Жаратылысы бөлек еді
Мен Ақселеуді ұзақ жасайтын шығар деп ойлаушы едім. Адамның айтқаны болмайды. Не болса құдайдан ғой. Ой қуаты мен бой қуатын тең ұстаған жанның опасыз жалғаннан мезгілсіз жүз бұруы кім-кімді де ойландырмай қоймайды. Бір армансыз адам Ақселеудей-ақ болар. Атақ та, абырой да сонда-тын. Бойы қандай биік болса, ойы да биік кесек жаратылған жан еді. Жол бастар көсемдігі қандай, сөз бастар шешендігі қандай! Туыс та сонда, сұлу да қасынан табылатын. Кісіні өзіне магнитше тартатын бір кереметі және бар еді. Үлкенмен де, кішімен де сәлемі түзу келетін. Досы көп адамның бірі Ақселеу болатын. Сол қаптаған достардың көбісі көреалмастар боп шықты. Менімен оңашада сырласқанда соны ашып айтпай, жұмбақтайтын. Жақсы көретін достарына «меніңді» міндетті түрде қосып айтатын. Бір жолғы әңгімеде «Неге екенін қайдам, менің жақсы көретін достарым өмірден шұғыл кететін боп жүр» деп күрсінгені бар. Жай күрсініп қана қоймай, тереңнен тыныс тартып, салқын жанарына жас үйіріп еді. Ақселеудің жылағанын көрген емеспін. Іштей жылайтын еді-ау сабаз. Сондай толқыныста қолына домбырасын алып, топ-толық саусақтарын пернеге жұғыстырған сәтте, домбыра өзімен қоса ухілеп күңіреніп сала беретін-ді. «Ой, ғажап-ай! – деп шақшаға жармасып, насыбайды баптана атып, бусанып алған соң, – Сұмдығы сол, олар менің түсіме жиі енеді», – деп саусақтарын тарбайтады. – Жәнібегім мен Оралханым, Жомартым, Ғабдоллам қандай еді?! Бұлардың бәрі де мезгілсіз озды өмірден…».
Өзі ше?! Бәлкім, байлауы жоқ баянсыз тұл тіршілік жалықтырып жіберген де шығар-ау. Солай деп жұбанғанымыз да жөн бір есептен. Даламыз да кең, құшағымыз да кең, сол кең дүниеге бір-бірімізді сыйдырмай, иықтаса беретініміз қалай? Пиғыл-ниетімізді, кең қолтық мінезімізді қасақы бір күштің жеңіп кететіні несі екен?! Аттың төбеліндей ғана аз қазақ бір-бірімен қырық пышақ болып қидаласа берсе, іргеден сұғынғандардың құдайы жарылқайтынын қаперден шығармауымыз керек-ақ. «Өзім араз болсам да намысымыз араз емес» деп қиын-қыстауда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын атам қазақтың қаншылдығын жас ұрпаққа ұқтырып, жүрегіне ұялатсам деп намысын тасқа жаныған ұлтым деген бірегейлерде не жазық бар?
Ақселеу басынан-ақ ойшыл болатын. Екеуміз қаламды қолымызға қатар алдық. Алғашқы өлеңінде: «Алмадай жаңа піскен дөп-дөңгелек, Кетеді-ау екі ұртымды ой суалтып» деп үлкендерше тебіреніп еді. Сол тебіренісі бара-бара кеңейіп ауқымдана берді. Қаламының құнарын басынан-ақ байқатқан оның өлеңдерінде көркем тіркестер қыз өрнектеген кестедей айшықтанып көзге ұрып тұрар еді. Әсіресе, ол табиғат құбылысын өлең жолына айнытпай әдемі түсіретін. Алғашқы жырларынан-ақ кең тыс танытқан ол: «Тұп-тұнық көк аспанға қаймақ бетті, тентек жел керуенін айдап кепті. Тып-тыныш дүниенің шырқын бұзып, найзағай оңды солды ойнап кетті.» деп қиыннан қиыстырды. Осы өлең жолдарындағы көркем тіркестерді ол жиырмаға жетер-жетпесте жүрегінен суырып шығарған еді. «Сәскеде» деген өлеңі тіптен сұлу шықты. «Толғандай сұлу сырға дала бүгін, Ойнайды желісінде бала құлын, Қыр гүлі ұялса да көбелектен, Астынан сүйгізіп тұр тамағының» деп шалқыды. Осы жолдардың көркемдігінде қапы жоқ. Жә деген ақын да мұндай соны теңеуге бара қоймайды. Бәрімізге ұстаз болған айтулы жазушы Асан Жұмаділдин ағамыз бөркін аспанға атып: «Жаңаарқа топырағына Сәкеннен кейін тағы бір талант келді! – деп жалпақ жұрттан сүйінші сұрады. – Мына сары баланың аяқ алысы ересен. «Қыр гүлі ұялса да көбелектен, Астынан сүйгізіп тұр тамағының» дей ме?! Неткен байқағыштық!» – деп Ақселеуге жол болсын айтып еді. Бүгінде нақ Асағаңдай ұстазға зәру жас буын. Талант табиғатын тамыршыдай тап басатын жаны кең жайсаң ағалар-ай!
