Жастық жігер салтанаты
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы мен спортты дамыту орталығы бірлесе ұйымдастырған «Туған жерге тағзым» тақырыбында эссе жазудан қалалық байқауға қатысушылар Ұлытаудың қасиетті орындарына сапарлап, Әулиетау шыңының тылсым сырымен танысты.
Өскелең буынның туған жер тарихын зерделеуге ынтасын арттырып, сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат тұтқан байқауға жиырмадан астам үміткер қатысты. Олар өз туындылары арқылы Ұлытау-Жезқазған өңіріне перзенттік іңкәрлігін білдіруге талпынып бақты.
Байқау қортындысында бас жүлдені «Жезқазған қаласы әкімі аппаратының жанындағы халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ бас маманы Әлихан Әбдіқапаров жеңіп алды. Екі I орынды №1 орта мектебінің 11 «а» сынып оқушысы Ғалымжан Рымжан мен Қ.Шыңғысов атындағы №5 орта мектептің 9 «а» сынып оқушысы Лаура Сатыбалды иеленді.
Жеңімпаз бен I, II және III орындарды еншілеген жүлдегерлерге арнайы марапаттар тапсырылды. Байқауға қатысушы басқа да үміткерлерге Алғыс хаттар берілді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»