АймақТеміртау

Жастарды қолдау – болашақты қорғау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына орай жастарға көрсетіліп жатқан қолдау мен қамқорлықтың аясы кең. Соның бірі – NEET санатындағы жастарға жан-жақты жанашырлық жасап, олардың арасындағы жұмыссыздықты жою. Бұл санатқа жататындардың тұрақты жұмысы жоқтығынан əлеуметтік аударым да болмай, ертеңгі алаңсыз кəрілігін қамтамасыз етуі күңгірт еді.

– Міне, осы мəселені шешу жолында Теміртау қаласында жүйелі жұмыс жүргізілуде, – дейді Теміртау қаласы Жастар ресурстық орталығының КММ директоры Аңсар Манатаев. – Жəне де ол жұмыстар жоспарлы түрде бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Соның нəтижесінде, қала мен оның аумағына кіретін Ақтау кентінде жастар жұмыссыздығының деңгейі өткен жылы 2021 жылғы 5,7 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді.

Статистикалық деректер бойынша, 2023 жылдың 1 қаңтарында аталған елді мекендерде – 184 100 адам тұрса, соның ішінде 14-35 жас аралығындағы жастар 50618 адамды құрайды екен. Осылардың қатарынан əлеуметтік аударымы (табыс салығы, зейнетақы жəне медициналық сақтандыру қорларына) жоқ 3364 жас NEET санатына енгізілген. Ол 18 бен 35 жас аралығындағы жастарды қамтиды. Ал, былтыр ол 14-28 жас аралығында болып белгіленіп, бұлар 1915 адам болған. Есепті мерзімде олармен 33 кездесу, 1101 кеңес өткізіліп, 300 жас «Жасыл ел» жастар жасағында еңбек етіп, 50 адам кəсіптік бағдарлау бойынша қысқамерзімді курстарда оқытылып, сертификат алған.

Аңсар Манатаевтың айтуынша, NEET санатындағы жастардың жұмыссыздық деңгейіндегі үлесін азайту мақсатындағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Атап айтқанда, 70 адам кəсіптік білім алып, жастарға заңгерлік жəне психологиялық көмек көрсетіліп, оларға қала əкімінің əрқайсы 2 миллион теңгеден 20 гранты беріледі. Бұл ақшаға олар өз кəсібін ашуға мүмкіндік алады. Мұның сыртында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 450 жас аумақты абаттандыру, тазалау ісімен айналыспақ.

Осылайша, Теміртау қаласы мен Ақтау кентінің NEET жастары өздеріне мемлекет жасап отырған жанашырлықты сезініп, оның жемісін көретін болады.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button