Жаңалықтар

Жас өрендер оқыған жыр

М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әлем таныған Мағжан…» атты қалалық байқау өтті. Шараға бастауыш сынып оқушылары қатысып, ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Жеңімпаз оқушыларға ақшалай сыйлық табысталды.

Байқау жалынды ақын Мағжан Жұмабаев мұрасын жас ұрпаққа таныту, олардың азаматтық ұстанымының, ұлттық ой-санасының қалыптасуына ықпал ету, ақын өмірі мен шығармашылығын тануға деген оқушылардың қызығушылығын арттыру, ақынның рухани мұрасын және өмірі жайлы мәліметтерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Аталған шараға ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ғазиза Смағұлова,  Ы.Алтынсарин медалінің, «Ұлы дала ұстазы» медалінің иегері, халықаралық, республикалық көркем сөз оқуларының лауреаты, Оқу ісінің үздігі Күліш Төлеуханқызы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі  Дәметкен Какенова, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Ерқанат Кеңесбекұлы және  қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Қанатбекова қатысып, байқауда оқушылардың өнеріне баға берді. №16 ЖББ мектебі мен М.Жұмабаев атындағы гимназия оқушылары және оқырмандар қатысты. Сайысқа «Гүлжан» көтерме сауда орталығы және «Гүлжан» мейрамханасының директоры Айгүл Сейдгазимова демеушілік жасағанын да айтып өткен жөн.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында «Әлем таныған Мағжан…» атты слайд көрсетіліп, Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында мол мағлұмат берілді. Байқауға 28 оқушыдан өтінім қабылданды. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Қазылар алқасы ең үздік оқушыларды анықтап, жаттаған өлеңнің саны мен сапасы, мәнерлеп оқу шеберлігі, сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлік деңгейі бойынша бағалады.

№16 ЖББ мектебінің 1-сынып оқушысы Аяла Қалқожа байқауда І орын иеленіп, 20 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның 4-сынып оқушылары Дильназ Қабдыраш пен Әлинұр Серік ІІ орын алып, 15 мың теңге иеленді. ІІІ орынға қол жеткізген М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның 3-сынып оқушылары Аршат Болат пен Жәмила Нұрғалиеваға және осы мектептің 1-сынып оқушысы Әбілмансұр Болатбекке 10 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Байқауға қатысқан басқа да оқушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Одан кейін қатысушылар мен әділ қазылар алқасы «Мағжан – жыр жұлдызы» кітап көрмесін тамашалады.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button