Жезқазған

Жас ақын – биік белесте

     Бөлек бітімді жырларымен талғампаз оқырманның көзайымына айналып үлгерген жас ақын, Жезқазған медицина колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Абай ОРАЗ Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында Ұзақбай жырау Қазжанұлының 120 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, 50-ге тарта шайыр қатысқан республикалық мүшәйрада І орынды жеңіп алды.

Өлеңге іңкәр өрен – ел көлемінде бұған дейін де өткізілген жыр дүлділдерінің байрақты бәсекелерінде ортаға олжа салып, даралығын дәйекті түрде дәлелдеген дарын иесі. Нақтылай түссек, «Үш бәйтеректің» 120 жылдығына арналған «Жарты жаңқам қалғанша…» атты республикалық мүшәйраның Бас жүлдегері, Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай өткізілген республикалық мүшәйрада Мағжан Жұмабайұлы атындағы арнайы сыйлықтың иегері. Ойы қуатты, қаламы қарымды жас ақын, бұдан тысқары, Фариза Оңғарсынова атындағы республикалық мүшәйрада І орынды еншілеп, биылғы жылы Дәнеш Рақышевқа арналған ақындар арасындағы республикалық деңгейдегі мүшәйрада жүлделі ІІІ орынға тұрақтаған болатын.

Жырларынан жасын жарқылының ұшқыны аңғарылып, Сарыарқаның саумал самалы есіп тұратын, шығармашылық келбеті шырайлы ұланның бағындырар биіктері әлі алда. Адамзаттың Абайының есімін абыройлы арқалап жүрген жас ақынның келешегі кемел болары күмәнсіз. Біз соған тілек қостық.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button