Жасанды интеллект жұмысты жеңілдетеді
Қазіргі таңда жасанды интеллект – қоғамдағы көп талқыға түсіп жатқан тақырыптардың бірі. Сонымен қатар, барлық салаға дендеп еніп келе жатыр. Білім беруде, денсаулық сақтауда, қаржы саласында жұмысты жеңілдетуге, автоматтандыруға, күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға тапсырма берген болатын.
«Біздің елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік, медицина, банк қызметтері, логистика, білім беру сияқты салаларда табысты қолданылады. Осы технологияларды енгізумен айналысатын мықты компаниялар пайда болып жатыр. Сонымен қатар, индустрияны табысты дамыту үшін мемлекеттің кешенді қолдауы қажет. Біз деректер мен технологиялық инфрақұрылымға ортақ қолжетімділікті қамтамасыз ететін экожүйені құруымыз керек», – деді Президент.
Соңғы уақыттарда ЖИ мүмкіндіктері мен қауіптері жиі талқылануда. Бұл, ең алдымен, ел нарығындағы өзгерістерге алып келуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға қарай елімізде 5 саланың қызметтерін «жасанды интеллект» алмастыратынын айтқан. Министрлік мәліметінше, болашақта ауыл шаруашылығына қорап ораушылар, құрылыста шыны кесушілер, машина жасауда қоймашылар қажет болмайды. Бұл өз кезегінде «адам еңбегі қажет болмай қала ма?» деген сұрақты алға тартады. Сонымен қатар, дербес мәліметтердің қауіпсіздігі, алгоритмдердің әділеттілігі, шешім қабылдаудағы жауапкершілік секілді этикалық мәселелер де күн тәртібінен түспей отыр.
Жасанды интеллекттің болашағы – адамзаттың оны қалай қолдана алатынына тікелей байланысты. Егер біз ЖИ-ді тек пайда табудың немесе бақылаудың құралы ретінде емес, адам дамуына қызмет ететін серіктес ретінде қабылдай алсақ, оның мүмкіндігі шексіз. Болашақта жасанды интеллект ғарышты игеруге, климаттың өзгеруін болжауға, күрделі ғылыми жаңалықтар ашуға жол ашуы ықтимал. Ол адам ақылын алмастырмайды, керісінше, толықтырады.
Осы орайда, «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ, «Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультеті, «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі Қ.С.Қалыбекованың және профессор-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен университетішілік «Жасанды интеллект: бүгіні мен болашағы» тақырыбында пікірсайыс өтті. Аталмыш іс-шараға 20 дан астам студенттер мен магистранттар, оқытушылар және ІТ саласына қызығушы жастар қатысып, жасанды интеллект технологияларының қазіргі даму қарқыны мен болашақтағы ықпалы жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Пікірсайыс барысында қатысушылар АІ-дің білім беру, өндіріс, техника медицина, бизнес саласындағы мүмкіндіктерін талдап, оның артықшылықтары мен қауіптері туралы қызу пікір алмасты. Кейбір білім алушылар АІ адам еңбегін жеңілдетіп, инновациялық шешімдерге жол ашатынын айтса, енді бір топ өкілдері этикалық мәселелер мен қауіпсіздік талаптарының өзектілігін атап өтті.
Шара соңында ұйымдастырушылар жасанды интеллект туралы қоғамдық түсінікті арттырудың маңызын, сондай-ақ осындай пікірталастардың жастардың сыни ойлау дағдысын дамытуға үлес қосатынын ерекше атап өтті.
А.ЖАЛДЫБАЕВА,
А.КЕНЖЕБЕКОВА
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары



