Бас тақырыпРуханият

Жастар жылы – жалынды жастар жыры

Арқа жұрты айтулы Наурыз мейрамын ақындар айтысымен бастауды дәстүрге айналдырып үлгергеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Биыл да сол игі үрдіс жарасымды жалғасын тапты. Өткен сейсенбіде Қарағанды шәріндегі Кеншілер мәдениет сарайында «Армысың, әз Наурыз» атты облыстық ақындар айтысы осымен он үшінші мәрте шымылдық түрді.

Төл өнерімізге деген шынайы құрмет, ақындар айтысына деген айрықша сүйіспеншілік Арқа жұртынан бір елі ажырап көрген емес. Қазақы сөз сайысы қашан да қадірлі. Қара өлең қара домбырамен үйлескен тұста арқа қозып, рух атойлайтыны да содан болар, бәлкім. Әйтпегенде, «атқа мінгені алты ауыз, түйеге мінгені төрт ауыз өлең шығарған» ұлт атанар ма едік? Бұл – ана сүті, әке қанымен жеткен ұлттық кодтың ұлы көрінісі!

  • Қаумалаған ағайыны, қолпаштайтын халқы болмаса, ақынның бағасы өспейтінін жақсы білеміз. Сондықтан, алтын уақытын қиып, алтын басын иіп, жас ақындарға демеу, шабыт сыйлай келіп отырған көрерменге алғысымыз шексіз. «Жастар жылында» жас өнерпаздардың өнеріне сүйсінгенге не жетсін! Тепсе темір үзетін тегеурінді толқын бар. Алдағы күннің аузы дуалы ақыны атанатын да осылар болады деген үміттеміз, – деп сөз бастаған һәм айтыс тізгінін ұстаған ақын Айтбай Жұмағұлов сахна төріне жас ақындарды шақырды.

«Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт». Зерлі шапан жамылып, үкілі домбырасын ұлықтап, Қарағанды, Теміртау, Шаxтинск, Сәтбаев қалалары мен Жаңаарқа, Бұқар жырау, Нұра, Шет, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарының намысын қорғай келген он алты дүлдүл ортадан табылды. Наурыз нақышына айналған «Көрісу», «Амал» күндерінен кейін көзіқарақты көрерменнің араға жыл салып барып дәстүрлі додамен жүздескені де, арда өнермен қауышып, ақынымен көріскені де төл мейрамның мазмұн төркіні дерсіз. Айтысқа арнайы атбасын бұрған мұндай өнер жанашырлары қатарында «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков және облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай да болды.

  • Жас ақындар халқымыздың өзіндік болмысын, мәдениеті мен қайталанбас дара қасиетін биікке көтеріп, мәртебесін үстем етеді деп сенемін. Өркениет өрінен көрінген қай мемлекет болсын ең алдымен туған тілін, әдебиетін, төл мәдениетін төрге оздырып келеді. Қазақ елі де кенжелеп тұрған жайы жоқ. Поэзия күллі ұлт пен ұлысқа ортақ игілік болса, айтыс өнері көшпелі түркі халықтарына ғана тән дара құбылыс дер едім. Облыстың түпкір-түпкірінен жасындай жарқырап шығып отырған жас ақындарымыз – соның дәлелі, – деді облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.

Жыл сайын Ұлыстың Ұлы күніне орайластырылатын дәстүрлі дода әр кез айтулы оқиғаларды да арқау ететінін айта кету қажет. Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болып, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған игі шара биыл ұлттың ұлы тұлғалары Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мен Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығы аясында қанат жайды. Төл мерекемен қатар, ақындар тілге тиек етер еңселі тақырыптар да осы болды.

Қош! Алғашқы болып сахнаға Нұрмұхаммед Байсүгіров пен Мұхтар Әділовтің жұбы көтерілді. Сөз бастаған Нұрмұхаммед жыл көлемінде елді елең еткізген өзекті мәселелерді жырға арқау ете отырып, тақырыпты да ұмыт қалдырған жоқ. Қазылар құрамының әр мүшесін ұлт тұлғаларына ұқсатып, сөз маржанын таспа өргендей етті. Мәселен, білім-ғылым жолында жүрген Қойлыбай Асановты Қаныш Сәтбаевқа, қыз-жігіт айтысының ажарын келтіре білетін Мақсат Ахановты Ақан серіге, Өміржан Көпбосыновты Біржан салға,

«Ал, енді Сәкеніміз қайда десең,

Сымбатымен көрініп

тұр сыртынан-ақ,

Жюри жаққа жақсылап қарасаңдар,

Сәкенді танисыздар мұртынан-ақ»

деп Аманжол Әлтаевті Сәкен Сейфуллинге ұқсатты. Тапқырлығына тәнті болған көрермен қошеметін аяп қалған жоқ. Бұдан әрі, назарын Мұхтарға бұрып:

«Ал, енді мойын бұрам жас балаға,

Қалқаныңды дайында, қасқа бала.

