Жаңаарқа

Жасампаздық жаршысы

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (Әлихан Бөкейханов) деген қанатты қағида бұқара мен билік арасындағы алтын көпір миссиясын атқарып келе жатқан баспасөз құралына зор жауапкершілік жүктеп тұр. Дәуір тынысын тасқа таңбалап, тарихқа айналдыруда газеттер көтерген жүк жеңіл болған емес.

Биыл өзіміздің сүйікті басылымымыз «Жаңаарқа» газетінің 80 жылдық мерейтойы. Иә, тарихи басылымның сұңқар Сәкен елі – жайнаған Жаңаарқа топырағындағы жасампаздық жаршысы болып жарық көргеніне – 80 жыл. Осы жылдары бай дәстүрі қалыптасып, қоғамның да, оқырманның да айнымас серігіне айналды. Әр санын асыға күтетін жағдайға жеткен оқырман қауым үшін бағыт-бағдары айқын, мазмұны бай «Жаңаарқа» газеті кешегі кеңестік дәуірдің де, бүгінгі Тәуелсіздік жылдарының жылнамасын да жаңылмай жазып келеді.

ңылмай жазып келеді. Газет – өмір айнасы дейді ғой. Газеттің басты тірегі – біз секілді оқырман. Ал, оқырман – сыншы, оқырман – бағыт-бағдар беруші. Баспасөз қызметкерлері газет бетінде өткір де өзекті мәселе қозғап, қоғамдағы проблемаларды көтере білсе, ол да біз секілді оқырмандардың арқасы. Себебі, оларға жөн сілтеп, маңызды мәселелерге назар аудартатын да қалың оқырман қауымы.

Алаштың айбыны, адалдықтың айдыны болған арысымыз Сәкен Сейфуллиннің «Адамзаттың рухына керектің үлкені – газет, журнал, кітап оқу» деген ұлағатты сөзімен басталатын газетіміздің әр жарияланымынан өзіндік ерекшелігі, көтерер жүгі, алатын орны, ел арасындағы салмағы сезіледі. Аптасына бір рет (бір кездері 3 рет, 4 рет шыққан кездері болған) шығатын басылым Жаңаарқа ауданының тыныс-тіршілігі жөнінде қалам тербеп келеді. Өзіндік бет-бейнесі, айтар ойы бар заманауи басылым деп нық сеніммен айтамын. Айшықты айдарлары мен мазмұнды мақалалары оқырмандарды баурап алды. Еңбек адамдары, ауыл тұрмысы, әлеуметтік жағдай газет тілшілері қозғар тақырыпқа айналды. Мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың ой-тілектері мен қоғамдағы өзекті тақырыптарды жариялау, өлке тарихын, ұлы тұлғаларды дәріптеуде аудандық газеттің көтерген жүгі едәуір салмақты. Әсіресе, Елбасының жүргізіп отырған сарабдал саясатын қалтқысыз қадағалап, оны оқырманына жеткізуде газеттің әлеуеті зор. Ең бастысы, жаңаарқалықтардың жасампаз істерін, ел ырысын молайту жолындағы ерен еңбегін насихаттап, көпшілік оқырманға жеткізіп отыр. Әрине оның ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу, әңгімеге тарту арқылы оның ішкі жан сырына үңілу деп білемін. Міне, осындай ерекшеліктер газетіміздің бойынан қапысыз көрініс тауып келеді. Лайым, шығар биігі мен белестері көбейіп, салған ізі кейінгілерге үлгі бола берсін демекпіз.

Газеттің ең алғашқы саны жарық көрген күннен бастап «Жаңаарқаның» қарашаңырағында қаншама талантты тұлғалар еңбегін сіңірді, адал маңдай терлерін төкті. Газеттің қазанында қайнаған, оның өсу-өркендеу жолдарында тер төккен азаматтар қаншама. Қаламы қарымды журналистер газетті ашып, қанатын қақтырып, қатайтып, газет ісінің ардагерлері атанып жатса, аға-апаларының жолын қуған, басылымды заман ағымына сай жаңаша бейімдеп, заманауи бет-бейнесін қалыптастырған жас тілшілер өз оқырмандарын тауып, шеберліктерін шыңдай түсуде.

Менің сүйікті басылыммен шығармашылық байланысым газет тізгінін белгілі айтыскер ақын, қайраткер тұлға Дүйсенбай Жұмасейітов ағамыз ұстаған жылдардан басталды. Марқұм Дүйсенбай ағамыз әр барғанымда аудан тарихы, бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселелер туралы ордалы ой, кемел әңгіме қозғап, жан дүниемді рухани тұрғыдан байытып жіберетін. Әсересе, өзім қызмет ететін білім саласында қордаланған мәселелер мен оларды шешу жолдары жайлы өткір пікірлеріне тәнті болып жүрдім. Маған үнемі осы саланың жетістіктері мен өзекті проблемалары туралы жазып тұруымды өтініп, арқамнан қағып шығарып салушы еді. Міне, сонша сұңғыла ағамыздың, талантты редактордың өмірден беймезгіл озғанына да жыл айналды. Ақын – сәби болмыстың, таза жүректің иесі ғой. Дүйсенбай аға басшылық еткен жылдары газет мінезі өзгеріп, ақиқат ауылына ат шалдырғанын ормандай оқырман жақсы біледі.

Бүгінгі таңда Дүйсенбай Жұмасейітұлы жаңғыртып, жаңартқан үрдісті қазіргі редактор, Дүйсенбай ағаның шәкірті Салтанат Ералина жарасымды жалғастырып келеді. Қалың оқырман – аманатқа адалдық танытқан Салтанат апайға дән риза!

Сөз түйінінде жайнаған, жаңарған Жаңаарқа жұртшылығын әр шаңырақтың үмітін үкілендіріп, сенімін ақтаған, қуанышын еселеп, шаттығын шалқытқан байсалды басылымның мерейтойымен құттықтаймын. Байырғы басылымның тұрақты оқырманы, белсенді авторы ретінде сүйікті газетімнің көнеден керуен тартқан көшінен көрік кетпеуін тілеймін!

Нұргүл ШАМАЕВА,

 газеттің штаттан тыс тілшісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button