Жастар танымы кеңейе түсті
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының Қаражал қаласындағы филиалы Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасы аясындағы «Атамекенім» бағдарламасы негізінде қоғам үшін қайтарымы мол шараларды жүргізуді батыл қолға ала бастады. Соған орай, жас буын өкілдері жергілікті өндірістік кәсіпорындардың тыныс-тірлігімен терең танысуда.
Мәселен, «Karazhal operating» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанда қаладағы тау-кен-техникалық колледжінің І курс студенттері біршама жайттың қыр-сырына қапысыз қанықты. Кәсіпорын қызметкерлері болашақ мамандарды өндіріс ошағының өзіне тән ерекшеліктерімен егжей-тегжейлі таныстырып, олардың жұмысшылардың еңбек үдерісімен жете танысуына мүмкіндік тудырды.
Таныстырылым шарасынан кейін аталған нысан қабырғасында арнайы кездесу ұйымдастырылып, кәсіпорынның басшылық құрамы студенттермен күн тәртібіндегі тақырып аясында тартымды әңгіме өткізді. Олардың тарапынан қойылған алуан түрлі сауалдарға тұщымды жауаптар қайтарды.
– Жас буын өкілдерінің өздері туып-өскен өлкенің қазба байлықтары туралы мәлімет-деректерді толық меңгеруі, жер қойнауындағы қазынаның мемлекеттің қуатын арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға тигізер септігін жетік бағамдауы – басты қажеттіліктің бірі, – дейді Кәсіпкерлер палатасы қалалық филиалы директорының міндетін атқарушы Меруерт Жексенбаева.
– Осынау іс-шараны ұйымдастыру барысында біз соған айрықша ден қойдық. Студенттердің кездесуден кейінгі ой-пікірлері – көздеген мақсатқа қол жеткізе алғанымыздың айғағы. Шынында да, олардың таным-өресі кеңейе түсті.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҚАРАЖАЛ қаласы.