоба аясында бүгінгі күні 5 млрд. 945 млн. теңгеге 766 өтінім қабылданған, жалпы соммасы 1 млрд. 321 млн. теңгені құрайтын 150 несие берілді. Халық алғашқыда күдікпен қарап, кейін сенімі артқан «Жер аманаты» жобасы бүгінде өз жемісін беруде. «Жер аманаты» жобасы аясында 2022 жылы облыс бойынша қайтқан жердің жалпы көлемі – 1 млн. 230 мың аса гектарды құрады. Биылғы жылы жоба аясында өңірдегі 310 мыңнан аса гектарға жуық жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады.

Облыстық филиал төрағасы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенді жұмысын да атап өтті. Өңірде осы сияқты әйелдер қанатын қалыптастырып, алдағы уақытта облыстық әйелдер форумын өткізу жоспарда екенін жеткізді.
Бұдан кейін сөз облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваға берілді. Ол жергілікті атқарушы органдардың тарапынан атқарылып жатқан істерге тоқталды.

– Тұрғындар табысын арттыру үшін 1,5 трлн. теңге болатын жобалар қолға алынған. Оларда 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Кәсіпкерлердің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін айдың басындағы дерек бойынша 492 грант берілді. Олардың жалпы сомасы 1,3 млрд. теңге. Нәтижесінде шағын және орта бизнес секторы 100 мыңнан асты, онда еңбек ететіндердің қатары 237 мыңға жетті, – деді басқарма басшысы.

Баяндамада мәлім болғандай, қазір облыста 350 орын болатын 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ауылдық жерлерде 14 фельдшерлік-акушерлік пункттер де салынуда. 29-ының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6 ФАП құрылысы аяқталып қалды. Топар кенті мен Қарқаралы қаласында спорт нысындары бой көтеруде. Баспана мәселесін шешу мақсатында жыл басынан бері 279 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үй кезегінде тұрған 136 отбасы баспаналы болды.

Татьяна Юревьна жергілікті мәнге ие 45 шақырым жолдың жөнделгенін, облыстық маңызы бар 252 шақырым жолдық күрделі жөндеуден өткенін де атап өтті. Бұл ретте ол Сарандағы «QazTehna» зауытынан 95 автобустың алынғанын, жыл соңына дейін тағы жүзі жеткізілетінін мәлімдеді.

Форумның негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін облыстық мәслихат депутаты Меруеш Башай әуелетіп ән салды. Шара арнайы секциялар жұмысымен жалғасты. Үш секцияның бірін Бекзат Қомарұлы өзі жүргізді. Білім, мәдениет, әлеуметтік қорғау, спорт пен жастарға қатысты мәселелер Қадиша Оспанова жетекшілік еткен екінші секцияда талқыланды. Сондай-ақ, Мира Махатчина үшінші секцияға модератор болып, ауыл шаруашылығы, экология, өндіріс, кәсіпкерлік пен құрылыс саласына қатысты мәселелерді қарастырды.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button