Жаңалықтар

Жастардың жаңа қадамы

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын ел жастарына ерекше көңіл бөледі, бұлақтың көзін ашқандай, жастардың жолын ашады.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің жастарын біріктіретін «Ассамблея жастары» ұйымын құрудағы мақсат та осы болатын. 2021 жылы 17 қарашада өз жұмысын бастаған республикалық қоғамдық бірлестік Мемлекет басшысы мен ҚХА Төрағасының бастамасымен құрылған еді. Ал, Қарағанды өңіріндегі «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдігі 2022 жылы 26 қаңтарда жұмыс бастады. Аз уақыт ішінде ұйымшыл жастың қаншасы игі істердің басы-қасынан табылды десеңізші?! Ендеше, жастар ұйымының жақсы істерін саралап көрелік.

«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы өкілдігіне Қарағанды медицина университетінің комплаенс-офицері, «Дакия» румын мәдени қоғамы» ҚБ жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашов тағайындалған.

Жастар ұйымы алты бағыт бойынша жұмыс істейді. Алғашқысы «Social Assembly» – жастарды әлеуметтік қолдау, білім деңгейін арттыру және жұмысқа орналасуға көмек беру, мемлекеттік тілді үйренуге арналған «Бірлік тілі», тарихи-мәдени мұраны сақтауды көздейтін «Ел мұрасы», экология мен қоршаған ортаны қорғау бойынша «Таза орта», әскери-патриоттық тәрбие беруді көздейтін «Қасиетті парыз», сондай-ақ, медиа-жобаларды дамыту және медиа-сауатты арттыру бойынша «Jastar media» бағыты бар.

Өкілдік құрылғаннан соң, «Ассамблея жастары» еріктілер лигасы, пікірсайыс лигасы, «BIZ BIRGEMIZ» жастар лигасы, «Біз – біргеміз!» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы қолға алынған. Өкілдік құрылғаннан бері іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге 1 миллион теңгеден астам демеушілік қаражат бөлінген. Былтыр румын қоғамының қолдауымен белсенділер психикалық дамуы тежелген балаларға 130 сыйлық дайындаған. Ал, Алғыс айту күнін мерекелеу қарсаңында аз қамтылған және көп балалы 30 отбасыға балаға қажет тұрмыстық зат таратқан. Сонымен қоса, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өкілдік Ақтас кентінде тұратын көп балалы отбасына (6 бала) компьютер сыйлады. Қарттар күніне орай мерекелік түскі ас және концерт ұйымдастырылып, мекеме үшін музыкалық жабдықтар сатып алынған.
– «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты – әскери-патриоттық тәрбие беру, жастармен жұмыс жасау, мемлекеттік тілді дамыту, жастардың бастамаларына қолдау көрсету, олардың жобасы мен идеяларын жүзеге асыру. Өңірдегі қаншама игі істер сол жастардың белсенділігімен жасалуда. Мәселен, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында Әлихан Бөкейхан ауданында экоакция өткіздік. Табиғатты сақтау, тазалық жүргізу бағыты бойынша жастар белсенді жұмыс жасап жатыр. Былтыр Қарағанды қаласының оңтүстік-шығысындағы аллеяны тазарту бойынша плоггинг өткізіліп, 122 ағаш отырғызылды. Алдағы күндері біз Достық үйінің алдына Достық аллеясын отырғызуды жоспарлап отырмыз, – деді Александр Урмашов.
Өңірдегі мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері үшін «Бейбітшілік және келісім сабақтары» жобасы іске асыруда. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен облыстағы түрлі этномәдени бірлестіктердің белді мүшелері дәріс оқиды. 
«Ашық аспан астындағы тарих сабағы» жобасымен жастар өңірдегі киелі орындарға барады. Бұған дейін олар Спасск мемориалдық кешенінде және Қарқаралы тарихи-өлкетану мұражайына барды. Онда киелі мекен тарихы, этникалық топтардың жаппай депортациялануы, өзге этностардың біздің елімізде пайда болу тарихы туралы айтылды. Кейінгі ұрпақ үшін өткен тарихымызды білу өте маңызды», – деді Александр Урмашов.
Өкілдіктегі Еріктілер лигасының күші мен қызметі ерек. Еріктілер лигасында «Birgemiz: Qamqor» және «Birgemiz: Umit» жалпыұлттық жобалардың 100-ден аса еріктісі бар. Қиын жағдайларда олар әрқашан көмек қолын созуға дайын болды. Мәселен, Қостанай облысында болған өрт кезінде гуманитарлық көмек жинауға және сұрыптауға белсенді қатысқан, сондай-ақ, еріктілердің бір бөлігі зардап шеккендерге көмек беру үшін тікелей аймаққа барып, қол ұшын созды.
Жалындаған жастардың озық идеялары мен бастамалары мемлекет тарапынан қолдау табуда. «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестіктің өңірлік өкілдігінің басшысы Александр Урмашов 2022 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының көмегімен жастар бірлестігінің ірі жобалары жүзеге асқанын айтты.  «Жастар арасында таралған синтетикалық есірткіге қарсы күрес, еріктілер қозғалысын дамыту, «Күміс» волонтерлікті дамыту, бейбітшілік пен келісім идеясын насихаттау бойынша түрлі шараларды өткізу қолдау тапты», – деді өкілдік басшысы. 
Ассамблея жастары өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне ықпал етуде. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша «Ассамблея жастары» жетекшісінің орынбасары Гүлзат Құсайынованың айтуынша, жастар қазақ тілін дамыту бағытында да жұмыс атқаруда. «Ассамблея жастары» ұйымы тарапынан тіл үйренудің жаңа форматтары «Қазақша tea-talks» және «Үйде сөйле» жобалары қолға алынған. 
– Мен бұған дейін «Еріктілер лигасының» жетекшісі болдым. Еріктілер лигасына қосылу үшін әртүрлі ұлт өкілдері біздің сайтта өтініш қалдыратын. Олардың қатарында орыс, әзірбайжан және украин ұлт өкілдері болды. Сол кезде олар орысша ғана сөйлейтін. Қазір бірлесе жұмыс жасау кезінде олар қазақша үйреніп келеді.
ҚХА-ның негізгі мақсаты – ұлттар арасындағы достықты сақтау. Ассамблея жастары да осы ұстанымды қолдайды. Достықты құру, дамыту, сақтау үшін мемлекеттік тілдің оқытылу деңгейін жақсарту керек. Жоғарыда аталған жобалар осы мақсат бойынша қолға алынды. Бұл мемлекеттің жарқын болашағы үшін қажет қадамдардың бірі, – деді ол. 

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button