Бірақ, Ақселеу жыр отауында тұрақтап қалмады. Поэзиядағы алымдылығын прозаға бағыттады. Мен өлең ауылында жүріңкіреп қалдым. Ақселеу өз мамандығы бойынша газетке бұрды бетін. Тұңғыш прозалық туындысы «Күзеуденің» қолжазбасын ауылдағы маған хатпен салып жіберген еді. Асекеңе оқытқанымда, ол кісі: «Пай-пай, аяқ алысы-ай! Қапысыз суреткер бұл Ақселеу деген», – деп есі қалмай қуанбасы бар ма?! Одан кейін «Аққызы» жол тартты қалың оқырманға. Ақселеудің прозалық кітаптары шалдардың етігінің қоншында жүріп тозды. Дәмді-дәмді хикаяттар жазып, саятшылық пен аңшылықтың аясындағы мөлтек әңгімелер туындатқан оның қаламы мейлінше өнікті болатын. Егер, сол бетінде тарихи романдар жазуға бет бұрғанда қазақ әдебиетіне тың да кесек дүниелер әкелетіні айдан анық еді.
Мен оның сөз саптасына, суреткерлік алымына қызығатын едім. Сөйлемді сұлу өретін Ақселеу серке сөз (публицистика) жанрында да алдына қара салмады. Очерк, суреттемелерінің өзі көркем прозадай сөз құнарымен сүйсіндіреді. Қазақ журналистикасына серпінді де тегеурінді, алымды да айшықты жазу шеберлігімен олжа салған Ақселеудің қалам қарымында қапы жоқ. Оның қай еңбегі болмасын қыл-қыбырдан ада. Артық кетсе де кем түсіп жатқаны мүлде жоққа тән. Ол мейлінше білімдар-тын. Үйі толған кітап еді. Аз ұйықтап, көп еңбектенетін. Ақ қағазға құсы түскіш жойқын еңбектің адамы еді. Оның талант қарымы өлшеусіз кең де алымды болды. Содан да оның ғылыми шығармалары кең құлашты ауқымдылығымен бағаланып, қалың жұртшылыққа тарады. Өнікті қаламнан туындаған өрісті еңбектерінің тақырыбы саналуан. «Мен көркем шығарма жазудан саналы түрде бас тарттым», – деп мәлімдеді қалың оқырманға. Мұнысын іштей қаламадым. Көркем шығарманың көкесін танытатын тегеурінін тұсаулап, жемісі жұтаң тақырыпқа қарайлағанын қош көрмесем де, ұлтымыздың рухани қазынасының көмескі тартып, аяқ астында қалып бара жатқанын жан жүрегімен сезінген ол соныға құлаш ұрды. Сонау жетпісінші жылдарда қазақтың этнографиясы мен тарихы, күй өнері керексіз заттай тасада қалып қойғаны шындық еді. Ол бірінші кезекте күмбездерге тіл бітірді. Содан барып халқымыздың салт-дәстүріне ойысты. Тарихымызға барлау жасады. Нәтижесінде, жылдың төрт мезгіліне орайласып, қоныс жаңартқан мал тұяғына ілесіп, шүйгінді өрісті жайлаған халқымыздың төлтума мәдениеті мен өркениетін тайға таңба басқандай ғылыми тұрғыдан дәйектеп берді. Қазақтың қара өлеңін тірілтті. Күй өнерінен толымды монография жазды. Соңғы таудай еңбегі «Қазақтың ауызша тарихы» деп аталады. Тағы да ол алғаш рет бұрын зерттелмеген қазақ шежіресін ғылыми тұрғыда дәйектеп шықты. Осындай сан салалы ғылыми еңбектері оның халық алдындағы беделін зорайта түсті. Онымен қоса, қаламы қандай төгілмелі болса, ауызекі сөзде де тілмар суырылған шешен еді. Бүріп сөйлемей, біліп сөйлейтін Ақселеу отырған жерде білік-білімі тапшылар бұғып отырар еді. Былай шыға әлгі жазған көреалмастығын көңірсітіп, Ақселеудің күміс түстес реңіне көлеңке түсіруге тырысатын. Терең білімдар турашыл ғалымдығына азаматтық тұлғасының кемелдігі жарасымды үйлескен ғазиз жанның құшағы кең еді. Ол даладай кең құшағына халқым деген ұлтжанды азаматтарды сыйдыруға тырысатын. Көңілі де кең болатын, оның үйінен қонақ арылмайтын. Қашан көрсең достарының қоршауында жүретін Ақселеудің төрт құбыласы сай көрінер еді. Сол қаптаған