Жаңалықтар

Жастарды бірге қолдайық

Бүгінгі таңда облыстағы жастар саны 288759-ды немесе аймақ халқының 21%-ын құрайды. Бұл – халықтың өз қажеттілігі мен проблемасы, қалауы бар үлкен бөлігі. Мемлекет басшысы өз сөзінде жастар – біздің болашағымыз екенін әрдайым айтады. Ал, біз жаңа заман ұрпағының қазіргі таңда мемлекеттік және саяси қызметте маңызды лауазымдарға ие болып, көптеген маңызды мәселелерді шешуге қатысып жүргенін көріп отырмыз.

Мемлекет бұл тараптан жастарды әрқашан қолдап, мүмкіндіктер жасайды. Осыған байланысты, осы жылы өткен Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша арнайы 20% квота енгізілді. Соның арқасында республика бойынша 35 жасқа дейінгі 600-ден астам жас депутатымыз бар.

Біздің Қарағанды облысы да бұл қатардан қалмады. Әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың 40 депутаты жастар құқығын қорғайды.

Ағымдағы жылдың басынан бері республикалық, облыстық, аудандық және қалалық деңгейлерде Nur Otan партиясының жанынан Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестер құрылды. Олардың төрағалары болып жас депутаттар сайланды.

Жыл басынан бері кеңестің 3 отырысы өткізіліп, онда «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» мемлекеттік бағдарламалары, жастар кәсіпкерлігін дамыту, студенттік жатақханалардың жағдайы, спортты дамыту мәселелері қаралды және ең бастысы «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру қарастырылуда. Әрбір отырысқа мемлекеттік органдардың басшылары шақырылады.

«Жастар – Отанға!» бағдарламасы 2025 жылға дейінгі облыс жастарының түрлі салаларда көтерілуіне, өсуіне қолдау көрсетеді.

Қарағанды облысында барлығы 19 жол картасы бар. Олардың шеңберінде 322 индикатор және 715 іс-шара көзделген. Қазіргі уақытта 2021 жылғы жол картасындағы пункттерінің 70%- ы орындалды, 30%-ы жүзеге асырылуда. Әрбір жол картасы 5 бағытты қамтиды: «Азаматтық белсенділік», «Сапалы білім беру», «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту», «Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді тұрғын үй», «Тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу».

Әрбір бағыт бойынша кеңестің қадағалауымен нақты, жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Егер, әрбір пунктте тоқталатын болсақ, «Азаматтық белсенділік» бағыты бойынша айтар болсақ, облыста 40-тан астам волонтерлік ұйым өзінің тұрақты қызметін жүргізеді. Олар мұқтаж отбасыларға АӘК көрсету бойынша түрлі іс-шаралар, жазғы кезеңде ТЖД-мен бірлесіп суда жарақаттанудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді, қысқы кезеңде жалғыз тұратын зейнеткерлерге атаулы көмек көрсететін болады.

«Сапалы білім» бағыты бойынша Қарқаралы қаласындағы «Мыңжасар Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі» КМҚК студенттері үшін 100 орындық жаңа жатақхана құрылысын атап өткім келеді.

Бүгінгі таңда 136 010 бала мен жасөспірім мектептен тыс ұйымдардың барлық түрлерімен қамтылған немесе 66,4% құрайды. Оның ішінде, қалада жұмыспен қамтылу – 112 532 (68,5%), ауылда – 23 478 (52,4%).

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін биыл 5 млрд. теңге сомасына 33,5 мың бірлік компьютерлік техника сатып алынды. Нәтижесінде, облыс бойынша мектептердегі барлық компьютерлік техниканың саны 63 057 бірлікті құрады, бір компьютерге 3,2 оқушыдан келеді. Барлық білім беру ұйымдары интернет желісімен қамтамасыз етілген.

«Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бағыты бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28 668 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, 11 006-сы – жас. Бұл – жұмысқа орналасқандардың 42%-ы.

ТжКБ ұйымдарының деректеріне сәйкес 1973 студент немесе 9%-ы түрлі кәсіпорындарда жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде, 346 студент «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. 2020 жылы осы бағдарлама бойынша 1453 адам жұмысқа орналастырылды. 2021 жылы – 1681 адам. «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 1421 адам білім алды. Ондағы жастар саны 547 адамды құрайды. «Жас отбасыларды қолдау және қолжетімді тұрғын үй» бағыты бойынша жастар үймен қамтылды. Облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан үй кезегінде 37672 азамат тұр. Оның ішінде, 7118-і – жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Қазіргі уақытта 76 жетім бала, 163 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Облыс бойынша барлығы 112 әлеуметтік қызметкер, 77 психолог жұмыс істейді. Білікті маманнан психологиялық көмекті әрбір ЕАҰ-дан алуға болады. Отбасын жоспарлаудың 46 кабинеті ашылды, онда дайындалған медицина қызметкерлері контрацепцияға және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алуға қатысты түрлі мәселелер бойынша консультациялық көмек көрсетеді.

«Тұлғалық даму және бос уақытты тиімді өткізу» бағыты бойынша қазіргі уақытта облыс бойынша 8 ірі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Барлығы аудандарда орналасқан. Олардың көпшілігінде бассейн бар. Биыл 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. 2022 жылдың соңына дейін 5-еуінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Осы жол картасын орындау барысында кеңес бақылау жүргізуді жалғастырады және жүзеге асыру бойынша ұсынымдар береді.

Егер, сіздің жастарға, жастар саясатына қатысты ұсыныстарыңыз, сұрақтарыңыз болса Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, №4 үй, №136 кабинет мекенжайы бойынша немесе 8 (7212) 50-24-72 нөмірі бойынша хабарласа аласыз. Жастарды бірге қолдайық.

Зарина МАРДАНОВА, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button