Аман-есен келдің бе Елордадан,

Бауырым, не жаңалық Астанада?

Студенттік өмірің қалай екен,

Кей күндері қарының аш қала ма?

Бірақ та түріңе қарап тұрсам,

Сен мүлдем ұқсамайсың аш балаға.

Тұрақты клиент боп

жүрсің бе әлде,

Тұранның қасындағы асханаға?» деп ықтырып әкеткен Нұрмұхаммедтің сөзінен ыға қоймаған Мұхтар:

«Тұрғыны болдың-ау деп бас қаланың,

Жаңалығын сұрадың ба Астананың?

Қарнымды аңдып менің не көрінді,

Нұрмұхаммед, бір сойқанды бастамағын.

Нұрмұхаммед, осының жөн болмады,

Сөзін айтар деп отсам һас дананың,

Асына келіп тұрып қос бабаның,

Асхананың деңгейінен аспағаның» – деп табанасты жауап қата білді. Осы тектес алма кезек сөз қағысу кейінгі жеті жұп арасында да ебімен, мәнерімен, көрерменді жалықтырып алмайтын әсерімен орынды жалғасын тапты. Айтыс іріктеу және ақтық мәре сайысы болып екі бөлімнен тұрды. Ақтық мәреде Сырым Бейсенбек пен Бекарыс Оспанов өнер көрсетті.

Сөйтіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, төраға Аманжол Әлтаев бастаған, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов, «Сарыарқа» телеарнасының редакторы Әли Тойжігіт, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ерлан Құсайын, айтыскер ақындар Мақсат Аханов және Өміржан Көпбосынов сынды қазылар құрамы тартысты сайысқа таразы болып, кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтады.

Нәтижесінде, бас жүлдені Бекарыс Оспанов (Қарқаралы ауданы) иеленсе, І орын Сырым Бейсенбекке (Жаңаарқа ауданы), ІІ орын Медет Жаманов (Жаңаарқа ауданы) пен Бекболат Еркеғалиға (Теміртау қаласы) бұйырды. Өз кезегінде, ІІІ орынды Мұхтар Әділов (Шет ауданы), Доскей Ботпай (Бұқар жырау ауданы) және Абзал Мақашев (Қарағанды қаласы) бөлісті. Сонымен қатар, Ілияс Жансүгіров атындағы арнайы жүлде Ұланғасыр Қамиевке (Шет ауданы) табыс етіліп, Бейімбет Майлин атындағы арнайы жүлде Нұрмұхаммед Байсүгіровке (Шахтинск қаласы) бұйырса, Доскей Əлімбаев атындағы жүлдеге Әлихан Ерғалиев (Теміртау қаласы) лайық деп танылды. Бұл аз десеңіз, облыстық мəслихат депутаты, атымтай жомарт азамат Бекзат Алтынбеков те өз атынан Кенішбай ақын атындағы арнайы жүлде тағайындап, оны Абзал Мақашевқа ұсынды. Сондай-ақ, «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік орталығы арнайы жүлде тігіп, Әлихан Нығметолланың тақымына тұлпар басты. Өз кезегінде, орталық өкілі алдағы жылдардағы айтыста өңір кәсіпкерлері барлық ақындарға демеушілік көрсететінін жеткізді.

Айта кетейік, бас жүлдені табыс ету салтанатында қазылар алқасының төрағасы сүйіншілі хабар да жеткізді.

– Қазақ халқы «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді. Мақсат Аханов, Дидар Қамиев сынды аузымен құс тістеген азулы ақындарға қояр талапты енді ғана буыны қатып келе жатқан жастарға қоя алмаймыз. Кемшілігі болса жасырдық, жақсылығы болса асырдық. Жалпы, айтыс деңгейі төмен деп айтуға ауыз бармайды. Оған – көзіқарақты көрермен, өздеріңіз куәсіздер. Ақындарға арқау болған қос тұлға Сәкен Сейфуллин мен Қаныш Сәтбаев есімі алдағы күнде де ұлықтала бермек. Өз кезегімде, осы мүмкіншілікті пайдаланып, сүйіншілі хабар жеткізгім келеді. Алла қаласа, қыркүйекте осы өңірде Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады. Сол тойда жүздесуге жазсын, – деді Аманжол Әлтаев.

Барлық ақындар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,

Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button