достары Ақселеудің етек-жеңін кең тастайтын бейғамдығын, кісіге сенгіштігі мен баладай аңқаулығын өз мақсаттарына пайдаланып, оны бұрыс жолға итермелеп, беделін түсіруге тырысты. Өтірік айтуға өлуі бар қия баспайтын ақиқатшылдығын жалған достары өз мақсаттарына пайдаланып, басқаға айдап салды. Батырдай жүректі, қылыштай өткір абыздығы халық арасына аңыз боп тараған біртуар жан бір есептен өмір сүруден жалығып та кеткен шығар-ау. Жалықпағанда қайтеді, жалған дүниенің орайын бір кісідей-ақ келтіріп, серілік пен сырбаздықты, дегдарлық пен кісілікті, білімдарлық пен даналықты бір басына жинақтағандағы мақсаты – қазақ елінің кемелдігі мен кеңдігін жат жұрттарға танытып, жас ұрпақтың жүректеріне орнықтырып кету емес пе?! Сол үшін отқа да түсті. Сексен алтының дүрбелеңінде ұлтшыл деген жаламен қызметтен шеттетілді. Үйіне тінту жүргізіліп, халық арасынан жинап-терген бұйымдары мен заттары «үш әріптің» сұғанақтарына бұйырды. Желтоқсан желемігінің ызғары сүйегіне шаппаса да, санасына із қалдырып кетті. Одан бұрын да ол тепкіні аз көрген жоқ. «Күмбір-күмбір күмбездер» деп аталатын кітабының қолжазбасы «қырағылардың» назарына ілігіп қалғанын айтып, маған шағынғаны бар-тын. «Көркем прозадан айырылма. Байқап-байқап жаз, бірақ. Тарихқа жолама. Мен-ақ күйейін долыққа», – дегені бар-тын. «Күмбір-күмбір күмбездері» жарыққа күзеліп шыққан еді. Докторлығын қорғауға кедергі жасағандар өзінің бірге жүрген достары-тын. Қай қызметке тұяқ іліктірсе де соңына шам алып түсетіндер өріп жүрер еді. Тау бигін сағалаған құлжадай үнемі биікке тырмысып, құзар шыңға құлшынған Ақселеудің қайсарлығында қапы жоқ-тын. Сонда оны демейтін бойына біткен таланты мен дарыны, оған қоса жанкешті еңбекқорлығы. Бірде ол маған «мен аз ұйықтаймын» деп шағынды. – «Кітап кемірумен, қағазға шұқшиюмен таңды атырамын. Одан нан табар қызметке жүгіремін». Бір жолы оның қызмет орнына бас сұқтым. «Білім және Еңбек» журналын өгіздей өрге сүйреп жүрген кезі-тін. Қатып қалған қасаң тілмен жазылған сұрқай мақалаларды өңейтудің әлегімен отыр екен. «Неткен өлермендік мынауың?!» – деп қынжылғанымда: «Осылай кете берсек, тілдің құнарынан айырылып қаламыз, тілі жұтаң халықтың рухы жасып кетеді», – деп ұзындата сөйлеп кетті. Қашан да төбе бидей тебіреніп таусыла сөйлейтін оның алдынан інілері қанаттанып шығар еді. Ұлтым деген азаматтардың қылышын өткірлеп беретін тас қайрағы еді-ау. Жігері жасып, тауы шағылған адамды қайраққа жаныған кездікше лыпытып жіберетін кереметі бар-тын. Өз басым оған қатты сүйенетін едім. Онсыз ғұмырым тоқтап қалардай көрінетін. Оны, әсіресе, інілері пір тұтатын, замандастары да мойындады ересен талантын. Ақселеудің тегінде бар болатын көп нәрсе. Байғозы батырдың тікелей ұрпағы Сейдімбек құсбегілікпен айналысқан. Сейдімбектің әкесі Мәтімса би болған. Суырылған ақын екен және өзі. Алтайдың Аралбайына жататын Шақабай байдың ақын қызы Ақбілекпен қағысқанын қариялар бертінге дейін айтып жүрді. «Қызы едім Шақабайдың мен Ақбілек, Ауылда қонақ болды Сәтбай, Төлеп. Шалдары тарақтының етке тойып, Мазамды бек кетірді төсек тілеп», – деп суырылып бергенде, Мәтекең: «Бірі деп естуші едім білімдінің, Жыртағын сұспен тыйған жырындының. Сүннеті пайғамбардың әйел сүймек, Еркекті шыдата ма сұлулығың», – дегенде, Ақбілек: «Указы тарақтының Төрекелді, Қасына Сәтбай, Төлеп ере келді. Екі тісінің арасы ел көшкендей, Өлеңді Мәтімса шал қоя берді» дегеніне шыдамай кетіп: «Қарағым, келіспейді шал дегенің, Жастықта жантаймаға әндем едім. Әлі де аққу ілер қауқарым бар, Қырандай қажырлымын мен дегенің. Кәрісі арсыз ауылдың жасы әдепсіз, Жолымды талаптыға берген едім», – деп қызды мүдіртіп тастапты.
Осы айтыс жөнінде сұрағанымда: «Білем ғой, былайғылар «мақтангөйлікке салынды» деп жүрер, сенде сақталса болды» деген-ді. Сейдімбек әулеті ағаштан түйін түйетін шебер шетінен. Ер қосып, етік тігетін, қамшы, жүген өретін ісмерліктерін көзбен көрдік. Ақселеудің әкесі Сланның туған ағасы Аманбек (біз ол кісіні Атақа дейтінбіз) ағаш шебері әрі өрімші болатын. Ақселеу сол кісінің тәрбиесінде болды. Ақселеудің қолы тиген нәрсе құлпырып сала беретін. Салалы сұлу саусақтары бипаз ептілікпен іске сұғынған сәтіндегі бапты қимылында қапы жоқ еді. Ауылда жүргенде қамшы, жүген өріп, қойшы-қолаңға тарту етіп, кітап сатып алатын ақша табатын-ды. Кейінде сол шеберлігін Алматыда жалғастырып, домбыра оймыштап, мүйізден шақша жасады. Қамшы өрді. Өз қолынан шыққан бір домбырасын Нұрғиса ағасына сыйлады. Сұлу жонылған ұзын мойын домбыраны ұстап көргенім бар. Ал, сол еңбекқор саусақтары қаламға жармасқанда тіптен жорғалап кететін. Бәрінен де бұрын ақ қағазға қапысыз түскен жазуын айтсаңшы. Мөрдей ап-айқын әріптер өзгеше өрнекпен бірсыдырғы өріліп кете барады. Мәшіңке әрпіне, бүгінгі компьютер жазуына бергісіз қолжазбалары өзінің ақ дидарындай тап-таза қалпында сақталған. Енді сол балуан саусақтары домбыраға жұғысқанда енесінің емшегіне жармасқан марқа қозыдай пернеге ашқарақтана сұғынар еді. Дәмді дыбыстарға бусанған қоңыр домбыраны аққуша сыңсытқанда, Ақселеудің дидарында өзгеше бір нұр пайда болар еді. Жайшылықта салқынсып тұратын шегір көздерінен дым білініп, жанары жасаурай қалады. Сондай сәтіндегі толқынысына сан рет куә болғаным бар. Сырт бітімі салқын да сұсты көрінгенімен, іші мейлінше есілген жұмсақ келетін. Сағынышқа көп-көп берілер еді. Анда-санда бас қосып қалғанда баладай мұңайып, «ауылды көп сағынамын, сендерді іздеймін» дейтін еді. Рас, ол әкесіз өсті. Алайда, оның жетімсірегенін білген емеспін. Сейдімбектің Аманбегі өте ұстамды кісілікті адам болатын. Хат-шотқа жетік ол кісі ауыл кеңесінің төрағалығын атқарды. Одан қой фермасының меңгерушілігінде жүрді. Колхозға басқармалыққа да сайланды. Үйіне кісі түсетін адам тегін болмайды. Ақселеудің Атақасының үйіне ошарылатын қонақтар да тегін емес, қоңырлатып домбыра шертеді, одан ескілікті әңгімеге дес береді, жыр төгілдіреді. Сондай құтты қонақ болайын деп тұрған балаға біраз тағылымды ұқтырып кетпей ме?! Зерек баланың зердесіне жинақталған ескілікті сарындар бала Ақселеудің санасына орнығып жүрегіне ұялай берген еді. Атақа домбыраны бір сыдырғы тәуір шертетін. Елуінші жылдарда домбыра мен патефонды тек заппермелер мен басқармалардың, аракідік мұғалімдердің үйінен көретінбіз. Мен тәрізді тесік өкпе қойшының баласына домбыраны ұстап көрудің өзі арман болатын. Ақселеу болса, бала күнінен домбыраға үйір боп өсті. Рас, дәулескер күйшілер аз болатын. Олардың түбіне шолақ белсенділер жетіпті. Бірақ, соған қарамастан біздің бала кезімізде құмықтырып, домбыра шертетіндер баршылық еді. Қобызды шалатындарды да көрдік. Көкен деген ауылдасымыз қобыз тартқанда жер-дүние күңіреніп кетер еді. Ақселеу сол кісінің алдына отырды. Көкеннің қара қобызына қолы тиді. Әттең, Көкен көкеміз өмірден ертерек кетіп қалды. Соны Ақселеу арман қылатын. Сонда мен оған «бала күніңнен шерменде болыпсың-ау» дейтінмін.
Бар қазақтың уайымын арқалаған шерлі Ақселеудің шыққан топырағы да құнарлы қордалы еді. Ол енді шартты түрде айтқанда Жаңаарқа топырағы. Қазақ баласына қазақ даласының жаттығы жоқ. Оның ішінде Ақселеу сынды тұлғаны ауылдық деңгеймен өлшеу қисынға келмейді. Құнарлы топырақта тамыр жайған ағаш балғын келетіні бар. Ұяда көргені аз бүркіт балапанының тышқаншы келетіні өмірде дәлденген.
Біздің қатарымыз аштыққа ұрынып, соғысты көрмегендер. Оң-солымызды тани бастағанда заман тыншу-тын. Алайда, үлкеннің де, кішінің де көкірегі шерлі, көзі жасты, ухілеуі басым келетін. Екінің бірі жесір, екінің бірі жетім. Небір қыршындар майдан даласынан қайтпай қалған. Әке-шешелеріміз көк иық болып ауыр бейнетке жегіліп жүріп те қабақ шытпайды. Осы тіршіліктеріне ризалық сыңайда. Сөйте тұра бір-бірімен сағынысып ұшырасқанда ұзақ-ұзақ көрісіп, аңырағаны тау теңселтердей еді. Сөйтсек, ол пақырлар отыз екінің аштығында сүйектері ақсөңке боп шашылып қалған қазақты, туыс-туғандарын, отыз жетінің қырып сал қырғынында атылып кеткен боздақтарын, соғыста оққа ұшқан қыршындарын жоқтап дауыс қояды екен. Оның үстіне иық жалаңаш, қарын орта. Өкіметтің өктемдігі және ықтырады екен бейнетқор пақырларды. Көз алдымызда жүрген ағаларымыз болмашы кінәсі үшін он жылды арқалап кете баратын. Тағы да жылау мен еңіреу. Тың көтерілді, нанға тойындық. Бірақ көңіл олқы соғып жататын. Өктем қоғам білгенін істеп, ұлттық құндылықтарымызды аяқ асты етті. Дін мәнсізденді, тіл әлсіреді. Міне, осы тұста саналы азаматтар дауыс көтере бастады. Ақселеу сынды қазақшылдар қалам қайратын ұлттық салт-дәстүрді ұрпақ санасына оралтуға күш салды. Осы бір ұлтым деген аз шоғырдың оң қанатында Ақселеу бастағандар жүрді. Жай жүрмей, халқымыздың рухани қазынасын қалам қайратымен жарыққа шығарды. Тәуелсіздік таңының атуына сондай рухани бұлқыныстар да себеп болған еді. Дербес мемлекет болып етек жия бере, өмірдің қай саласында болмасын жаппай қара жарыс басталып кетті. Қара жарыста әркім өз тырақысының бағын сынады. Жүйрігін оздыра алмағандар дау шығарды. Көрінеу қиянатқа барды. Тұлпарды тұяқтан, сұңқарды қияқтан айыруға жанын салды. Соның салдарынан күншілдік пен көреалмастық дерті асқынып, аты озғандарға сойыл білегендердің қатары молықты. Батыраштар мен Қотыраштар жаптым жала, жақтым күйенің амалына көшті. Тарихты қолдан жасаушылар шықты. Шынайы өнер (ұлттық өнер) құндылығын әлсіретіп, даңғазаға айналды. Көркем өнердің қай саласы болмасын дарынсыздардың шатпағына толып кетті. Одан ақпарат тасқыны үдеп, ғаламдану төрге озды. Ғаламданудың аран аузына түсіп, жұтылып кетпесек не қылсын деген уайым әр саналы қазақты айналып өтпесі анық. Оның ішінде, ұлт жоқшысы болған біртуарларға қиын соғады. Олардың басқалардан бір уайымы артық. Сол саналы уайым қазағым деген Ақселеуді де айналып өтпеді. Ендігі беталыстың қазақ қауымына оңайға түспейтінін екібастан біліп қалған ойлы жанның жалған дүниеден жалығып кетуі – ұлт зиялыларын ойландыруы тиісті. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат бойынан түңілердің» кезегі енді келді.
Жаңаарқадан соңғы Ақадыр атырабы – оның екінші туған ауылы есепті-тін. Өзінің Жаңаарқасына асыққанда, жолай Ақадырға соқпай кетпейтін еді. Бабасы Байғозы батырға тәу етіп, одан Сәкеннің кіндік қаны тамған Қарашілікке соғып, Қызылтауды бетке алғанда арқа-басы кеңіп салған ол бозбала шақтағы аусарлығын жыр қылып, қатар өскен достарын есіне алар еді. «Қызық-ай десеңші! – деп бір қойып. – Өзіміздің Шоқайдың Үмбетжанына іргелес ауылдағы Байтас қойшының қызын айттыруға барып, масқара болғанда, атылып қала жаздағаным бар. Мына ақымақтықты қойсаңшы. Құда түсуге келгендер өңшең бозымбыз. Қайныкештің үгіттеуімен бас құда болып шіренбеймін бе. Ұзындата сөз бастаған көсемдігіме жыны келген қыз әкесі «бас құда» менен бастап, бәрімізді үйден түре айдап шығып, төбемізден асыра мылтық атқанда, біріміз қамшымызды, біріміз биялайымызды, мен құрғыр енді ғана насыбай атуды бастаған шақшамды қалтамнан түсіріп алып, тоналып қайтқанымыз бар ғой», – деп рахаттана күлер еді. Одан әрі бір құрдасына байланысты әңгімеге ойысады. «Малдың жағдайымен таң бозында бара қалсам, – деп тамсанады Ахаң. – Ерлі-зайыптылар шырт ұйқыда. Аяқ жақтарында шаранаға былғанып, бала жатыр. Келіншекті оятып, баланың жөнін сұрап едім, ішін ұстап жіберіп: «Үйбай көтек, менің балам ғой!» дегені бар емес пе?!» – деп рахаттана күлер еді.
Ақселеу табиғатынан тапқыр болатын. Жеңіл-желпі әзілінің өзінде кісіні ойға жетелейтін. Ол отырған жерде әзіл-қалжың жарастық табады. Мейлінше, айтқыш ділмарлығы отырыстың сәнін келтіріп, басқосуды ду-думанға бөлейді. Ол қатысқан кештер мағыналы да мәнділігімен есте қалатын. Әркім-ақ оның аузынан мақтау естуге құлшынар еді. Кісінің бағасын беруге келгенде тап басатын сарабдал сыншылдығына тәнті боласың. Әсіресе, өнердің өрендерін көтермелеуге бейім еді. Екінің біріне мақтау үлестіретін көңіл жықпастыққа сирек баратын-ды. Адамсүйгіш кең қолтықтығына баға жетпейтін еді-ау. Жанның бәрін жан тартатын құшағы кең сұңғыла сүлейдің, біртуар ойшылдың арамызда жоғы сағыныш тудырады. Түңіліске бастайды ет жүректі пендені. Ақселеуге опа бермеген жалған дүниеге не шара?! Ертелі-кеш бәріміз барар жақ қой. Десек те, өкпеге қисақ та өлімге қимайтын Ақселеу сынды ұлт жоқшысы біртуар тұлғаның орны ойсырап тұрады-ау. Ол өзінің өшпес рухымен, артына қалдырған мол мұрасымен Алаш жұртын рухани қолдай бермекші.
Өмір КӘРІПҰЛЫ,
жазушы.