Руханият

Жасанды зерденің жаңалығы

Бүгінде өңірдегі экологиялық ахуал – өзекті. Ал, мамандар мәселені шешудегі алғашқы қадамды мектептен бастау қажеттігін айтады. Осы мақсатта «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің Balausa экологиялық клубының мүшелері жасанды зерденің (GPT) көмегімен арнайы кітапшалар шығарды. Жаңа дүние Теміртаудағы жастар орталығында таныстырылды.

Жоба жетекшісі – Арай Ержан. Кітап шығару идеясын Нархоз университетінен алыпты. Кейін оқушылармен бірлесе жобаны қолға алып, шығаруды мақсат еткен. Кітапта табиғатты қорғаудың маңыздылығы балаларға түсінікті әрі қызықты насихатталған. Кішкентай оқырмандар түрлі кейіпкерлердің іс-әректін оқи отырып, экологиялық мәдениет негіздерін үйренеді.

– Экология тақырыбында мәлімет аз. Оның ішінде балаларға арналған кітаптар жоқтың қасы. Сондықтан, балаларға түсінікті болуы үшін осындай әдіспен кітапша шығаруды жөн көрдік. Бұл кітапшалар – аймақта жасанды зерденің көмегімен шығарылған алғашқы жоба. Әуелі біз белгілі бір тақырыпты ChatGPT-ге салып, мәтінін шығардық. Кейін сол мәтінді қайта салып, суретін алдық, – дейді жоба авторы.

Екі кітапша балалардың жас айырмашылығына қарай бөлінген. Бірінші кітап төрт бөлімді қамтиды. Яғни, бұл жерде балалар жануарлардың экологиямен байланысы, су көздерінің сапасы мен таза экологияның маңыздылығы жайында оқып біле алады. Кітапша ішінде бейнеленген суреттер интернет желісінде жоқ. Яғни, әр бөлімнің мәтіні мен суреті ChatGPT көмегімен жасалса, кейбір графикасын Canva қосымшасында әзірлеген.

Ал, екінші кітапшаны 2-5 жас аралығындағы балаларға боямақ түрінде шығарыпты. Әр бетінде өзекті тақырыптағы суреттер бейнеленген. Балалар берілген суретті бояп отырып, қоршаған ортаны аялауға бейімделеді. Әр кітапшаның соңғы бетінде QR код қойылған. Соған өтсеңіз, «Озат» білім инновациялық мектеп-лицейі жайында шағын ақпарат берілген.

– Кітапшаны өңдеу жұмыстары ұзаққа созылды. Себебі, шетелдік бағдарлама қазақтың төл әріптерін қабылдамағандықтан, өзіміз қойып шығуымыз керек болды. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе. Алдағы уақытта жасанды зерденің көмегімен бірнеше дүние жасап шығаруды жоспарлап отырмыз, – деді 8 сынып оқушысы Марина Махсатова.

Ақерке БОЛАТ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің IV курс студенті
ТЕМІРТАУ
Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button