Жастар – келешек кепілі
Достық үйінде ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы төрағасының орынбасары, «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев қаламыздың белсенді жастарымен кездесті. Жаңа тұлғаларды тану, жас көшбасшыларды қолдау, сондай-ақ олардың тың идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасау – кездесудің басты мақсаты болды.
Жиын барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жастармен талқылап, оның іске асыруда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда ҚХА алдында тұрған өзекті міндеттер туралы айтылды. Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервінің мүмкіндіктері талқыланды.
Ақпараттық саладағы жаңа жобаларды жүзеге асыру мақсатында жастар бірқатар маңызды мәселені көтерді. Соның ішінде әлеуметтік желі пайдаланушылардың қызығушылығын артыратын сапалы контент құру – бүгінгі заман талабы екені айтылды.
Сондай-ақ, жастар өз ойымен бөлісті.
– Медицина университетінде оқу процесі орысша өтеді. Ол кейбір студенттерге қиындық тудырады. Ал, қазақша мәліметтерді түсіну өте қиын. Себебі, олар орысшадан аударылған. Біз осы істі қолға алып, оқытылатын дәрістерді қазақша жасап, YouTube-та арнайы арна ашқымыз келеді, – деді Қарағанды Медицина университетінің ІІІ курс студенті Орынбасар Дінмұхамед.
– Қазір үйде отырған жұмыссыз аналар көп. Оларға қолдау білдіру мақсатында шеберлік сыныптар, курс, марафондарды тегін ұйымдастыру жағын қарастыру қажет. «Балық берме, қармақ бер» дегендей, жұмыссыз аналарға осындай бағыт-бағдар берсек, ақша тапшылығы деген болмас еді. Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында осы істерді қолға алсақ, еліміз де гүлденер еді, – дейді Қарағанды Техникалық университетінің ІІІ курс студенті Кеңес Нәзира.
Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасы мен әкімдік тарапынан жастарға қолдау білдіретіндігі айтылды.
– Өңірдегі жастармен кездесуді жалғастыра береміз. Олардың жаңашыл идеялары біз үшін маңызды. Аймақ жастары ұсынғысы келетін жобалармен танысып, оны ел игілігі үшін жүзеге асыруда барлық жағдайды жасаймыз. Өйткені, жастар – келешек кепілі, – дейді Тимур Ғабдолұлы.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.