Ресми

Жастарға жыл емес, грант керек

Қазіргі таңда облыста жастардың 71 үкіметтік емес ұйымы белсенді жұмыс атқарады. Өткен жылдармен салыстырғанда ұйымдардың қызметі бірнеше есеге артқан. Дегенмен, салада шешімін күтіп тұрған мәселелер бар.

Бұл туралы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қатысқан жиында Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов мәлім етті.
Күн тәртібінде үкіметтік емес ұйымдардың жастарды қолдап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмін тиімді жүргізу барысы талқыланды. Сондай-ақ, жастардың жобаларын қаржыландыру да назардан тыс қалмады.

– Бүгінде қоғамдық бірлестіктер қатарында жастардың көптігі қуантады. Мемлекет басшысы үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен волонтерлер қоғамның өзекті мәселелерін шешуге жан-жақты кө­мектесетінін атап өтті, – деді аймақ басшысы.

Басқарма басшысы Біржан Әлім­жанов жекелеген өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар саясатына қатыс­ты жобалар санының аздығына тоқталды. Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра ауданында әлі күнге жастардың үкіметтік емес ұйымының жоқтығы айтылды.

Десек те, аймақ жастары әр­түрлі салада белсенділік танытып, қоғамдық шараларға атсалысып отыр. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдардың қызмет саласы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда. Әсіресе, жастар кәсіпкерлігін қолдап, волонтерлікті дамытуда белсенділік танытқан. Жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап, саламатты өмір салты мен экология­лық мәдениетті насихаттап жүр.

– Жастар кеңесі жұмысына, сондай-ақ, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңеске, Қоғамдық кеңес секілді консультативтік кеңесші органдардың жұмысына қатысады. Жастар ісі жөніндегі кеңесте 10 айда 18 отырыс өтіп, 39 мәселе қаралды. Оның ішінде, аймақтық жоспар, құқық бұзушылықтың алдын алу, саламатты өмір салтын насихаттау, халықтың денсаулығын нығайту көзделіп, 48 ұсыныс әзірленді. Жалпы, үкіметтік емес сектор жастар саясатын жүзеге асырудың ажырамас қатысушысына айналды. Белсенді жастардың үкіметтік емес ұйымдары аймақтық деңгейдегі сан алуан мәселелерді шешуде өздерін талай дәлелдеді, – деді Біржан Әлімжанов.

Аймақ басшысы жастардың бастамасын қолдайтын үкіметтік емес ұйымдар санының аздығын әрі әрекетсіздігін сынға алды.

– Жоғарыда атап өткен 71 ұйымның 44-і әлі күнге әрекетсіз. Қоғамдық шараларға аралас­пайды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде олардың қыз­метіне, талаптарына сәйкес келетін жобалар жоқ. Осы олқы­лықтардың орнын толтырып, жас­тарға арналған тиімді жобаларға жол ашу керек, – деп атап өтті Ермағанбет Қабдулаұлы.

Сонымен қатар, Ақтоғай, Бұ­­қар жырау, Нұра ауданында жас­тардың үкіметтік емес ұй­ым­­­дарының жұмысын жандандыруды тапсырды. Қала және аудан әкімдеріне жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларды көбейтіп, қайта қарастыруды міндеттеді.

Облыстағы 73 волонтерлік ұйымның қызметіне қысқаша шолу жасалды. Атап айтсақ, биыл өңірде белсенді «Қарағанды ​​жастары» еріктілер корпусы мен Теміртау қаласының «Шаңырақ» волонтерлік орталығының жұмысы көпшіліктің көңілінен шыққан. Сондай-ақ, «Біз – Шахтинсктенбіз» еріктілер қоғамы мен Қарқаралы ауданының «JasStar» волонтерлер лигасы биыл «Жыл үздіктері» қатарынан көрінген. Әсіресе, тұрақты түрде азық-түлік пакеттерін таратып, экологиялық сенбіліктерде көшеттер отырғызуға аудан жастары атсалысқан. Жалпы, волонтерлердің қатысуымен аймақта 556 шара өт­кен.

Аймақ басшысы таяуда Кос­тенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғаны тілге тиек етіп, осы бағыттағы еріктілердің жұмысына тоқталды.

– Мен өзім 46 отбасында болдым, онда кішкентай балалар бар. Олар өз мәселесімен жалғыз қалмауы үшін көмекке мұқтаж. Жауапты адамдар тағайындалып, жұмыс жүріп жатыр. Ал, бұл істе еріктілер қайда? Оларды көрген жоқпын. Олардың ешқайсысы маған көмек сұрап келген жоқ, – деген аймақ басшысы Костенко шахтасында орын алған апатта қаза тапқан кеншілер отбасына еріктілер тарапынан көңіл бөлінуі тиіс екенін тапсырды.

– Теміртау қаласының әкімі қаланың белсенді волонтерлік­қоғамдық ұйымдарына жеке үй­-жайлар бөлуді қарастырып, ресурстық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуі тиіс. Сондай-ақ, басқарма 2024 жылға арналған бюджет аясында облыстың волонтерлік ұйымдары үшін бірыңғай киім үлгісін қарастыруы керек. Мемлекеттік органдар ҮЕҰ және волонтерлермен белсенді өзара іс-қимылды және жұмысты жал­ғас­тыруы тиіс, – деді облыс әкімі.

Ал, қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды жүктеді. Жобалардың өміршеңдігі мен олардың сұранысқа иелігіне қарай талдау қажеттігін баса атады.

– Болашақта қоғамға пайда әкелетін әлеуетті жобаларға гранттар бөлу қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аяулым СОВЕТ,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button