Жаслан Мәдиев бұрынғы лауазымына қайта тағайындалды
Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне қайта тағайындалды. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін және Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған. Колумбия университетінде мемлекеттік басқару магистрі, ал MIT Sloan бизнес мектебінде бизнес әкімшілендіру магистрі дәрежесін алған.
2020-2022 жылдары Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі қызметін атқарды.
2022 жылдың қазанынан 2024 жылдың мамырына дейін Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері болды. 2024 жылғы мамырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды.
2025 жылғы 29 қыркүйекте Жаслан Мәдиев Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне алғаш рет тағайындалған болатын. Енді ол аталған лауазымдарды қайта сақтап қалды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



