“Жарылғыш зат қойылды”: Жалған хабарламалар таратудың салдары қандай?
9 ақпан күні сағат 16:30-да Қарағанды облысы полиция департаментінің кезекші бөліміне «Каскад» сауда үйінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түседі. Көп ұзамай ғимаратты қоршауға алған полиция қызметкерлері мен күштік құрылымдар оқиға орнынан ешқандай күдікті затты таба алмады. Жедел іс-шара барысында Қарағанды облысы ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұялы телефон арқылы полицияға жалған қоңырау шалған 16 жастағы жасөспірімді анықтады. Оның телефоны тәркіленіп, полицияға жеткізілді.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/mHz30vVlPlUHdSW8wHn9xqi5HLOmlbar4qdMUguq.jpg_width1200XheightautoXtype1.jpg)
ПД терроризм актісі туралы жалған хабарлау бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ескертеді. Қылмыстың бұл түрі үшін жауапкершілік 14 жастан бастап қарастырылған.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.