Жас келсе, іске!
Қарағандының Жастар ресурстық орталығы Республика күніне орай Мәдениет және демалыс саябағында «Тазалық кубогы» экологиялық акциясын өткізді. Осылайша жасыл елдіктер XIX еңбек маусымын жапты. «Green City Park» тұрғын үй кешені жанындағы акцияға қаланың 27 білім ошағынан оқушылар, студенттер қатысты.
– Науқанды мерекеге орай арнайы ұйымдастырдық. Жас буынның Отанға сүйіспеншілігін арттырып, оның ішінде табиғатты аялауға бағытталды. Әр жыл сайын өткізіледі. Табиғатты, қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру мақсатын көздедік. Халықтың экологиялық сауатын ашып, жастардың мәдениетін арттырғымыз келді. Сонымен қатар, табиғатқа деген қамқорлықты қалыптастыру, қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық жағдайды жақсарту көзделді, – дейді «Жасыл ел» еңбек жасақтары облыстық филиалының жетекшісі Сұлтан Шаймағанбет.
Жалпы, облыс бойынша «Жасыл ел» 3000-ға жуық адамды қамтыды.
– Қоршаған орта болашақ ұрпағымызға қалдыратын мұра болғандықтан, жастар еңбек жасақтары қоғамның дамуына өздерінің үлестерін қосуда. «Жасыл ел» аллеясын оқушылар өздері күтеді. Ағаштар да қараусыз қалмайды, оларды баптаумен оқушылар айналысады. Ағаштардың біреуінің бағасы – 40 000 теңге. Оларға ерекше күтім мен қамқорлық керек, – деді Сұлтан Шаймағанбет.
Акцияда қала мектептері, жоғары оқу орындары және колледждер студенттерінен құралған командалар 35 шырша көшетін отырғызды. Экологиялық викторинаға қатысып, сыйлықтармен марапатталды. Жас ізденімпаздар экологиялық кодексті қамтыған салмақты сауалдарға, жасыл экономика сұрақтарына тыңғылықты жауап берді. Экологиялық науқанда командалар өздерінің ұрандары мен атауларын ұсынды.
– Ағаш отырғызу – жақсы дәстүр. Бұл қаланы көгалдандырып, көрік береді. Шыршаларды күзде отырғызған жақсы. Олар көлеңкені жақсы көреді, сондықтан біз бұл жерді арнайы таңдадық. Экология – Денсаулық, климат және өмір сапасы. Осындай акциялар арқылы жеткіншектерге экологиялық тәрбие беру олардың дүниені тану көзқарасын қалыптастырады, – дейді белсенді Сәкен Келдібаев.
Филиал жетекшісінің айтуынша, облыста «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жобасы 2005 жылдан жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда оған 14 пен 28 жас аралығындағы 5 мыңнан астам азамат қатысты.
Қаладағы жастар еңбек жасақтарының қатарын биыл 1000 адамға толтыру жоспарланды. Сарбаздар саябақтар және гүлзарларды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын атқарады, берілген аумақты қоқыстардан тазартады. Сондай-ақ, жаңа достар тауып, қоғаммен әрі табиғатпен байланысын күшейтеді.
Бүгінгі таңда «Жасыл ел» қатарындағы сарбаздардың барлығы жаңа, әрі сапалы бірыңғай арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Бағдарламаға қатысушылардың жалақысы да жыл сайын артып келеді. Биыл еңбек жасақтарының жалақысы 14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін – 70 000 теңге, ал 16 жастан асқан жастар үшін 105 000 теңгені құрады.
– Қарағандының «Жасыл ел» сарбаздары тек жұмыспен шектелмейді, олар үшін мәдениет, спорт, білім саласына байланысты, ой-өрістерін дамыту мен көңілді уақыт өткізу үшін әртүрлі мерекелік іс-шаралар, тренингтер мен челлендждер, экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Жұмыс уақыты аптаның бес жұмыс күнін құрай отырып, бір айға созылады. Сонымен бірге, қатысу үдерістерін едәуір жеңілдету мақсатында «Jasyl el Qaragandy» цифрлық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ақпараттық жүйе қаладағы жобаға қызығушылық танытқан жастардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды, – дейді Сұлтан Шаймағанбет.
Аяулым СОВЕТ,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz