Жасминнің жарқын қадамы
Кез келген баланың бойында бұғып жатқан талант пен дарын бар дейді мамандар. Тек, дұрыс бағыт-бағдар беріп, қолдап жіберсе болғаны. Ал, талантқа қанат болар – сенім. Шет ауданы, Дәрия кентінің небары төрт жасар кішкентай тұрғыны Жасмин Бейсенбаеваның жүлделерін санасақ, өзінің жасынан да асып кетеді. Жуырда ғана «Алаш» өнер орталығының» ұйымдастыруымен өткен MEGA KONKURS көпжанрлы өнер байқауына қатысып, «Хореография» жанрында бірінші орын иеленіп қайтты.
Жасминнің бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де Қарағанды қаласында өткен VI Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған МUSIK ART FESTIVAL өнер байқауында «Бипыл» биімен бірінші орын иегері атанған. Араға ай салмай Астанадан да бірінші орын иеленіп қайтты.
Бір таңқаларлығы – Жасмин бимен үш жасынан кәсіби түрде айналысады. Бірақ, хореографсыз, өздігімен үйде үйренген. Бүлдіршіннің бойындағы биге деген ерекше қабілет пен құштарлықты алғаш байқаған да ата-анасы.
– Бізде балабақша да, би үйірмелері де жоқ. Қызым YouTube желісінен қарап, ұнатқан биіне өзі дайындалады да, бізге көрсетеді. Баланың талпынысын көріп, ауылымыздағы мәдениет үйінің сахнасына шығардық. Әуелде сахнаға шығуына ықпал еткен әкесі. Билеген Жасминнің өзіне ұнайтынын, сахнадан, көрермендерден қорықпайтынын көріп, өнерін неге одан әрі дамытпасқа деген ой туды, – дейді анасы Жансая Бейсембаева.
– Жасминнің әкесі Нұрқанат Бейсембаев та өнерден алыс емес. Дәрия кентінің мәдениет үйінде қызмет етеді. Жасмин бимен қатар, сурет салғанды да ұнатады. Ауылдық жерде тұрғандықтан, жануарларды жақсы көреді. Қызымыз өте дарынды, ақылды, нәзік, ақкөңіл. Адам жатсынбай, тез сөйлесіп кетеді. Өнері де, мінезі де алыстан келген жоқ, туған әжесі – Әлия Батырбековадан дарыған. Қызымыз әжесіндей дарынды, – дейді Нұрқанат Төлеутайұлы.
Жасмин үйдегі тұңғыш бала. Одан кейін Жаннұр, Нұр-Мұхаммед есімді артынан ерген бауырлары бар. Өнерлі бүлдіршіннің әдемі сахналық образдарын дайындап беретін әкесі Нұрқанаттың әпкесі – Меңдігүл Қасымова. Анасы Жансая Жайдарқызы Жасминнің сахналық көйлектерін дайындап беріп, тілеуін тілеп отыратын қайын апасына да алғысы шексіз.
Үш жасынан бимен кәсіби айналысып, төртке келгенде топ жарып, халықаралық байқауда өнер көрсеткен кішкентай Жасминнің алдында әлі талай жүлделер күтіп тұрғанына сеніміміз мол. Себебі, кішкентай өнерпазды қолдайтын ата-анасы, тілеуін тілейтін туған елі бар. Төрт жасында бас қала – Астанада өнер көрсетіп, жүлделі орын алған Жасмин Нұрқанатқызы болашақта әлем аренасында жұлдыздай жарқырап, қазақтың атын аспандататынына сендік. Тек, көз тимесін!
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»