Жастар жанашырлығының жарқын үлгісі
Аймақта «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасып жатыр. Осы аптада акцияның «Киелі мекен» бағыты аяқталады. Апта бойы облыс тұрғындары тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарымен айналысты.

Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығы бірқатар шараларға ұйытқы болды. Кеше орталық мамандары мен студенттер, еріктілер Михайловкадағы қорымда жерленген қазақтың бетке ұстар азаматтары Әлімхан Ермеков, Қали Байжанов, Әңгелбай Әлихановтың зиратына барып, тазалап қайтты. Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері Евней Бөкетовтің зияратына тазалық жұмыстарын жүргізді.
– Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аида Ысқақова. – Президенттің бұл бастамасы – табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау ғана емес, тәрбиелік мәні бар шара. Өңірде тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Олардың жағдайы, маңайының тазалығына үнемі мән беріп отырған жөн. Ресурстық орталық жанынан құрылған «Volteg» еріктілер қауымдастығының өкілдері тазалық шарасына атсалысуда.
Жастар айналасы бір сағаттың ішінде бейіт маңын тазалап шықты. «Volteg» еріктілер қауымдастығының өкілі Нұрсұлтан Сексенов – бұдан басқа да акциялар мен жобаларға белсене қатысатын жас.
– Бұған дейін де сенбіліктерге, түрлі форумдар мен әлеуметтік жобаларға қатысып жүрмін. Өзіме ұнайды, қолымнан келгенше көмектескім келеді. Жұмыс қиын емес, – дейді ол.
Қарағанды мемлекеттік университетінің «Біз бармыз» волонтерлық орталығының еріктілері де «Киелі мекен» акциясына өз үлестерін қосты. Олар университеттің тұңғыш ректоры, белгілі ғалым, біртуар қайраткер Евней Арыстанұлының зиратын абаттандырып, тазалады.
– Волонтерлық орталықта университет бойынша мыңға жуық адам бар. Жастардың белсенділігі осындай шараларда көрінеді. Соның арқасында біздің ұйым облыстық, республикалық акциялардан тыс қалмайды. Мәселен, алдында ғана Петропавловск қаласына облыс атынан гуманитарлық көмек жіберуге біздің орталықтың жастары атсалысты, – дейді орталық жетекшісі Жасұлан Жахин.
Университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі департаменттің маманы Нұрдәулет Бақышевтың айтуынша мұндай жұмыстарды университет мамандары мен студенттері акциядан бөлек ұйымдастырып тұратындарын жеткізді.
– Былтыр екі рет келіп тазарту жұмыстарын жүргіздік. Алдағы уақытта Евней Арыстанұлының жерленген жерін білдіретін нұсқамалық тақтайша орнату, оған барар жолды тазалау сияқты жұмыстарды жүргізу жоспары бар, – деді Нұрдәулет Бақышев.
Жалпы, акцияның «Киелі мекен» аптасы аясында қаладағы ескерткіштердің маңы тазартылды. Бейсенбі күні мәселен, Жеңіс саябағында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мемориал, Ауған соғысы қатысушыларына, Чернобыль АЭС болған апатты жоюшыларға арналған ескерткіштер тазартылды. Бұған Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттері қатысты.
– Бұл акцияны біз өңіріміздің барлық тұрғындарына үндеу ретінде өткіземіз. Жастарды, еріктілерді және барлық халықты аулалар мен көшелерді қоқыстан тазартуға және облысымыздағы экологиялық жағдайды жақсартуға шақырамыз. Біздің акцияларға барлық жастар волонтерлік ұйымдары қатысады. «Таза Қазақстан» акциясының екі аптасында 10 воленторлық ұйымнан 250 -ге жуық студент қатысты, – деді Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығының маманы, фронт-офис волонтерларының жетекшісі Ардана Мырзанова.
– Қаламыздың тазалығын сақтау, ескерткіштер мен киелі жерлерімізді өз қалпында ұстау маңызды, – дейді Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мұхамеджан Юсупов. – Қала өміріне өз қатысымызды сезінеміз. Бұл – азаматтық борышымыз. Акцияға студенттер белсенді қатысуда.
Келесі аптада ағаш көшеттерін отырғызу, әктеу жоспарланған. 22-27 сәуір аралығы «Жасыл аймақ» деп аталады. 29 сәуір – 4 мамыр – «Өнегелі ұрпақ» апталығы. Бұл кезде ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын жинау және абаттандыру ұйымдастырылады. Қорытынды 6-11 мамыр «Мөлдір бұлақ» аптасында су айдындарының айналасы қоқыстан тазартылатын болады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz