Приозерск

Жасампаз істер. Жас толқын

«Жастар жылы» аясында Приозерск қаласында да ауқымды шаралар атқарылуда. Мәселен, биылғы 9 айда жастардың қатысуымен 140 шара өткізіліп, ел ертеңі саналған буынға қолдау күшейе түскен. Жергілікті атқарушы билік игі істер әлі жалғасын табатынын алға тартады. Белсенді жастар – бір арнада.

Қалалық статистика бөлімінің мәліметіне үңілсек, Приозерск қаласында 14 пен 29 жас аралығындағы 2767 жас бар. Шағын шаһардағы жастардың қоғамдық ұйымдарының жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Олардың қатарында құрамына 500-ге жуық жасты біріктірген «Жас Отан» Жастар қанаты және «Жастар Жастарға» қоғамдық бірлестігі сияқты ұйымдар бар. Сондай-ақ, Жастар ресурстық орталығы жанынан «Приозерск жастары» ерікті белсенділер тобы, «Қайнар» аула клубы және «Прио жасStar» жайдарман клубы ашылып, жастардың жан серігіне айналып үлгерген.

Қаладағы №06708 және №44841 әскери бөлімдерінде «Жас зеңбірекші» мен «Сағадат» әскери патриоттық клубтары тіркелген. Аталған клуб мүшелері биылғы кезекті V республикалық әскерипатриоттық «Айбын» жиынына қатысып, «Сағадат» әскери-патриоттық клубы жүлделі II орынға ие болды.

 

«ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАН – ТӘТТІ»

Жастарды жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан бері 4 рет бос жұмыс орнының жәрмеңкесі өткізілді. 2019 жылы жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» қатысуға өтініш білдіргендер саны – 623 адам болса, оның 16-29 жас аралығындағы жастар саны 295 жасты құрайды. Жалпы, 9 айда 436 жас жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында, қоғамдық жұмысқа – 95 жас қабылданса, әлеуметтік жұмыс орындарына – 11, «Жастар тәжірибесіне» – 42, «Жасыл ел» еңбек маусымына 60 жас жолдама алған. 228 жас мемлекеттің қолдауынсыз жұмысқа орналасқан.

Приозерск қаласының әкімдігі жастардың кәсіпкерлігін дамыту ісіне де жіті мән беріп келеді. Мәселен, осы жылы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 13 жас кәсіпкерге құны 505 мың теңгені құрайтын гранттар берілді. Сонымен қатар, Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығы арқылы қаладағы 2 жас кәсіпкерге шағын несие алу үшін жолдама берілді, қазіргі таңда жас кәсіпкерлердің бизнес жобалары қарастырылуда.

Негізінен, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қала әкімінің грантын тағайындау дәстүрге айналып, жылдан жылға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат өсіп келеді. Жергілікті бюджеттен 2017 жылы 2,2 млн. теңге қаражат, өткен жылы 3,1 млн. теңге бөлінді. Биылғы «Жастар жылы» аясында жас кәсіпкерлерге берілетін гранттың көлемі 4,3 млн. теңгені құрап отыр.

«Жасыл ел» еңбек маусымының жасақтары биыл қала аумағында 6-шы жыл өз жұмысын жалғастырды. Аталған бағдарлама аясында 60 жас жұмыспен қамтылды. «Жасыл ел» еңбек жасағының әр сарбазына жергілікті бюджеттен зейнетақы мен барлық аударымдарды алып тастағанда 38 250 теңгені құрайтын бір айлық жалақы төленді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қосымша 28 250 теңге төленді. «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары бекітілген жұмыс жоспары бойынша жаз мезгілінде Балқаш көлінің жағалауын, «Балқаш» емдеу және сауықтыру кешені аумағын, қала көшелерін қоқыстан тазартып, балалар ойын алаңдарына сырлау жұмыстарын жүргізді.

ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАСҚА – ШЫНАЙЫ ҚОЛДАУ

Қаладағы «көздегені – көк аспан» (Мағжан), шығармашыл, дарынды, талантты жастарды және жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында да ауқымды шаралар өткізілуде. Мысалы, қала әкімінің шығармашыл жастарға ұсынылатын гранты, «Жас кәсіпкерлер форумы», облыстық «Қоржынтүбек қаласы – Балқаш қөлдің жағасы» атты жайдарман ойыны, қалалық «Жас талант – 2019» конкурсы, «Жастар толқыны» фестивалі, қалалық дебат ойындары, «Талап-2019» қала әкімінің сыйақысы Приозерск жастарын жігерлендіріп, «белін бууға» септігін тигізуде.

Ресми дерекке сүйенсек, үстіміздегі жылы жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында Приозерск қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 60қа жуық іс-шара ұйымдастырылып өткізілді. Оның ішіндегі ауқымды ісшаралар қатарында «Ауған соғысының ардагерлері мәңгі есте», «Айбын – 2019» қалалық әскери-патриоттық жастар жиыны, «Ұлттық ойын – халық қазынасы» спорттық сайысы, Рәміздер күніне арналған мерекелік шара мен автовелошеру акциясы, «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» кеші, «Бауырсақ фестивалі» мен «Қымыз Fest», ұлттық ойындарымызды насихаттау мақсатындағы «Алтын сақа» турнирі бар.

«Ардағым-Ардагерім» атты жоба аясында қаламыздың еріктілер қозғалысы мен белсенді жастарымен қаламыздың көмекке мұқтаж 9 ардагеріне 21 рет көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Жұмыспен қамту орталығымен бірлесе отырып «Жартытүбекте» тұратын көмекке мұқтаж 3 ардагердің үйіне тегін отын жеткізілді. Қарттар күніне орай қала өнерпаз жастарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

ЖАСТАР ТАҢДАУЫ – САЛАМАТТЫ ӨМІР

«Жастар жылы» аясында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Приозерск қаласында жалпы саны 12 іс-шара өткізілді. Негізгі іс-шаралар ретінде «Қанатыңды кең серпі» коньки жарысын, балықшылардың қысқы турнирін, «Аулаға шығып ойна», «Приозерск нашақорлықсыз қала» акцияларын, «Priozersk marathon-2019», «Ұлттық ойын – халық қазынасы» атты дәcтүрлі спорттық жарыстарды, «Дені саудың – жаны сау» фестивалін және «Шағын футболдан қалалық лига ойыны» сынды спорттық шараларды атап өту керек.

Жастар ресурстық орталығының психолог және заңгер мамандары түрлі мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жүйелі жолға қойған. Жыл басынан бері 59 жасқа – психологиялық, 27 жас азаматқа заңнамалық кеңес берілген.

 Қарағанды облысының дінтану, психологиялық-құқықтық кеңес беру орталығының қала аумағында мемлекеттік жастар саясаты бойынша жүргізген әлеуметтік сауалнамасының нәтижесі де оң нәтиже көрсеткен.

Қала жастарының арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 6 семинар өткізілген. Бұған қоса, жастар арасындағы суицидтің жолын кесуге бағытталған семинар-тренингтер де кең ауқымда ұйымдастырылған. Жас отбасылар арасындағы ажырасудың алдын алу мақсатында өткізілген «Отбасым – бақыт мекенім» атты семинар-тренингтің де маңызы зор.

Жыл басынан бері Приозерск қаласының аумағында жастардың рухани байлығы мен діни сауаттылығын арттыру, сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында 22 іс-шара өткізілген. Мыңнан астам адам қамтылған басқосулардың қоғам тұрақтылығын сақтаудағы маңызы зор екендігі сөзсіз.

Қазіргі күні қала жастарының деструктивті ағымдар мен радикалды экстремистік ұйымдар ықпалына түсуі бойынша фактілер тіркелмеген.

Қуаныш АМАНҚҰЛ

Басқа материалдар

Back to top button