Жас өскіндер жетістігі
«Ұлы Дала дарыны» І республикалық балалар мен жасөспірімдер байқауы телевизиялық жобасының облыстық кезеңінде ат оздырып, одан кейін Алматыдағы ақтық сында бақтарын сынаған қаражалдық жас өнерпаздар абырой биігінен көріне білді. Өнер кеңістігіне құлаш сермеген қазыналы өңір өрендерінің Қазақстанның әр аймағынан жиналған 500-ге жуық үміткерлер арасынан дараланып шығуы, әрине, мақтан тұтар жетістік.
«Үркер» шығармашылық дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен аталмыш байқаудың негізгі мақсаты – дәстүрлі ән мен күйді дәріптеу, балалар мен жасөспірімдердің көркем шығармашылығының шыңдалуына дәнекерлік ету, эстрадалық әндерді орындау шеберліктерін арттыру және балаларды үлкен сахнаға шығуға бейімдеу. Сонымен қатар, ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан төл мәдениеті мен өресі озық өнерін кең тұрғыда насихаттауды мұрат тұтқан көлемі ауқымды мәдени іс-шара.
Бәсекелі байқауда Аяулым Аяпбергенова «Көркем сөз» номинациясы бойынша лауреат атанып, телевизиялық жобаның эфирлік түсірілімі мен гала-концертіне қатысу мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар, «Эстрада-Вокал» номинациясында Айым Бекетай ІІІ дәрежелі дипломант атанса, «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша Ұлжан Марат жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұдан тысқары, «Үркер үміті» номинациясы Шолпан Асанованың еншісіне бұйырып, «Күміс көмей әнші» аталымында Жансая Балтабаеваның бағы жанды. Хореографиядан өткен сайыста көрерменді «Аққу» биімен тәнті еткен Дәрайым Қуатова жүлделі ІІІ орынға орнықты.
Жобаның жоғарғы дәрежеде өтуіне зор үлес қосып, балалар шығармашылығын дамытуға ықпал еткені үшін олардың ұстаз-бапкерлері Дәурен Әлжан мен Салтанат Мергенбекова ұйымдастырушы тараптың Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сөз орайы келгенде өнерге іңкәр жас буын өкілдерінің үміттерін үкілеп, олардың Алматыға сапарлауына Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Қаражал қалалық филиалының басшысы Айжан Аманжолова мен қаладағы №1 және №7 орта мектептердің ұстаздары демеушілік жасағанын атап өткен жөн.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТҰЛЫ
ҚАРАЖАЛ қаласы.