Ресми

Жастар – болашақ қызметкер

2021 жылдың 27 тамызында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Президенттік жастар кадр резерві мүшелерімен онлайн-кездесу өткізді. Белсенділер өңірді дамыту бойынша өз идеяларымен бөлісті. Резервшілердің ұсыныстары назардан тыс қалған жоқ.

– Президенттік жастар кадр резервіне алғашқы іріктеу 2019 жылдан басталды. Өткен жылғы қорытынды бойынша 6000-нан астам қазақстандық ішінен 300 адам іріктелді. Оның ішінде Қарағанды облысынан 41 резервші өтті. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Біздің озық ойлы жастарымыз өңірді дамытуға бар күш-жігерін салады деп сенемін, – деді облыс әкімі Ж.Қасымбек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, модератор Александр Данилов пікірлестердің азаматтық ұстанымын:

– Резерв – тек мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік ұйымдарға тағайындау ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа өзгерту мақсатында жастарға берілген жаңа мүмкіндік. Сондай-ақ, бұл жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына жылдам икемделе алатын «жаңа формация» басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіреді, – деп атап көрсетті.

Кездесу барысында түрлі тақырыптар қозғалды. Соның ішінде Айнагүл Абдрахманова NEET-жастарды қолдау нұсқалары туралы баяндады. NEET-жастар тобына жоғары білімі бар, бірақ жұмыс істеуге қызықпайтын  жастар; жалғысбасты аналар; жас фрилансерлер; жоғары білім алуға мүмкіндігі жоқ ауылдық жерлерде тұратындар жатады. Сонымен қатар, жастар жұмыссыздығының басты проблемалары туралы бірқатар ұсыныстар айтылды:

– Биыл қазан айында Қазақстанда халық санағы жүргізіледі. Санақ бойынша жасалатын сауалнамаға жастардың жұмыспен қамтылуы мен оқуы бойынша пунктер енгізілуі қажет. Ал мектептерде жоғары оқу орнына түсе алмаған түлектердің тізімін жасап, тұрғылықты жері бойынша Жастар орталықтарына жіберу керек. 3-5 жыл ішінде колледж, ЖОО бойынша түлектердің жұмыспен қамтылуы жөнінде есеп жүргізілуі тиіс. Егер түлектер ұзақ уақыт бойы жұмысқа орналаспаса, онда қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру мақсатында Жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесіп жұмыс жасауы керек, – деді резервші.

Кездесуде Самат Рамазанов «Жерді қашықтан зондтау негізінде жер қойнауын пайдалану мониторингі» жобасымен таныстырды.

– Бұл – бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Бүгінде пайдалы қазбаларды өндіру жабайы тәсілдермен жүргізілуде, бірақ онымен күресуге болады. Мониторинг әдістемесі бизнесті тексеруге мораторийді айналып өтуі мүмкін, – дейді баяндамашы.

Станислав Каримов мемлекеттік сатып алу кезінде стандарттау мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды. Азиз Ысқақов арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың тиімділігін арттыру жайлы өз ойын ортаға салды.

Кездесу қорытындысы бойынша жаңа және пайдалы тәжірибелерді бірлесіп енгізу үшін Жол картасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Аймақ басшысы резервшілерге өңірді тұрақты дамытуға қатысуды ұсынды, оған әрқашан қолдау білдіретіндігін айтты.

Облыс бойынша былтырғы Президенттік жастар кадр резервінен өткен 25 адам жұмыспен қамтылды, ал қалған резервшілерді жұмысқа орналастыру әлі де жүзеге асырылуда. Бүгінде олардың 60%-ы орталық, жергілікті мемлекеттік органдарға, ұлттық компаниялар мен жеке ұйымдарға жұмысқа орналастырылған.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button