Руханият

Жас драматургтің жарқын қадамы

Жақында өңірге ежелден белгілі, атақты «Ақтоғай» халық театрының «Боз­торғай» қойылымы көрер­мен назарына ұсынылды. Қойылымның авторы және режиссері – жас драматург, аудандық Мәдениет үйінің режиссері Құлмұхаммет Серікғалыұлы.

Шығарма желісіне үңілсек, бас­ты кейіпкер Аңсаған (кейіпкерді сомдаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акедемиясының түлегі, жас актер Кәукербек Әділжан) – мансап пен байлықтың соңынан қуып жүріп, өмірінің мәнін жоғалтып алған адам. Қалада абыройлы қызмет атқарып, материалдық тұрғыдан таршылық көрмесе де, оның жүрегіндегі бір ұмыт болып тасада қалған өмірінің мәні «мені ізде» – дегендей тынымсыз мазалайды… Осы ұмыт болып бара жатқан, жан жарасының түпкі себебі – туған жерден алыстау, балалық шағы өткен ауылдан қол үзу.

Драмада Аңсағанның түсінде көрген бала кейіпкер – оның өзінің есейіп кеткен жүрегі, жан дүниесіндегі балалық Аңсағанның бейнесі. Бұл бала – өмірдің таза әрі шынайы сәттерін іздеген, қала тіршілігінің жасандылығынан қажыған Аңсағанның жан айқайы. Кейіпкерлердің психологиялық тереңдігі. Аңсағанды сомдаған жас актер Әділжан Кәукербек кейіпкерінің жан-жақты қырларын ашып, шебер көрсете білді. Драмадағы кейіпкерлер қарапайым болғанымен, олардың әрқайсысы арқылы автор әлеуметтік мәселелерді көтереді.

Мысалы, Қанат (сомдаған Қазақстан Республикасының Еңбек озаты төсбелгісінің иесі актер Нұржан Әлібеков) – материалдық қиындықтар мен қоғамдағы әділетсіздіктің құрбаны. Бірақ, сонымен қатар ол сол жүйеге бейімделіп, ар-ұятын саудалаған адам. Бұл кейіпкерді сомдауда Нұржанның қалыптасқан актерлік шеберлігі ерекше көрініп тұрды.

Дәуіт ата (республикалық, облыстық өнер сайыстарының майталманы, бірнеше дүркін лауреат атанған «Ақтоғай» халық театрының ардагері Жоламан Жакупов) – туған жердің, ауылдың символы. Ол – өмірдің мәнін адал еңбек пен қарапайым тіршіліктен табатын, дәстүрге берік дала данагөйі. Ауыл мен қала – екі түрлі әлем. Шығармада қала мен ауылдың айырмашылығы айқын көрінеді. Қаланың тор секілді көрінуі – адам еркіндігінің шектелуін, адами құндылықтардың құлдырауын бейнелейді. Дәуіт ақсақалдың: «Кіндігіңнің қаны тамған жерге, маңдайыңның тері де тамуы керек» деген сөзі – автордың негізгі идея­сына айналған. Туған жерге оралып, туған елге қызмет етуді ұстаным еткен жас актерлар Әділжан Кәукербек, Құлмұхаммет Серікғалыұлы, Әли Сейдіғали, Нұрлан Кәрімбек өздері ойнаған кейіпкерді нанымды қылып жеткізді.

Сахна саңлақтарына ақ батасын берген Қазақстанның мәдениет қайраткері, драматург Аман­олла Шайбеков: «Бір қойылым арқылы ауыл тұрғындарының мәдениетке, рухани байлыққа деген ықыласын оятқан, сахна өнерінің құдіретін паш еткен бұл жастардың алар асуы әлі алда. Ең бастысы – олар туған топыраққа деген сүйіспеншіліктің, адалдық пен еңбектің шын үлгісін көрсетіп отыр», – деді. Қойылымның бас режиссері алдағы уақытта театр жұмысын одан әрі жандандыруға уәде етті.

Айта кетейік, Құлмұхаммет Серікғалыұлы 2023 жылы Жастар арасындағы «Мәдени тынығу қыз­меткерлері» олимпиадасының «Үздік режиссерлік шешім» номинациясының бас жүлдегері, драматург Аманолла Шайбековтің туған немересі. Ал, марқұм әкесі Серікғалы Шайбеков режиссер болып, үш жыл «Шалқар» халық театрында, бес жыл «Ақтоғай» халық театрында жұмыс істеген. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы
Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button