Жезқазған
Жасын – ғұмыр жарқылы
Мысты қаладағы С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапхана- филиалында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекет және қоғам қайраткері Шәбден Ералиевтің туғанына 120 жыл толуына орай, «Тарих толқынындағы тағдыр» атты кездесу кеші өтті. Тағылымды басқосуға жасын-ғұмыр кешкен асыл азаматтың алыс-жақыннан шақырылған ұрпақтары, қоғам белсенділері мен оқырман қауым қатысты.
Кездесу кешіне қатысушылар бар болғаны 30 жыл өмір сүрсе де, өзінен кейінгілерге өлмес өнеге қалдырған Шәбден Ералиевтіңмағыналы тірлігінен сыр шертетін бейнебаянға назар салып, «Жалынды күрескер, жасампаз тұлға» атты фотокөрмені тамашалады.
Қадірлі қонақтар қатарындағы «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты Жезқазған филиалының басшысы Абай Бағчай, кеш кейіпкерінің бауыр-ұрпақтары Амангелді Ералиев пен немересі Әбілбек Дуанбек бастаған шөберелері қажырлы қайраткер хақында тебіренеой толғап, мол мәлімет-деректерді ортаға салды.
Ш.Ералиевтің шөбересі Сенбі Секенов тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетованың авторлығымен Астанадағы «Кәусар» баспасынан жарық көрген батыл ердің еңбек жолы туралы «Шәбден Ералиев. Тарих толқынындағы тағдыр» атты тарихи очерк-монография кітабының бірнеше данасын кітапхана қорына өткізді.
Оқырманды жаңа жинақтың мазмұны және негізгі идеологиялық мақсат-мұратымен таныстырды.
Кеш барысында «Ұлытау үні» фестивалі аясындағы көркемсөз оқу шеберлері сайысының Бас жүлдегері Үсен Бекжігіт Мағжан Жұмабаевтың «Абақтыда» поэмасынан үзінді оқыды. «Ераливке арнау» атты өлеңдер топтамасын кітапхана жанындағы «Жас толқын» поэзия клубының мүшелері тыңдарманға тартымды жеткізе білді.
Өнегесі жасампаз жанның шөбересі, Жезқазған музыка колледжінің оқытушысы, әнші Сағымбай Мәлібеков және жерлестері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ғалым Мұхамедин мен Береке Көшенов сөз сөйлеп, әсем әнмен шашу
шашты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы