Жас кәсіпкерге грант бар
Қарағанды және Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері үшін 3 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант алатын мүмкіндік бар. «Экоцентр» қоғамдық бірлестігі «Initiatives for development» жобасын іске қосуда.
Жоба жастардың әлжуаз бөлігінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау арқылы жұмысқа орналастыруды көздейді. Бұл – «Жергілікті қауымдастықтың және өңірлік ынтымақтастықтың тұрақтылығын Орта Азиядағы терроризмге бастайтын күштік экстремизмнің алдын алу мақсатында нығайту» деп аталған БҰҰ Даму бағдарламасы аясында жүзеге аспақшы.
– Біздің басты мақсатымыз – жастарға арналған 60 жұмыс орнын ашып қоюмен шектелмейді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауды көздейді. Жобаға бөлінетін қаржы 54 244 000 теңге шамасында. Яғни, 30 кәсіпкерге шамамен 3 млн. теңге көлемінде грант беріледі, – дейді «ЭКОЦЕНТР» қоғамдық бірлестігінің директоры Меруерт Құрмашева.
Байқау жасы 35-тен аспаған, кемінде кәсіпкерлікте 1 жыл кәсіп жасағандарға бағдарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының жас кәсіпкерлері қатыса алады. Жеңімпаздарды арнайы комиссия сараптайтын болады. Оның құрамына әкімдіктің және БҰҰДМ өкілдері кіреді.
Басымдық тұрақтылығымен ерекшеленген жобаларға берілмек. Байқауға қатысушылар арнайы өтініш пен қажетті құжаттарын 2019 жылдың 20 желтоқсанына дейін жіберулері тиіс. Құжат ecocenter2010rk@qmail.com электрондық поштасында қабылданады. Хат «Байқауға қатысу үшін» айдарымен жолдануы қажет.
Толығырақ ақпаратты www.ecocenter.kz сайтынан алуға болады. Ақпарат үшін қосымша телефондар: 7(7212)314455, 77012553668, 77017731071, 770152222515, 77022272168.
Өз тілшімізден.